Фрилансерлер үшін зейнетақы жарналарын төлеудің жаңа тәртібі енгізілді

480

Қолдарында еңбек шарты бар қосымша жұмыс істеуші фрилансерлер міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады, деп жазады total.kz.

Міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін  жеңілдету үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына 2018 жылғы 27 желтоқсанда  қол қойылды.

Міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден дербес еңбек шарты және азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттармен жұмыс жасайтын азаматтар босатылады. Олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер және жеке тәжірибемен шұғылданатын тұлғалар төлейтін болады. Олар сондай-ақ дербес табыс салығын да аударады.

Егер азаматтық-құқықтық шарт жеке тұлғалар арасында жасалса, олар міндетті зейнетақы жарналарын өз пайдасына бөле алады.

2019 жылдың бірінші тоқсанында үкімет қаулысымен фрилансерлердің міндетті зейнетақы жарналарын төлеу тәртібін белгілеу ережелеріне өзгерістер енгізіледі. Бұл санатқа жатқызылатын азаматтар үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеудің тәртібі 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жүзеге асырыла бастады.

Еске салсақ, бұған дейін 2018 жылғы 2 шілдедегі әлеуметтік қамсыздандыру туралы заңға түзетулер «Қазақстан республикасындағы зейнетақымен қамту туралы» Заңына енгізілген болатын. Осылайша 2018 жылғы 14 шілдеден бастап азаматтық-құқықтық шарт негізінде еңбек ететін жеке тұлғалар зейнетақы қорына тапқан табысының 10 пайызын төлеуге міндеттелген болған.

Зейнетақы жарналары әр айдың 25-жұлдызынан кешіктірілмей банк арқылы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясына аударылған. Бұдан кейін міндетті зейнетақы жарналары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (БЖЗҚ) акционерлік қоғамының шотына түсіп отырған. Алайда 2018 жылғы  қыркүйек айының аяғына дейін екінші деңгейлі банктер мұндай төлемдерді қабылдауға дайын болмаған. Бұл өз кезегінде фрилансерлердің наразылығын тудырған.

Көптеген өтініштерден кейін міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жүйесі қайта қаралып, реттелді. Нәтижесінде, үш айдан кейін фрилансерлер үшін міндетті зейнетақы жарналарын төлеудің жаңа тәртібі енгізілді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *