Талдықорғанда неонаталды хирургиялық орталық ашылды

2101

Бүгін Тәуелсіздік күніне орай Талдықорғандағы облыстық көп салалы балалар ауруханасының жанына ашылған Неонаталды хирургия орталығы жұмысын бастады. Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Амандық Баталов қатысты, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Көпшілікті қуанышты оқиғамен құттықтаған Амандық Баталов мемлекет қолдауының арқасында облыста денсаулық сақтау саласын дамытуда, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруда біршама жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, неонаталдық орталықтың ашылуын соның бір айғағы деп атап өтті:

Мемлекеттің басты мерекесі Тәуелсіздік күніне орай маңызды нысанды іске қосып отырмыз. Облысқа жаңа туған сәбилерге, жалпы балаларға арнайы медициналық көмек көрсететін осындай орталық қажет болатын. Бүгін, міне, сол қуанышты күнге жетіп отырмыз. Неонаталды хирургиялық орталық қажетті заманауи құралдармен толық жабдықталған. Мұндай орталықтар еліміз бойынша санаулы ғана. Мамандар енді осы құрал-жабдықтарды балалар еміне тиімді пайдаланады деп сенеміз. Қазір біз Мемлекет басшысының тапсырмасына орай денсаулық сақтау саласын цифрландыруды қолға алдық. Бұл ретте мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тиімді тетік болып отыр. Осы саладағы көптеген жобалар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылуда. Олардың қатарында облыстың аудан, қалаларындағы дәрігерлік амбулаториялар, емханалар да бар. Медицина ғылымының жетістіктері, жаңа құрал-жабдықтарды кәсібилікпен тиімді қолдану адам өмірін сақтауға және денсаулығын нығайтуға септеседі деп ойлаймын, — деді облыс әкімі А. Баталов. Сонымен қатар келесі жылы облыстық көп салалы балалар ауруханасы күрделі жөндеуден өткізілетінін, аумағы абаттандырылатынын атап өтті.

Облыстағы медицина мамандарының атынан денсаулық сақтау саласының ардагері Әшімғали Жұмагелдин сөз алып, бұл облыс тұрғындары үшін маңызды жаңалық болғанын жеткізді.

— Денсаулық – басты байлық, ең алдымен балаларымыз ауырмаса екен дейміз. Сәби өлімін болдырмау үшін оның алдын алып, ауруды ерте кезеңінде анықтау керек. Мұндай заманауи неонаталды хирургиялық орталықтың жұмысы осындай маңызды мәселенің шешіміне зор ықпал ететініне сенімдімін, — дей келе ардагер жиналғандарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтады.

Жас маман, жаңа неонаталды хирургия орталығының реаниматолог дәрігері Әлиақпар Бекұлы құттықтау тілегінен кейін өзінің дәрігерлік тәжірибесімен бөлісті:

Менің тәжірибемде жаңа туған сәбиге күрделі операция жасау үшін Алматы, Астана қалаларына тасымалдау жағдайлары жиі кездесетін, бұл, әрине, үлкен қауіп болатын. Ондай кезде әрбір сағат емес, тіпті минуттың өзі қымбатқа түседі. Сондықтан мұндай орталықтың Талдықорғанда ашылуы – шынында да біз үшін үлкен оқиға. Біз, дәрігерлер, өз тарапымыздан сәбилердің денсаулығы мен өмірін сақтауға және нығайтуға бар күш-жігерімізді жұмсаймыз, — деді.

Ғимараттың лентасы қиылған соң облыс әкімі А. Баталов бастаған азаматтар неонаталды хирургия орталығының ішін аралап көрді. Таңу, отадан кейінгі және реанимациялық бөлмелерде болды. Қазіргі кезде орталықта 5 бала ем алып жатыр.

Атап өтсек, неонаталды хирургиялық орталық 60 төсекке шақталған, 20 палатасы бар. Реанимациялық бөлімде 9 төсек қойылған. Орталық жаңа озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Атап айтқанда, лапароскопиялық баған, бейнеколоноскоп, фиброгастроскоп, бронхоскоп, наркоздық аппараттар, ИВЛ, жаңа туған нәрестеге арналған «Жираф» реанимациялық үстелі, фототерапия аппараттары, кювездер, реанимациялық төсектер бар.

Өткен жылдың мамыр айынан «Алматы – Constuction БМ» ЖШС Орталыққа арналған қосалқы ғимараттың құрылысын бастап, биылғы жылдың тамыз айында аяқтаған болатын. Жобаның құны — 896,2 млн. теңге. Жаңа неонаталды орталықтың міндеті – жаңа туған сәбилерге және балаларға көрсетілетін медициналық көмекті жетілдіру.

Жалпы Алматы облысында медицина мамандарының біліктілігін арттыруға, оларды қайта даярлауға көп көңіл бөлінеді. Бұл мақсатқа 2018 жылы жергілікті бюджеттен 201,5 млн. теңге бөлінген. Соның нәтижесінде өңірдің медицина қызметкерлері шетелдің озық клиникаларында тәжірибе алмасуға, белгілі клиникалардың жоғары білікті мамандарынан дәріс тыңдауға мүмкіндік алды. Мәселен, 2018 жылы 344 маман Литва, Польша, Оңтүстік Корея, Түркия кадрларынан дәріс алды. Сол сияқты Израиль, Оңтүстік Корея, Түркия елдерінде қабылдау бөлімінің жұмысын жетілдіру, лапароскопиялық техникамен жұмыс істеу, триаж жүйесі бойынша медициналық сұрыптауға қатысты тағылымдадан өтті. Елбасының Жолдауда қойған міндеттерін орындау мақсатында 50 медицина маманы Литваға акушерлік пен неонатологияда күрделі жағдайда босандыру бойынша оқуға жіберіледі.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *