Испан кинематографистері Қарлаг жайлы кино түсірмек

727

Қазақстанда Карлаг еңбекпен түзеу лагерінде қамауда болған испан әскери тұтқындары жайлы көркем фильм түсірілмекші. Бұл туралы мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің facebook парақшасында мәлімдеді.

«Достарым, осыдан біраз уақыт бұрын Қазақстанға Испаниядан мадридтік Plano a Plano жетекші кинокомпаниясы кинематографистері келген болатын. Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында болған олар біздің елге деген сүйіспеншілігін жасыра алмады. Қазіргі таңда біз тарихи киножоба бойынша ынтымақтастық мүмкіндігін талқылаудамыз. Испаниялық продюсерлер мақсатты түрде Карлаг пен «АЛЖИР» музейлеріне барып, Қарағанды облысына жер аударылған әскери тұтқындар мен репрессияға ұшырағандар тақырыбын терең зерттеуге кірісті. Фильм Қазақстан тарихындағы қиын-қыстау кезең — 40-50 жылдар туралы болмақ«, — деп жазды министр.

Карлаг 1930-1950 жылдардағы ірі еңбекпен түзеу лагерлерінің бірі екені белгілі. Мұнда әртүрлі елдердің көптеген өкілімен қатар 150 испаниялық әскери тұтқын болған. Қазақстан сол қасіретті жылдар туралы архив құжаттарын ресми түрде Испанияға берген КСРО құрамындағы республикалардың ішіндегі бірінші ел болды. Бұл құжаттар тұтқындардың туыстары мен жақындары және зерттеушілер үшін баға жетпес айғақтар болды.
Қазақстанға Plano a Plano кинокомпаниясы өкілдері продюсерлер Цезарь Бенитес, Эмилио Амаре, сценарийшілер Хуан Карлос пен Росио Мартинез келді. Қазақстан тарапынан «Жаңа әлем» продакшн» компаниясы жоба бойынша келіссөздер жүргізуде.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *