Бигелді ҒАБДУЛЛИН, Қазақ ПЕН клубының президенті: Әдебиет тендермен аударылмайды…

484

– Бигелді Қайырдосұлы, өткен жылдың соңында ПЕН клубтың есеп беру және сайлау жиыны өтті, сөзіңізді осыдан бастасаңыз. Онда қандай мәселелер қамтылды?
– Жаңа жыл қарсаңында Алматыда халықаралық Қазақ ПЕН клубының кезекті есеп беру жиналысы өтті. Мен Қазақ ПЕН клубының басшысы ретінде 2018 жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, соңғы бес жылдың қаржылық есебіне тоқталдым. Баяндамада атқарылған істердің барлығы халықаралық ПЕН клубтың бағыттары мен Жарғы ережелері негізінде іске асқаны сөз болды.
Халықаралық қазақ ПЕН клубының өз ұстанымдары бар. Оның бірі – қазақ әдебиетін шетелге насихаттау болса, екіншісі – жазушылар мен журналистердің құқығын қорғау. Осы тұрғыда атқарылған жұмыстардың бірнешеуіне тоқталып, басылым оқырмандарын хабардар ете кеткенді жөн санап отырмын.
Былтыр ПЕН клуб шетелде қазақстан­дық авторлардың бірнеше кітабын шығарды. Мәселен, қазақтың даңқты жазушылары Сәкен Жүнісовтің «Аманай мен Заманай» повесі, Оралхан Бөкейдің шығармалары ағылшын тіліне аударылып, Тұманды Альбионда жарық көрді. Қазақстанның Англиядағы Елшілігінде елші Ерлан Ыдырысовтың қатысуымен таныстырылымы өтті. Оған ағылшын жазушылары мен журналистері қатысты. Таныс­тырылым рәсімі Астана мен Көкшетауда жалғасты. Салтанатты іс-шараға Англиядан белгілі аудармашылар Саймон Холингсворд пен Саймон Гейган арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Баспадан шыққан туындыларды оқыр­манға жеткізудің жолдарын қарастырып, үнемі ізденіс үстінде жұмыс істейтінімізді баса айтқым келеді. Соның айғағы ретінде айтарым, жоғарыда аталған екі кітап та сыйлық ретінде ұсыну үшін әрқайсысы 250 данадан қатты мұқабамен және тұсаукесер үшін жұқа мұқабамен басып шығарылды. Ағылшын елінің ірі кітапханаларына, белгілі университеттер мен орталық баспа үйлеріне таратылды. Интернет желісіне орна­ластырылды. Енді оқырман бұл еңбектерді «Амазон», «Варнес», «Нобель» ар­қылы әлемнің әр түкпірінен тапсырыс беріп, сатып алуға болады.
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің бастамасымен тамыз айында белгілі майдангер жазушы, академик, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин­нің 11 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Қазақ әдебиетін әлемге ­насихаттауда ПЕН клуб мүшелері жемісті еңбек ­етуде. Швейцарияның Биль қаласында халықаралық ПЕН клубтың Аударма және лин­гвистикалық құқық жөніндегі комитеті конференция ұйымдастырып, оған қазақ­стандық ПЕН клубтың мүшелері В.Карцев пен Ү.Тәжікен қатысты. ПЕН клубтың мүшесі, белгілі публицист, сыншы Амангелді Кеңшіліктің мерейтойына орай Астана қаласында өткен іс-шараға қоғамдық ұйымның басшысы ретінде арнайы қатысып, қаламгердің шығармашылығы жөнінде ой өрбіттік. Алматыда Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Фархат Тамендаровтың «Гончие псы» кітабының таныстырылымы жоғары деңгейде өтіп, оған ресейлік жазушылар шақырылды.
Мамыр-қыркүйек айында жазушылар­дың І халықаралық форумына дайындық жұмыстары белсенді жүргізілді. Жоғары дәрежелі дайындықтың арқасында форум жоғары деңгейде өтті. 17 елден келген жазушылардың пікіріне сүйенсек, форум шетелдіктердің қызығушылығын туғызды. Олар қатысушыларға жоғары баға берді. Белгілі режиссер Сергей Әзімовтің шығармашылық тобы конференция туралы фильм дайындап, ол есеп беру жиынында қатысушыларға көрсетілді.
Былтыр ПЕН клуб Жасарал ­Қуа­нышалин, Қуандық Түменбай, Дидар Амантай сынды мүшелерге материалдық көмек көрсетті. Соңғы бес жылда қатарымыз Ұлықбек Есдәулет, Нұртөре Жүсіп, Сафар Абдулло, Михаил Земсков, Әсел Омар, Мақпал Жұмабай, Юрий Серебрянскийлермен толықты. Осы жылдар аралығында Қазақ Пен клубының мүшелері Исландия, Англия, Үндістан, Оңтүстік Африка, АҚШ, Канада, Швейцария, Қырғызстан, Испания­да өткен көптеген халықаралық форумдар мен конференцияларға қатысты.
Жиынды қорытындылай келе, Қазақ ПЕН клубы жыл сайынғы марапатын ұсынды. Белгілі қаламгерлер ­Аслан ­Жақ­сылықов пен Қуаныш Жиенбай ақшалай сыйлық пен төсбелгіге ие болды. Қазақ ПЕН клубының медалі – жас жазушы Юрий Серебрянскийге берілді.
Қорыта айтқанда, жиынға қатысушылар халықаралық қазақ ПЕН клубының атқарушы комитетінің бастамасымен осы қоғамдық ұйымның Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажеттігін қолдап, жұмыла жұмысқа кіріскен жайымыз бар.
– Осы жиында халықаралық Қазақ ПЕН клубының президенті сайланғаны белгілі…
– Бұл жай ғана есеп беру жиыны емес, сонымен қатар халықаралық қазақ ПЕН клубының президенті сайланды. Ашық дауыс беру нәтижесінде жиынға қатысушылар бірауыздан келесі бес жылға президент етіп мені сайлады. Атқару комитетінің жаңа мүшелері – Қазақ ПЕН клубының дирекция­сы сайланды. Бұған дейін қазақ ПЕН клубы президентінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Нұртөре Жүсіптің орнына Әлібек Асқаров болса, Н.Жүсіп ПЕН клубтың Астанадағы филиалына басшы болды.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз. Қандай жұмыстар атқарылмақ?
– Былтыр жазушылардың І халықаралық форумын өткіздік. Енді бұл форумды жылда өткізуді жоспарлап отырмыз. Биыл күзде ІІ халықаралық форум өтеді. Оған 17 елден емес, 20-30, бәлкім 50 елден жазушы, публицист пен аудармашылар қатысады.
Алда тұрған мақсат – классик жазушы­ларымыздың еңбектерін ағылшын тіліне сапалы аудару. Қазір «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында істеліп жатқан дүниелер сапалы емес. Өйткені тендер жариялайды да, кім төмен баға қояды соған береді. Ол қалай аударып жатыр, кім аударып жатыр, ешкімді толғандырмайды. Бұдан кейін қандай сапалы дүние күтесіз… Ал біздің аудармашылар – Англияда тұратын белгілі жазушылар. Күзде болатын форумда дүниежүзінің аудармашыларын жинап, елдегі қаламгерлермен таныстырғымыз келеді.
Бізде талантты жастар көп. Жастарға көңіл бөліп, олардың шығармаларымен елді таныстырып, кітаптарын шығарған жөн. ПЕН клуб – қоғамдық ұйым, сондықтан бұл жұмыстардың барлығын демеуші тауып, өзіміз жасауға тура келеді. Қай дүниенің болсын сапалы шыққанын қалаймыз.
Екінші мәселе – жазушылардың, журналистердің құқығын қорғауды қолға алуымыз керек, бұл да маңызды іс.
– Күзде форум өтетінін, аудармашылардың басы қосылатынын атап өттіңіз. Қазақтың классикалық туындыларын бірден ағылшын тіліне аударатын, оқырманның жүрегіне жеткізе алатын аудармашылар бар ма? Жалпы, ПЕН клубтың атақты жазушыларымыздың еңбегін ағылшын тіліне аударудағы жұмысы қалай жүргізіледі?
– Қазақ әдебиетінің жауһарларын түпнұсқадан бірден ағылшын тіліне аударатын аудармашы бізде әлі күнге дейін жоқ. Ағылшын тілін жетік меңгерген немесе шетелде тұратын ұл-қыздарымыз бар. Өкінішке қарай, олар көркем тілмен аударып, ойын жеткізе алмайды. Ол үшін тілге бай, жазушы болуы керек.
Бір мысал. Олжас Сүлейменовтің кітабын Англияда аударып, Америкаға жібердік. Олар кітаптың жақсы аударылғанын айтып, өмірбаянын толықтыруды ұсынды. Америкада тұратын бір мықты жазушы, орыс ұлтының өкілі «мен жазып, аудара қояйын» деген соң, келісіп, сол шаруаны атқарып шықты. Ендігі қызықты қараңыз, кітапты шығарып Англияға әкелсек, Англияның аудармашылары аударманы өте жақсы бағалап, бірақ өмірбаянын ағылшындық маман аудармағанын бірден байқады. Көрдіңіз бе, 30 жыл Америкада тұратын жазушының да аудармасына олардың көңілі толмады.
Шығарманы – сол тілдегі кәсіби маман аударуы тиіс. Мәселен, біз Сәкен Жүнісов­тың шығармасын Қазақстанда аударып, оны Англияның Ұлттық кітапханасына жіберсек, олар алмайды. Себебі Англияда шығатын кітаптарды ағылшындардың өздері аударғаны тиімді.
Ағылшын тілі – өте күрделі тіл. Сондықтан қазақ тілінен бірден ағылшын тіліне аударатын маманның жоқтығын жоғарыда айттық. Біз кітаптарды аударғанда, ең алдымен оның тарихи, психологиялық және т.б. ұсақ-түйегіне дейін жеке-жеке түсініктеме беріп, сосын орысшаға аудартып, орысшадан ағылшын тіліне аударамыз.
Алдағы уақытта Жазушылар одағымен бірлесіп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істесек деген ой бар. Жазушылар одағы басқар­масының төрағасы Ұлықбек Есдәулет­пен кездесіп, ақпан айында Меморандумға қол қойсақ деген ниет бар.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен 
Бағдагүл Балаубаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *