Ресейлік мотошабандоздар жеңіс тұғырынан көрінді

427

Бүгін Халықаралық мотоцикл федерациясының (FIM) қолдауымен «Медеу» мұз айдынында екі күнге созылатын жеке әлем Чемпионаты финалының алғашқы жарыстары өтті.  Додада Австрия, Швеция, Ресей, Германия және Қазақстан — жалпы саны әлемнің бес елінен 18 «мұз гладиаторы» бақ сынауда.

 Доданың бірінші күнінде 20 іріктеу жарысы, екі жартылай финал және бір финал өтті. Әрбір айналымда төрт шабандоз күш сынасты және иеленген орындары бойынша ұпайларды бөлісті. Бірінші болып келген шабандоз үш ұпай, екінші — екі ұпай, үшінші — бір ұпай алды. Ең көп ұпай жинаған райдерлер жартылай финалдық және финалдық кездесулердің топтарын құрады.

Әр ұпай үшін жанталаса күресіп, фавориттермен тайталасқан швед райдері Мартин Хаарахилтунен алғашқы күн сенсациясының авторы атанды. Нәтижесінде өршіл швед  қажетті ұпай санын жинап, ақтық жарысқа жолдама алды. Ресейлік райдерлердің басты бәсекелестерінің бірі саналған австриялық Франц Цорн бұл кезеңде сәтсіз өнер көрсетті. Бірінші айналымда соқтығысқаннан кейін, ол жоғары жылдамдыққа шыға алмай, жартылай финалға өтпеді.

Қазақстандық райдерлер Владимир Чеблоков, Сергей Серов және Андрей Шишегов жарыс қорытындысы бойынша жоғары нәтиже көрсете алмады және сәйкесінше жартылай финалда өнер көрсету мүмкіндігінен айырылды.

20 жарыс айналымының қорытындысы бойынша көп жеңіске қол жеткізген ресейлік шабандоз Даниил Иванов 19 ұпаймен көш бастады. Екінші және үшінші орындарды ресейлік Динар Валеев пен Дмитрий Хомицевич иеленді, мотошабандоздардың қоржынында 17 ұпайдан.

Нәтижесінде финалда осы үш ресейлік шабандоз және швед Хаарахилтунен кездесті. Швед шешуші жарыста соңғы болып ақтық мәреге келсе, ресейлік Башқұртстан өкілі, жас шабандоз Динар Валеев тәжірибелі Иванов пен Хомицевичті басып озып, жеңіс тұғырынан табылды. Айта кету керек, Динар Валеев ресейлік команда құрамында осы «Медеу» мұз айдынында 2017 жылы алғаш рет додаға қатысты.

Суреттерді түсірген: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *