Серік АҚШОЛАҚОВ, Қазақстанның Еңбек Ері, нейрохирург-дәрігер: БІЗ – ҚҰДАЙ ЕМЕСПІЗ…

545

Ұлтым дейтін адал ұлды, жұртым дейтін құлақкесті «құлды» өмірге әкелген алтын құрсақ ана мен «Адасқанға басшы бол, Жақсылыққа қосшы бол, Жамандыққа ащы бол, Адалдыққа серік бол» (Х.Досмұхамедұлы) деген аталы сөзге ұйыған әкенің абыройы қашанда биік болады. Өнегесі қалыптасқан отбасынан шыққан ұлан оспадар емес, ойы орамды ұлт жақсысына айналады. Оны қазақ текпен байланыстырады. Тек сөзінің табиғатын тереңнен қозғайды. Тегі оңған әдептен озбайды. 
Бұл қазақ медицинасының бүгінгі қабырғалы қайраткері, айтулы дәрігер-нейрохирург, әлемдік медицинада өзіндік қолтаңбасы бар көрнекті ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық нейрохирургия орталығы АҚ» басқарма төрағасы Серік Ақшолақовпен сұхбаттасқанда тоқтаған байлам еді.

– Серік Қуандықұлы, ең алдымен осынау қым-қуыт шақта арнайы уақыт бөлгеніңізге рақмет! Әрине, бүгінде сіз әлемдік медици­наның көрнекті өкілі, қазақ елі үшін аңыз адамсыз. Ал осыншама жетістікке жету жолында қаншама талайлы тағдыр кешкеніңіз өзіңізге ғана мәлім ғой, солай емес пе?
– «Аңыз адам» дегеніңізге қысылып отырмын. Ешкім аспаннан салбырап түспейді, бәрі еңбектің жемісі ғой. Қаратабан ойын баласы болып ауылда өстік. Қазақта жеті атадан кейінгі халықтық қалып: ата-әже, әке-шешеден бала бойына дариды. Мен ертеңімді алдын ала жоспарладым деп айта алмаймын. Бар мақсат – мектепті жақсы оқып, бітіру болды, бұл біздің ғана емес, ата-анамыздың да арманы еді. Алматыда, Мәскеуде оқимыз дей қоймадық. Ата-ананың аузына қарадық. Ол кісілер алысқа ұзамаса екен деді. Айтқаны талқылауға жатпайтын, тек орындалатын. Ол кезде ұстаздың беделі биік еді… Ата-ананың қатарынан табылатын. Сөйтіп, үлкендердің айтқаны болды. Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына түсуге бет алдым. Атам сұрапыл соғыс жүріп жатқанда, 1943 жылы өмірден озыпты. Әкем сол соғысқа бастан-аяқ қатысқан майдангер, біздің өңірден шыққан жалғыз әскери ұшқыш болатын. Соғыстан кейін басшылық қызметтер атқарды. Ата-анамның тілегі қабыл болып, жоғары оқу орнына түстім. Нағашы атам қасымызда болатын. Ол кісінің емшілік, балгерлік, тамыр ұстайтын, сынық салатын қасиеті бар еді. Ауыл жұрты: «Дәуір дәрігері болып, нағашы атаңның жолын жалға» дейтін. Сол кезде-ақ мықты болуды көздедім деп артық сөйлеп қайтемін. Бірден биікке секірем демей, біртіндеп ілгері жылжысаң, мұрат биігіне шығатының анық.
– Ол кездегі ауыл баласына қаладағы орысша оқу оңай соқпаған шығар?
– Әрине! Тілден қиналдық. Бірақ намыс-жігер, елдегі үлкендердің сенімі алға сүйрейді. Бірінші, екінші курста кейіндеу жүресің. Үшінші, төртінші курста орта тұсқа жетесің. Одан кейін алдыңғы шепке шығасың. Сөйтіп, жоғары оқу орнын үздік бітіріп шығуға қол жеткізесің. Ол – қазақтың бар жасына тән демесек те, көбіне тән қасиет. Дегенмен, сол кездегі қазақтілді ұрпақтың бойында оқуға деген ынта зор болатын. Ата-ана да баласының білімге құштарлығын ерекше қолдап отыратын. Кеткен есемді ұл-қызым қайтарсын дей ме екен? Бұл мінез біздің ұлтымызда әлі де бар. Жетік білім сананы сілкіндірмей қоймайды. Мектептегі мұғалімге деген құрмет жоғары оқу орнында да жалғасты. Иә, жақсы маман болудың негізі ата-ана тәрбиесінде деп білемін. Тамырың мықты болмаса, дауылды қойып, желге шыдамайсың.
– Сынықшы нағашы атаңыздың жолын жалғаған травматолог мамандығын нейрохирург мамандығына қалай айырбастадыңыз?
– Институтты бітірген соң, Ақтөбедегі жедел жәрдем ауруханасына қызметке тұрдым. Ол мекемені кейде «Менің Байқоңырым!» деймін. Әр азаматтың алғаш қанат қаққан қызмет орны, ортасы болады. Сол жедел жәрдем ауруханасы алдағы өмір жолыма бағыт сілтеді. Ол кезде елдік ұғым бойынша кіндік қаның тамған ауылға бетбұрыс басым болатын. Жоғары білім алған жастар ауылына, ата-анасының жанына баруға дайын тұратын. Сол жерден өмір көріп, қызметі өсіп жататын. Менің де әжем марқұм: «Елге кел, бізді бағасың» деді. Бір бауырының баласы Шалқарда бас дәрігер еді, соған «Серікті қызметке аласың» деп тапсырып қойыпты. Көз алдымда жүрсін деген шығар. Бірақ институттағы ұстаздарым қалада қалуымды қалады. Көпті көрген ата-анам да олардың сөзіне ұйыды. «Тәубе, өз тірлігіміз өзімізде, сен оқуыңды, жұмысыңды біл» деді. Ал курстастарымның дені елге кеткен еді.
Ақтөбе облыстық ауруханасына Мәскеудегі Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының директоры, әлемге аты мәшһүр академик Александр Коновалов бастаған дәрігер-ғалымдар келді. Біз аттарын жартылай естіген есімдер. Солармен бір аптадай бірге жүрдім. Академик бастаған ғалым-дәрігерлер біздің үйде қонақта болды. Шыны керек, Коноваловтың ғылымдағы орнынан ол уақытта көп хабардар емес едім. Қолбала ретінде жүгіріп жүрдім. Көңілі түскен адамға мейірімі мол екен. Бір күні: «Серік, сен нейрохирургия саласында оқуың керек» деді. Мен ол кісіге: «Мәскеуге барсам, мені травматология институтының директорымен таныстырсаңыз» деймін. Ондағы ойым нағашы атамның үмітін үкілеу. Академик жүзін жылытып: «Ойлан, травматологияны қойып, нейрохирургияны көр, Мәскеуге менің өзіме тікелей кел» деді. Сөйтіп, оншақты күннің ішінде қайырымды академик өзіне баурап алды.
Араға аз уақыт салып Мәскеуге барғанымда ол орнынан ұшып тұрып, жылы қарсы алды. Институтпен таныстырды. Ғалымдармен жүздестірді. Біраз уақыт сонда жүріп, ота жасауға қатыстым. Нейрохирургия қиын сала екен. Табаныңды нық тіремесең болатын емес. Екі ай сонда жүрдім. Анда-санда академикті көріп қаламын. Бағыт-бағдар айтады. «Үйрен, үйренген ұтылмайды» дейді. Ақтөбеге қайтадан оралдым. Жаңадан нейрохирургия бөлімшесі ашыла бастаған еді. Ақыры осы салаға ден қойдым.
Кемерово облысының Новокузнецк қаласындағы нейрохирургия кафедрасында нейрохирургтардың білімін жетілдіретін бес айлық курсқа барғанмын. Бір күні, Құдай оңдап сол жерге академик ­Александр Коновалов келді. Келердің алдында жергілікті мамандар әзірлік жасады. Ол кісі табалдырықты аттағанда тік тұрып қарсы алдық. Шетінен сәлемдесіп келе жатты да маған көзі түскенде: «Серік, мұнда не істеп жүрсің?» деді. «Оқуға келдім, Александр Николаевич!». «Неге Мәскеуге келмейсің?», «Барамын» дедім. Төңірегімдегілердің көзқарасы сол сәттен бастап маған бірден өзгеріп сала берді.
– Атақты ғалымның ықыласы сізге қалай түсіп жүр?
– Осыны алғашында өзім де түсіне қоймадым. Жауабын академик айтқанда ғана барып, иландым. «Қазақ азаматтары талантты, талапты, алғыр болады. Бұл қасиет сенде де бар. Тіпті ерекше секілді. Осы бағытыңнан танба, жігеріңді жаны. Жігерді жаныған сайын талабың жарқырай береді» деп күлімсіреді. Бұл сөздер мені қанаттандырды. Жалпы мен ұстаздан жолым болған адаммын. Ақтөбеде оқып жүргенімде Э.Шайро, Ю.Бирючков деген профессорлардың да септігі көп тиді. Ю.Бирчюков медицина институтының проректоры еді. Бір жолы профессор «Нейрохирургия бойынша Мәскеуде оқу үшін бір аспирантқа орын бөліпті, ­Коноваловты танисың, сен баруың керек, үш емтихан тапсырсаң, сен одан өтесің» деді ол. Айтқаны келді, жолдаманы алып, Мәскеуге тартып кеттім.
– Мәскеудің Н.Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институты ғой?
– Иә! Бірден Александр ­Николаевичке бардым. Жадырап қарсы алды. Аспирантураға келгенімді айтып, жолдамамды көрсеттім. Түрі сұстылау, қаралау кісі еді. Сүзіле көз салды. «Серік, менің аспирантым болып, қазір бұл жерде оқығаныңды қалай қоймаймын» деді. «Не жазып қалдым?» деймін іштей. «Сенің аспирантураға түсуіңді қолдамаймын» деді тағы. «Оған дәл бұл жолы түсіп керегі жоқ. Сен оған дайын емессің. Ал, түстің дейік. Үш жылдан соң медицина ғылымының кандидаты болып шықтың. Саған кандидаттық атақ керек пе, әлде нейрохирург мамандығын бес саусағыңдай білетін маман болу мақсат па?» деді. Менде үн жоқ. Іштей «Енді не істесем екен?» деймін. «Саған қазір атақтың керегі жоқ. Атақ бірте-бірте келеді. Жетік маман болуға тиіссің. Сонда ғана кандидаттан да жоғары дәрежелі атақтар өзінен-өзі келеді. Менің айтқаныма көнсең, аспирантураға өтініш бермей-ақ қой, басқалар оқысын. Сен клиникалық ординатураға түс, тәжірибе жинақтайсың. Содан кейін аспирантураға барасың. Өзім көмек беремін» деді. Сәл отырдым да: «Александр Николаевич, ординатураға қалай түсуге болады?» дедім.
Ол кезде аспирантураға жолдама алу – маңдайыңа жарқырап жұлдыз біткенмен бірдей еді. Сол жұлдызды сөндірдік… Ғылыми хатшыны шақырып, Коновалов өзі қатаң тапсырды. Сөйтіп, екі жылдық клиникалық ординатураға түстім. Бұл жердегі көргенім, білгенім бұған дейінгі оқығаныма астар болмай қалды. Жатқан бір әлем екен. Жасалып жатқан оталардан түйгенім баршылық. Бір профессордан кейін екінші профессордың қолына өтесің. Әрқайсысы өзінің тәжірибесін үйретіп, тәлімін береді. Осылай зыр жүгіріп жүргенде, екі жыл өте шықты. Төңірегімді түгендеп, кім қалай екен дегенді ойластырамын. Профессор Сергей Федоров отаны көп жасайды. Айналасындағылар кілең мамандар. Өздері онша көп те емес, санаулы. Аспиранттары да аздау. Тек таңдаулыларды ғана алады екен. Аспирантураны сол Федоровтың жетекшілігінде оқысам деген ниетімді ол кісіге бір жолыққанда айтып едім, «Сен Коноваловтың шәкіртісің ғой. Оның келісімінсіз алуға құқым жоқ» деді. Коноваловқа сол ойымды жеткізгенде қарсылық танытпады. «Тәжірибеден өттің, енді ғылыми жұмыспен айналысуыңа болады. Жүрегің Сергей Николаевичті қалап тұрса, бар!» деп бағыттады.
Кемел адамдар бірін-бірі бағалай да, сыйлай да алады екен. Сонымен, бір жақсыдан екінші жақсының қамқорлығына өттім. Коновалов та жан-жылуын аяған жоқ. Сөзінде тұрып, аспирантураға түсірді. Федоровтың қолынан мықтап ұстатты. Енді тәжірибеде көргенімді ғылымда дәйектеп, кандидаттық диссертациямды екі жылда бітіріп, жетекшіме көрсеткенімде: «Тағы бір жыл ізден, ота бөлмесінен табылып, кеселді біліп қана қоймай, емдеу жолымен қатар, алдын алуды да ойластыра біл» деді. Мақтанды демеңіз, жасаған оталарым сан жағынан да, сапалық тұрғыдан да жоғары болды. Сол кездегі санавиация арқылы Одақтың көп жерінде болып, небір ауыр оталар жасауға қатыстым.


– Ғылыми атағыңызды сәтті қорғаған соң Алматыға оралдыңыз ба?
– Уақытша. Айтайын, 1986 жылы елге келдім. Келгеннен кейін алған тәжірибемді ғылымда тиянақтау мақсатында кафед­рада жұмыс істегім келген. Бірақ ол ойым орындала қоймады. Дәрігерлікке бармадым. Содан А.Коноваловқа хабарласып, Мәскеуге қайта кеттім. Ондағы әр жылым он жылға татыды деуге болады. Коновалов бір күні өзіне шақырып алып «Докторлық диссертацияға бір тақырып бар. Соны талдап көрші» деді. Оны ­Сергей Федоров та мақұл көрді. Ата-анамнан кейінгі демеушілерім саналатын ­Александр Николаевич пен ­Сергей ­Николаевич екенін айтуға тиіспін. Атақты физик Ландауға ота жасаған Сергей ­Федоров ол кезде сырқаттанып жатқан. Өкпесіне ота жасатқан еді. Сол үлкен ғалым институттың бас неврологы, профессор Леонид Лихтерман екеумізді үйіне шақырып, профессорға: «Сен мына Серікке қарас, далаға тастама. Бұның болашағы бар» деді де, одан соң: «Сен енді қайтадан Коноваловтың шәкірті болуың керек» деп сәттілік тіледі. Леонид ­Борисович ұлы ұстазымның сол өтінішін әлі күнге дейін еске алып отырады.
Тілі бөлек болса да тілегін аямаған алыптардың жетекшілігімен ғылым докторы атандым. Бұл арада олар туралы әңгімені неге созып отыр деген сұрақ туындай қалса, берер жауабым: ғылым әлеміне өзіндік үлес қосқан ардақтылардың кеудесі кең, жүрегі жомарт, ары, жаны таза болатынын еске салу еді. Олар жасаған тәжірибені, ашқан жаңалықты шеңбердің ішінде ұстап тұра алмайтындығымызды, ол адамзаттың игілігіне айналатынын, ғұламалар мен дара дарындарда шекара жоқтығын ойлы жандарға жеткізе отырып, талантымен алға ұмтылған адамды көрсе: «Сен кімсің?» демей, құшағын ашатынын аңғарту еді. Бұл бүгінгі, кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп те айтып отырмын. Оның үстіне өзім болдым, толдым деген менмендік бойымда жоқ екенін де еске салу. Ағалық жасқа жеткен адам төңірегін түгендеп, жақсыны айтып, «әттеген-айдан» аулақ болу жайын бағамдап отыруы тиіс.
– Мол тәжірибемен, ғылыми атақпен елге оралдыңыз?..
– Иә, алда айтқан ұстаздарым да түбінде өз еліңе қызмет етуің керек деп жүретін. 15 жыл Мәскеуде студент секілді күн кештім. Балалар да өсіп қалды. Ата-анам бар жиған-тергенін бізге беріп тұрды. «Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі аумалы-төкпелі қиын шақта қара бастың қамымен сыртта жүргенім қалай?» деп жүргем. Сондай бір күндері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуге жасаған сапарының бірінде мен қызмет етіп жүрген Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтына келді. Дидарласу кезінде азат елдің басшысы: «Осындай бір орталық бізде де болса ғой!» деп қалды. Мен де ішімнен оған тілектес болып тұрдым. ­Коновалов мен туралы Президентке ерекше ілтипатпен айтып қалды. Жанары жарқ еткен Нұрсұлтан Әбішұлы маған жылы шыраймен көз салып: «Елге қайтасың ба?» деді. Іркілместен «Иә!» дедім. Ол кезде Президент өзге елдерде қызмет етіп жатқан, әсіресе әскери, дипломатия, заң саласында қызмет етіп жүрген отандастарын елге шақырып жатқанын білетінмін.
Мен де айтқан сөзімде тұрдым. 1995 жылы Отаныма оралдым. Бір таңғалғаным, жаңа және соңғы шыққан технологиялар Мәскеуде бар екен де, біздің елдің медицина саласында мүлде жоқ болып шықты. Сондықтан да күрделі оталар сол жақта жасалады екен. Азат ел сондай дәрежеге жету керек деген ой күндіз-түні маған маза бермейтін. Дәрігерлердің білімін жетілдіру институтына орналасып, 1996 жылы нейрохирургия кафедрасын қолға алдым. Мақсатым, білімді жастарды жинау еді. Клиникалық ординатура ашып, оны аспирантураға ұластырдық. Диссертация қорғайтын кеңес құрдық. Сондай жұмыстардың нәтижесінде, 10 жылда 5 ғылым докторын, 25 ғылым кандидатын әзірледік. Қажетті кітаптар шығардық. 2004 жылы жасаған тәжірибелеріміз бен ғылыми ізденістерімізді жариялап, басқаларға да жеткізіп тұру үшін «Қазақстанның нейрохирургиясы және неврологиясы» атты журналды жұртқа ұсындық. Қазір ол басылым жалғасын тауып келеді.
– Елбасының тікелей қолдауымен Ұлттық нейрохирургия орталығы ірге көтерген күннен бастап, басы-қасында болдыңыз емес пе?
– Мен Елордадағы ұлт денсаулығын жақсарту жолындағы орталықтардың салынуын Президенттің ерен еңбегі деп білемін. Кенжелеп қалған салаға мән беріп, нейрохирургия орталығының ғимаратын қысқа мерзімде салу барысында Мемлекет басшысының қамқорлығы ерекше болды. Әрине, әр ғимараттың өзіндік құрылымы болады. Айталық, нейрохирургия орталығының құрылысын жүргізген кезде мен ота жасау, жансақтау бөлімдері, құрал-жабдықтарды орналастыру – бәрінің ыңғайлы болуын қадағалап жүрдім. Ол кезде салынып жатқан бұл құрылыс орны қаланың шетінде, желдің өтінде еді. Қазір бел ортада тұр.
Ғимарат салынып бітті, ал енді жұмыстарыңды бастаңдар дегенде абдырап қалмау үшін біз әзірлікті ерте қолға алдық. 35 маманды шетелге білім жетілдіруге жібердік. 2008 жылы Алматыдан Астанаға 35 дәрігер бірге келдік. Қазір 50 нейрохирург жұмыс істейді. 90 пайыз дәрігерлер бірінші күннен қызмет жасап келеді. Алғашқы жылы 500 адамға хирургиялық көмек көрсетсек, қазір 3,5 мыңнан асып отыр. Әлемнің бір де бір елінде азаматтарын тегін емдейтін мұндай нейрохирургиялық орталық жоқ. 10 жылда 70-ке жуық жаңа технологияны алып, іске қостық. Орта Азияда ота жасауға болмайды деген тереңде жатқан ми ісіктерін бірінші рет емдей бастадық. Ми ісігіне ота жасау өте қиын. Өзге ағзалардың көбін алмастыратын дәрежеге жеттік. Ми туралы бұлай дей алмаймыз. Өзге отаны лупа киіп жасауға болады. Ал миға ота жасау – тек микроскоппен ғана жүзеге асырылады.
– Бір замандары миды да алмастыруға болатын шығар?
– Оны тап басып айта алмаймын. Ми әлемі – құ­ді­реттің күшімен жара­тылған бөлек әлем. Дегенмен, қазір сол әлемнің ішіне кіріп, ота жасау ісі күнде жалғасып отыр.
Біздің орталықта алты бөлімше бар. Бір замандары үлкен-кіші демей, бастан бастап, омыртқа жұлынына дейін бір дәрігер ғана ота жасайтын. Қазір нейрохирургия сан-салаға бөлініп кетті. Жұлын, қан тамырлары, ми ісігі, балалар нейрохирургиясы, жалпы нейрохирургия бойынша жастар жақсы маманданды. Кей ағайындар «отаны өзіңіз жасаңызшы» деген өтініш айтады. Оларға «отаны менен жақсы жасайтын жастар бар» деймін. Бұл – ақиқат! Шәкірттерім менен мықты. Абай айтқандай, қазіргі нейрохирургия­да ұстаздан шәкірт озып тұр. Мекеме беделінің артуына сол жастар жұмылып жұмыс істеу арқылы қол жеткізуде. Әрине, басшылық жасаймын. Мол тәжірибеме сүйеніп, бағыт-бағдар беремін. Сөйте тұрып, олардан жақсы білемін деп айта алмаймын. Біз ота жасау арқылы ауруды анықтасақ, жастар озық технология көмегімен анықталған ауруды емдеуді, оның алдын алуды жүзеге асырып отыр. Олар бәрін көзбен де, көңілмен де көреді. Дәуірдің қалай дамып бара жатқанын осыдан аңғаруға болатын шығар. Ең бастысы, бұрын ауыр сырқатқа шалдыққандар шетелге бет түзеп жататын. Қазір ол өз Отанымызда тегін іске асуда. Тіпті медициналық туризм аясында ондаған шетелден келген азаматтарға да ота жасап жүрміз. Шетелде бәрін ақшаға тіреп қойған. Ота жақсы өтсе, қаржыға қарық боласың, керісінше болса, айыппұл төлейсің. Бізде олай емес, бәрі тегін. Оны орталықта болған азаматтардың қай-қайсысы да мақұлдайды. Осы күні дәрігерге тағылатын айып аз болмай тұр. Дәрігер де – адам баласы. Қатыгез біреу болмаса, еш уақытта қастық жасамайды. Кейде салғырттық болатын шығар. Одан қай-қайсымыз да сабақ алуға тиістіміз.
Кейбір хирургтер «Мен ота кезінде қорықпаймын» дейді. Оларда ондай қасиет бар шығар. Қырық жылдан аса уақыттан бері ота жасап келе жатсам да, мен әр ота жасар алдында қорқамын. Отадан емес, алдымдағы адам тағдыры қалай болар екен деген қорқыныш. Мойныма алған жауапкершілікті орындай аламын ба, азаматтардың үміті ақтала ма дегеннен күдік. Бәрі де аяқ астынан өзгеріп кетуі мүмкін ғой. Біз – Құдай емеспіз. Ойлағанның бәрі бола бермейді. Тіпті үш-төрт сағаттық отадан қалжырап шығатын кез болады. Ондай сәттегі жан күйзелісін айтып жеткізу мүмкін емес. Тіпті көз алдыңдағы адамнан көз жазып қалғанда ішің өртенеді, өзегің күйеді… Бордай езілесің… Бірақ алда үміт бар. Қол қусыруға да болмайды. Өмір үшін күресіп жатқан келесі науқас есіңе түскенде еңсе тіктейсің. Мұндайда отбасыңа, ұжымыңа сүйенесің. Бәрін бір сәт ұмытып, дене шынықтыруға талпынасың. Оқыс жағдайда жастарды жүндей түтпей, жігерлендіру керек. Кейде сәтті аяқталған он сағаттық отадан жадырап шығатын уақытың болады. Медицинада ылғи жеңіс бола бермейді ғой.
– Серік Қуандықұлы, сіз басқарып отырған орталықта небір алқалы жиындар, халықаралық форумдар өтіп жатады. Бұл орталық жұмысын өзгелерге танытумен қатар, білім-ғылым-тәжірибе саласы бойынша пікір алысуға да мүмкіндік беріп отырған шығар.
– Біздің Ұлттық орталық 2008 жылы ашылған. Содан бері он бір жыл ішінде талай елдің дәрігерлері мен ғалым­дары ат басын бұрып, орталықты да, айбынды Астанамызды да көріп, сүй­сініп жүр. Қазақстан нейрохирургия қауымдастығы Дүниежүзілік нейрохирургтар қауымдастығына, Азия және Еуропа нейрохирургтерінің қоғамдастығы құрамына кіреді. Бұл әлем дәрігерлерімен кең көлемде араласуға мол мүмкіндік беруде. Бурденко атындағы нейрохирургия ғылыми-зерттеу институтының бұрынғы директоры А.Коновалов пен бүгінгі басшысы А.Потапов Дүниежүзілік нейрохирургтер қоғамдастығының вице-президенті ретінде Қазақ еліне жете көңіл аударып, мені комитет мүшелігіне ұсынған еді. Бұл өркениетті елдермен бірге жұмыс істеуге жол ашты. Айталық, Азия нейрохирургтары қауымдастығының X Конгресі біздің елордамызда өтіп, үлкен абыройға кенелдік. Мұндай алқалы бас қосуды өз елдерінде өткізуге ұмтылғандар аз емес. Дүниежүзінің 56 елінен дәрігерлер, ғалымдар қатысты. Ұлттық нейрохирургия орталығын көрген қонақтар қатты таңғалды. Осындай мол мүмкіндік берген Мемлекет басшысының көрегендігі деп ашық айтып жатты. Көп мемлекетте нейрохирургияға емханалардан 30-40 төсек бөлумен шектеледі. Ал бізде нейрохирургия, кардиология, өзге де керемет жарақталған жеке-жеке медицина мекемелерін көргенде, ұйымдастыру жұмысына риза болысты. Осы жерде мынандай бір өз байламымды айта кетсем деймін. Бір кездері мұндай елдік іс армандай елестейтін. Алматының тау жағындағы Шымбұлаққа шыққанда одан да биік тұрған шыңға қол жеткізу қиын секілді көрінетін. Бүгінгі қазақ медицинасы әлгіндей шыңға қол артқандай әсер қалдырады. Шынында, анау жылдары қазақ нейрохирургиясының болашағы алыс секілді еді. Қазір көп биікке көтерілді. Тек осыны тиімді пайдалана алсақ болғаны.
Біз ауру меңдегенде ғана дәрігерге барамыз. Әсіресе ауылды жерлерде Ұлттық нейрохирургия орталығында атқарылып жатқан жұмысты біле бермейді. Олар біздегі технологияны мықты мамандардың меңгергенінен хабардар болса екен деймін.
Қадап айтатын нәрсе, нейрохирургия саласы бойынша ем аламын деп шетелге барудың еш жөні жоқ. Өз О­танымызда барлық ем тегін жасалады. Бұл халық денсаулығын оңалту жолындағы нәтижелі іс екені белгілі. Бұл кең байтақ жерімізге күні ертең ие болар ұрпақ үшін, яғни ұлттық демографияның қарқынына да септігін тигізер еді.
– Текті ортада өсіпсіз. Өз отбасыңыз туралы не айта аласыз?
– Дәрігер үшін отбасының жөні бөлек. Өмір болған соң күні кеше өмірден озған Шерхан Мұртаза айтқан «Бір кем дүние» дейтін тұстар да болады. Сондай кезде көңілге медеу, жанға сүйеу болатын – мейірім шапағаты мол тоқсаннан асқан анам, жарым, ұрпағым, достарым, шәкірттерім. Жарым Баян да дәрігер. Құдайға шүкір, ұл өсіріп, немере сүйіп отырмыз.
– Алдағы жоспар-жоба, міндет-мақ­саттар, осы кезге дейін қанша ота жасаға­ныңыз туралы, бұл істі атқара беру жағы, өзге де өзіңізді толғандырып жүрген мәселелер жайында айта кетсеңіз.
– Мақсат та, міндет те көп. Біз көбіне жетістігімізді айтамыз. Жоғымызды да түгендеп отыруға тиістіміз. Білім, ғылым, тәжірибе – осы үшеуі ұштасқан кезде жоспар да, жоба да іске асады. Оны интеграциялау жақсы жолға бастайды. Үш сала қатар дамыған жерде қандай аурудың болсын алдын алуға болады. Қазір радиохирургия саласын қолға ала бастадық. Бұл отасыз гамма сәулесімен емдеу деген сөз. Мұны медицинада «гамма-пышақ» не «кибер пышақ» дейді. Ота бар болғаны 40 минутқа созылады. Мидағы ісікті сәуле терапиясымен емдейді. Ми талшықтарына зақым келмейді, пышақ тимейді, қан шықпайды, дақ қалмайды. Бұл тәсіл дамыған елдерде жұмыс істеп жатыр. Біз де осыған жол аша бастадық. Ұлттық орталықтың қасында Назарбаев университетінің, Биологиялық орталықтың заманауи лабораториясы бар. Сырттан технология алмай-ақ соны тиімді пайдаланып, ғылымды көтерсек деймін.
Әлемдік ғылым мен білімнің өркен­деуі ауруды емдеудің небір тиімді жолдарын тәжірибеге енгізіп келеді. Бір ғана мысал, өткен ғасырдың 80-жылдары нейрохирургияға қатысы бар кеселге шалдыққан адам болса, көзіңе өлім елестейтін. Қазір олай емес. Қатарға қосылып жатқандардың қарасы көп.
Бір ғана айтарым, әр азамат, әсіресе елдегі қандастар сырқаттың шеті біліне салып, дер кезінде дәрігерге қаралса, асқындырмай анықтаса, қандай ауру болсын оған тосқауыл қоюға жағдайымыз бар. Тәні ауырып, жаны күйзелген адамға шарапатымды тигізуді мен өзіме парыз деп білемін. Осындай мейірім жолын маған салған, өзім көзін көрген қазақтың жақсылары, ата-әжем, әке-шешем, ұлы ұстаздарым – Александр Коновалов пен Сергей Федоров деп білемін.
Жалпы, жасаған ота саны 5000-нан асып кеткен шығар. Бір күнде бір емес, бірнеше ота жасаған кездерім болды. Қайталап айтам, тағдырын қолыңа тапсыр­ған қандай адамға болса да ота жасау оңай шаруа емес. Ойланатын кездерің көп. Тіпті кей тұста есеңгіреп барып, ес жиясың. Өз тағдырыңды ұмытып, науқастың тағ­дырына жаныңды саласың. Сен де, ол да адам. Екі үміт ота үстелінде тоғысып жататын кездер де болады. Алла қуат берсе, ота жасаудан қазір шеттей қоймаспын. Ұстазым Александр Коновалов 86 жас­қа келді. Әлі де ота жасайды. Әйгілі хирург Борис Петровский 90 жасқа дейін, АҚШ елінің профессоры Майкл Дебейки 91 жасқа дейін ота жасағанын білемін. Бәрі де уақыт еншісіндегі дүние ғой.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан 
Сүлеймен МӘМЕТ




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *