«Мәңгілік ел шежіресі даламның»

1062

Елбасы Н.Назарбаев биылғы жолдауында жастар мәселесіне баса назар аударып, ағымдағы жылды «Жастар Жылы» деп жариялағаны белгілі. Мемлекет басшысының «жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау — мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиіс» деген сөзі серпін беріп, көптеген жастардың жүректеріне нық сенім ұялатты. Елбасы ұсынған бағыт – жастардың қоғамдағы беделін арттырып, еліміздің әрі қарай дамуын шарықтата түспек. Жуырда Қазақ-Америка университеті жастарының қатысуымен Маралтай Райымбекұлының «Мәңгілік ел шежіресі халқымның» атты жыр кеші өтті.

 Қазақ-Америка университетінің президенті Құсайнов А.А. қолдауымен Республика сарайында ақпанның 24-і күні ҚР Президенті грантының, Мемлекеттік «Дарын» және Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлықтарының иегері, көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлының 50 жылдық мерейтойына арналған кеш өтті.  Салтанатты шараға келген қадірлі қонақтар — актер, театр және кино режиссері Асаналі Әшімов, Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл өз кезегінде мерейтой иесіне ақжарма тілектерін білдірді.

«Мәңгілік ел — шежіресі даламның» атты әдеби-музыкалық кеште көрнекті ақын Маралтай Райымбекұлы жырдан шашу шашты. Студенттер ақынның жалынды жырларын жатқа оқыды, Маралтайдың барлық өлең-жырларын жатқа білетін Қазақ-Америка университетінің вице-президенті, «Дара оқырман» поэзия клубының жетекшісі, Әділбек Сағымбекұлы әдеттегіше ақынның жырларын оқып кешке  ерекше әсер бергенін айтұға болатыны аңық. Өз кезегінде өнер майталмандары мен эстрада жұлдыздары Шахизада, Өмірқұл Айниязов, атақты күйші Асхат Абзалбеков, Маралтай ақынның өлеңіне өрілген әндерді жанданып орындады. Арқалы ақынның өлеңін тыңдауға келген көрермен қауым Республика Сарайына лық толды.

Бүкіл саналы ғұмырын шығармашылыққа арнап, қазақ әдебиетінің дамуына айрықша үлес қосып келе жатқан Маралтай Райымбекұлының әр жылдары жарық көрген «Ай», «Кентавр», «Тарпаң», «Қаратау ғазалдары», «Нұрлы жол – Мәңгілік Ел» секілді жыр кітаптары оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген. Елбасының Тәуелсіздік жолындағы ерен еңбегі жан-жақты баяндалған «Көшбасшы» атты поэмасы — Маралтай Райымбекұлының әдебиет саласындағы сүбелі еңбектерінің бірі. Аталмыш поэма республикамыздағы барша Н. Назарбаев атындағы мектептердің оқулықтарында жеке тақырып ретінде білім кестесіне енгізілген. Қазақстан жазушылары одағы, Қазақстан ұлттық арнасы сынды іргелі мекемелерде жауапты қызметтерде болған Маралтай Райымбекұлы бүгінде ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары қызметін атқарады.

Ақынның өлшеусіз еңбектері студент жастарға үлгі болары анық. Осы тұрғыда биылғы жастар жылы аясында Қазақ-Америка университеті талай игілікті іс-шараларды атқаруды жоспарлап отыр. Еліміздің болашағы — студенттердің білім көкжиегін кеңейтетін келелі жиындарды жиі ұйымдастыру, дарын иелерімен жүздесулер жоспарлануда. Мұндай іс-шаралар шығармашылық потенциалы мол, білімді, жан-жақты кадрларды даярлауға септігін тигізеді.

 

Жанар Қалыбекова,

ҚазБСҚА білім беретін пәндер факультетінің

декан орынбасары

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *