«Музейге сый – ұрпаққа аманат» көрмесі өтті

301

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік музейінде Президент Н.Ә. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы шеңберінде 2019 жылдың 31 қаңтары күні сағат 15.00 «Музейге сый – ұрпаққа аманат» жаңа түсімдерінің көрмесі өтті. Көрмеге музейдің қор коллекциясына 2017-2018 жж. кезеңі аралығында сыйға тартылған музейлік маңызы бар заттар қойылды.

Көрмені ҚР ОММ директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Ғалия Теміртон ашты. Ол қор коллекциясын толықтыру музей қызметі тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі екендігін атап өтті. Бүгінгі таңда музейдің қор коллекциясы негізінен жеке және заңды тұлғалардың тартулары, музей қызметкерлерінің жинау жұмыстары есебінен, сонымен қатар музейлік маңызы бар заттарды жинау бойынша археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастыру арқылы толықтырылуда.

Белгілі тұлғалардың ұрпақтарымен, түрлі мекемелермен байланыс орнату, сый-тартулар акцияларын өткізу арқылы, сондай-ақ «ізін суытпай жинау» тәсілімен жұмыс жүргізілуде. Мәселен, музей 2017-2018 жылдары «Отбасы күніне» орай өткізілген «Отбасымен музейге» атты мәдени-білім беру шарасы аясында «Отбасылық жәдігерді музейге сыйла!» атты арнайы акция ұйымдастырып, музей қорына музейлік құндылығы бар заттар мен құжаттар, фото-бейнематериалдар қабылданды. Қабылданған мәдени құндылықтар ішінде әдебиет зерттеушісі, сыншы-ғалым, Қазақстан Республикасы ҒА академигі Мұхамеджан Қаратаевтың ұрпақтарының, өнер қайраткері, белгілі театр педагогы Галина Рутковскаяның, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтан Жиенбаевтың, жазушы, м.ғ.д., профессор Совет-Хан Ғаббасовтың, сондай-ақ, «Марапаттар мен атақтар бойынша Алматы қаласындағы қазақ қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Асылхан Жанабаевтың сый-тартулары бар. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, К. Байсейітова және А. Жұбанов атындағы музыка мектептеінің алғашқы директорларының және ұйымдастырушыларының бірі, оркестрлік факультеттің деканы Өзбеков Түркістан Мақсұтұлының зайыбы Райхан Бағдатқызы музейге алғысын білдіріп, жыл сайын өткізіліп тұратын сый-тарту акциясына қолдау білдірді. Барлық тарту жасаушылар қала тұрғындары мен қонақтарына, сонымен қатар музей қызметкерлеріне ризашылықтарын айтты. Көрменің ашылуына Алматы қ. №59 мектеп-гимназиясының оқушылары Асым Балауса, Өмірзақов Жандос, «Ақ желең» домбырашылар ансамблі мен «Самға» квартетінің ұжымдары қатысқан.

Жастар жылы деп жарияланған 2019 жылы отандық музейлер ҚР Мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасында айтылғандай, «аға ұрпақтың өнегелі істер эстафетасын жалғастыруға», халықтың басты жетістіктері болып табылатын музейлік маңызы бар заттарды (раритеттер мен отбасылық жәдігерлерді) сыйлау актілеріне белсене қатысуға шақырды. Осындай шаралар қазақстандықтардың жүректерінде Отанымызға деген мақтаныш сезімін қалыптастыратыны сөзсіз. Бұл этнографиялық сипаттағы заттар, ғылым, мәдениет, өнер мен спорт қайраткерлерінің жеке заттары, жазба, қолжазба, бейне және фотоматериалдар, ғылыми еңбектер, нумизматикалық коллекция, бейнелеу өнерінің туындылары және т.б. заттар болуы мүмкін. Барлық заттар тарту актісі бойынша тегін қабылданып, кейін мемлекеттік нөмір беріледі.

Қор коллекциясын толықтыру үшін музейге заттарын тапсырған жандардың қайырымдылығы мен кең пейілділігі зор құрметке лайық. Музей мұндай тарту жасаушыларды жоғары бағалайды және еліміздің мәдени мұрасын сақтауға қосқан жеке үлестері үшін шын жүректен ризашылығын білдіреді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *