ЖҰРТТЫҢ СЕНІМІНЕН ЖОҒАРЫ БАҒА ЖОҚ

542

Астана қаласы Кәсіподақ орталығының төрағасы Тастанбек   Құтжанұлы  Есентаевпен сұхбат

–Астананың ауқымы кеңіген сайын жаңа кәсіпорындар мен мекемелердің ашылып жатқаны   айдан анық. Ал сол жаңа ұжымдарда кәсіподақ ұйымдары бар ма? Жалпы, қазір жұрттың кәсіподаққа деген сенімі қандай?

-Біз ұстанып отырған басты мақсат – ұжым бар жерде, еңбек қатынастары бар жерде міндетті түрде кәсіподақ ұйымы болуы тиіс. Өйткені, ұжым болғаннан кейін еңбек даулары туындап, еңбек адамдарының құқы  тапталуы мүмкін. Адамдар осындай шарасыз күйде қалған сәтте олардың мүддесін кім қорғайды? Әрине, кәсіподақ.

        Мүддесі тапталған адамның  құқық қорғау органдарына арызданатынын бәріміз білеміз.Бірақ, бұл  жүйке жұқартатын, тез арада біте қоймайтын тірлік. Денсаулығы мен уақытын сарп етеді. Төрелігін айтатын соттың алдына барғанда арызы дәлелденіп, мерейі үстем болса бір сәрі, ал жеңіліс тапса ше? Көп жағдайда жалдамалы жұмысшылар емес, жұмыс берушілер сүттен ақ, судан таза болып шығады.  Өйткені, жеке еңбек шарты немесе ұжымдық келісім-шарт жасамаудың салдарынан көбіне жұмысшылар жеңіліс табады. Айта кетейін, осы құжаттарда еңбек қатынастарына байланысты екі жақтың да талап-мүдделері толық көрсетілуі керек. Жұмыс уақыты, еңбекақы мөлшері, еңбек демалысы, зейнет қорына төлем – осының бәрі айқын жазылуы тиіс. Жасырып қайтеміз, қазір жұмыс берушілердің арасында  келісім-шарт жасаудан ат-тонын ала қашатындар аз емес. Себебі, оны жасаса салықты көбірек төлеп, зейнетақы қорына жарнаны міндетті түрде аударуға тиіс болады. Онымен қоса жұмысшы еңбекақысының бір тиынын да кемітпей келісім-шартта келісілген уақытта төлеп отыруы тиіс. Еңбек демалысына шықса қарастырылған қаражатты төлеу керектігі  тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, жұмыс беруші бас пайдасын ойлағандықтан, еңбек адамымен келісім-шарт жасамаудың түрлі амал-айларынан  қарастырып, қашқақтайды.

         Бұл көптеген адамдар күнделікті өмірде тап болып жүрген жағдай. Егер еңбек заңдылығы бұзылған ұжымда кәсіподақ бар болса, құқы тапталған адамдарға араша түседі. Ең алдымен еңбек келісім-шарттарын жасауды қарастырады. Кемшіліктерді түзейді. Еңбек заңдылықтарына сәйкес құқы тапталған адамдардың мүддесін қорғайды. Кәсіподақтың осындай белсенді жұмысын көргеннен кейін қатарымызға қосылуға ниет еткендер аз емес.

Бір жылдың ішінде Астана қаласында 700-ге жуық мүшесі бар  20-дан астам бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Мұнымен тоқтап қалмайтынымыз анық. Қазір елордада кәсіподақ мүшелерінің қатары 85 мыңнан асты. Бастауыш кәсіподақ ұйымы – 451.

Жұрттың кәсіподаққа деген сенімінің артқаны соншалық, астаналықтар орталыққа ұдайы хабарласып, кеңес алады. Әлеуметтік желілер арқылы байланыс жасайтын елордалықтар да өте көп. Кеңесіміз тегін.

Кәсіподақ орталығы туралы барлық мәліметті қалалық газеттер мен әлеуметтік желілерде жариялағаннан кейін түрлі сауалдар бойынша 200-ден астам адам хабарласты. Олардың арасында тіпті Германия азаматтары да болды. Бұқарамен байланыстың осындай түрлерін де қазір кең қолдана бастадық.

Кәсіподақ орталығына көмек сұрап хабарласатын азаматтар да көп. Бір-екі мысал келтірейін.  №9 қалалық емхананың мейірбикесі бес адамның орнына жұмыс істеп, тек бір жарым ставканың еңбекақысын алып келген. Ал №3 балалар музыка мектебі ұстаздарының санаты төмендетіліп, еңбекақылары азайған.  Астана қаласы Кәсіподақ орталығының араласуы арқасында ғана олардың  құқығы қорғалып, өтініштері орындалды. «Астана қалалық жарық» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіндегі даулы мәселе кәсіподақтың араласуымен оңтайлы шешілді. «Шар-Құрылыс» және «GLB» серіктестіктерінде еңбекақы қарызы орын алған болатын. Қазір жағдай бірқалыпты. Қарыз төленді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

        Жалпы еңбек және әлеуметтік заңдылықтарды сақтауға байланысты 2018 жылы 190-нан астам кездесу, әңгімелесу және тағы да басқа іс-шараларды өткіздік. Жүздеген адамға кәсіподақтың көмегі мен шапағаты тиді.

Астана қаласы кәсіподақ орталығы тек өндіріс немесе құрылыс нысандарында ғана емес, халыққа қызмет көрсететін орындарда да жиі болады. Мәселен, «Шапағат» және «Әлем» базарлары аумағындағы әрбір дүңгіршікке, әрбір сауда нүктесіне барып еңбек заңдылықтарына байланысты түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Акция барысында 80-нен астам сатушының еңбек келісім-шартын жасамай-ақ жұмыс істеп жүргені белгілі болды.

         -Жүздеген жұмысшысы бар кәсіпорындар жабылып жатыр. Жұмыстан қысқарып жатқандар да көп. Кәсіподақ олардың да мүддесін қорғай ала ма?

 -Әрине. Қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес Қазақстанның барлық аймағында цифрландыру бағдарламасы кезең-кезең бойынша қарқынды жүзеге аса бастады. Астана қалалық әкімдігінің жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп әкімдіктен бастап елорданың барлық дерлік  саласы мен жүйесі цифрландыруға көшті. Бұл уақыт талабы. Осыған сәйкес кейбір мамандықтардың қажеті болмай қалды. Жұмыссыз қалған, жұмыстан қысқарған азаматтарды да кәсіподақ  қанатының астына алады. Оларды қайта даярлау курстары арқылы қоғамға қажетті мамандықты игеруге көмек жасаймыз.

          Цифрландыру дегеннен шығады, Астана қаласы Кәсіподақ орталығының да осы жүйеге көшуінің арқасында кәсіподақ мүшелерінің тізімі, жиналған жарна, оның қайда, қандай мақсатқа жұмсалғаны – бәрі айқын, ашық.

 -Астана қаласындағы құрылыс орындарында жұмысшылардың өндірістік жарақат алуы мен мерт болуы азаймай отыр. Оның себеп-салдары неде?

-Елордада құрылыс қарқынды. Осы іспен айналысу мақсатында құрылып жатқан компаниялар да көп. Жазатайым оқиғалар көбіне жаңадан жұмыс істей бастаған компаниялардың және олардың мердігерлік ұжымдарының құрылыс алаңдарында орын алады. Өйткені олар, тәжірибенің жоқтығынан болар, еңбек қауіпсіздігі ережелері мен талаптарына жеткілікті көңіл бөлмейді. Айналым қаражаттың аздығынан құрылысшыларды қажетті киіммен, керек-жарақпен қамтамасыз ете алмайды. Еңбек қауіпсіздігіне байланысты күн сайын нұсқау берілуі тиіс. Ондай маман кейбір компанияда бола бермейді. Болған күннің өзінде басқа жұмыстарды қоса атқаратындықтан, еңбек қауіпсіздігімен айналысуға уақыты бола болмайды.

Бірқатар ірі  компаниялар құрылыс жұмыстары үшін кішігірім құрылыс ұйымдарымен мердігерлік келісім-шартқа тұрады. Мұндай жағдайда  шағын құрылыс бригадалары ең алдымен жұмысты тезірек  бітіруді ойлайтыны белгілі. Олар тіпті техника қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мамандары қызметін пайдаланбайтыны да жасырын емес.. Өйткені, артық ақша төлегісі келмейді. Оған бас ауыртқаннан гөрі жұмыс көлемін тезірек бітіріп, қаражаттарын алуды ойлайды. Осылай асығып-аптығып жүрген жерде жазатайым оқиғалардың орын алатыны жасырын емес. Тіпті ұсақ-түйек бригадалардың құрамында мамандығы мен тәжірибесі жоқ, құрылыстың жай-жапсарын білмейтін жұмысшылар да көп. Олар жан-жақтан жұмыс іздеп келгендер. Арнайы дайындықтан өтпейді. Еңбек қауіпсіздігін білмейді. Мұның соңы, сөз жоқ, қайғылы оқиғаға әкеледі.

Астанадағы ірі құрылыс компанияларының көбінде кәсіподақ ұйымы әлі күнге жоқ. Құруға да асығар емес. Өйткені, өзі би, өзі қожа болып қалғандықтан, басқа ұйымның еңбек жағдайына араласуын қалай қоймайды. Өндірістік жарақаттар да осындай жерде орын алады.

Ал «АРАБТЕК» құрылыс компаниясында бастауыш кәсіподақ ұйымы бар, ұжымдық келісім-шарт жасалған. Жұмыс берушілер еңбек жағдайын жақсарту мен қауіпсіздігін сақтауға айрықша назар аударады. Адам капиталын бағалайды.Еңбек қауіпсіздігіне байланысты құрылысшылар білімін жетілдіріп отырады.

Елордадағы барлық ірі құрылыс компанияларында дәл осындай жағдай жасалса, нұр үстіне нұр болар еді. Бірақ бұл әзірге арман ғана. Ерте ме, кеш пе, оған да жетеміз деп ойлаймын. Осы мақсатта еңбек инспекторларымен бірге кәсіподақ өкілдері де қажырлы жұмыс жүргізіп отыр. Нәтижесі болатынына үміт зор.

-Ұжымдық келісім-шарт туралы айтып қалдыңыз. Астанада осыны елеп-ескермей отырған ұжымдар көп пе?

-Бұл сауалыңызға цифрмен жауап берейін. Астана қаласындағы статистика департаментінің мәліметіне қарағанда 60 000-нан астам заңды тұлға бар. Оның 30 000-ы жұмыс істейді. Бүгінгі күні елорда бойынша жасалған ұжымдық келісім-шарт – 4 545. Осыған қарап-ақ бағамдай беріңіз. Әрине, бұл жерде біздің де кемшілігіміз бар шығар. Әлеуметтік әріптестермен бірге осы бағыттағы жұмысты жандандырудың іс-шаралары жасалды.

        -Ал  кәсіподақ орталығының атсалысуымен жүзеге асып жатқан «Астана – адалдық алаңы» жобасының мақсаты қандай?

        -Бұл Астана қаласы әкімдігі мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен бірлескен жаңа жоба. Мен осы жобаның сарапшысымын. Бүгінгі күнге дейін сыбайластық жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда еңбек ұжымдарының ролі жайлы бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Агенттіктің арнайы мониториг жүргізетін топтарының арқасында бірнеше өткір мәселелер шешімін тапты. Мәселен, Астанадағы емханаларды цифрландыру жайлы біраздан бері айтылып келе жатқан еді. Осы мәселе оңтайлы шешілді. Білім беру мекемелерінде балаларды тамақтандыру жайы да бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде көтеріліп келе жатқанын жақсы білесіз. Жаңа жобаның шеңберінде бұл көкейкесті мәселеге де нүкте қойылды. Елордада бірнеше кәсіптік-техникалық коллеждер бар. Оларға грант ала-құла бөлінетін еді. Астанаға ауадай қажет  мамандықтар бойынша  гранттар жеткілікті бөлінбейтін. Бұл мәселе де тәртіпке келтірілді. Мемлекеттік қызметкерлер үшін «Ашық кеңістік — Open space» технологиясын енгізу де осы жаңа жобаның нәтижесінде жүзеге асты.

-Өзіңіз спортқа жақын болғандықтан шығар, кәсіподақтың спорттық-сауықтыру қоғамы ашылыпты. Соған қарағанда жұмыстарыңыз жан-жақты- ау…

   -Иә, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Бақытжан Әбдірайымның бастауымен адам денсаулығын сақтау мен жақсарту мақсатындағы тың жоба — кәсіподақтың спорттық-сауықтыру қоғамы ашылды. Бұл қазіргі таңда өте қажет. Өйткені, адамның денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Денешынықтыру мен спорт – денсаулықтың кепілі.

Естеріңізде бар шығар, кешегі кеңес кезеңінде кәсіпорында болсын, мекемеде болсын спортпен айналысуға барлық жағдай бар еді. Спорт залдары мен алаңдары болатын. Жыл сайын спорт құрал-жабдықтарына қаржы бөлінетін. Спорт сайыстары жиі өтетін. Мұның өзі адамның еңбекке деген құлшынысын арттырып, жігерін жанитыны айдан анық. Мамандардың зерттеуіне қарағанда, спортпен шұғылданған адамның көңіл-күйі жоғары, сергек болады. Сонымен бірге жұмыс істеу қабілеті де артады.

Жаңа жобаны жүзеге асыру Астана қалалық кәсіподақ орталығына тапсырылды. Оны ойдағыдай орындадық. Негізгі мақсат – еңбек адамдарының спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасау.Олар жаппай бұқаралық спортпен, өндірістік гимнастикамен айналысатын болса, ұжымда қалыпты көңіл-күй қалыптасып, еңбек өнімділігі де артатыны сөзсіз. Тек еңбек адамдары ғана емес олардың отбасы мүшелері де осы игілікті іске тартылса деген ниет бар. Жалпы Астана қаласында ғана емес, бүкіл Қазақстан бойынша бұл бастаманың баянды болатынына өз басым сенемін.

                   Әңгімелескен  Ғалым ОМАР-ХАН




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *