Біз өнерлі ұрпақпыз!

108

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы,  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың сана­тында», — деп атап өткендей, тәуелсіз елдің тұтқасын ұстар болашақ ұрпақтың тәрбиесінде білім беру ошақтары балаларды оқытып қана қоймай, олардың бойына жастайынан мәдениеттілік пен өнерге деген бейімділікті қалыптастыруы қажет.

Осы мақсатта Алматы қаласындағы №23 мектеп-гимназиясы оқушылар шығармашылығына арналған «Біз өнерлі ұрпақпыз!» атты мәдени апталық ұйымдастырды.

Апталықтың алғашқы күнінде өнер көрсеткен бастауыш сынып оқушылары өздерінің сахналық, музыкалық өнерлерін паш етумен қатар, қазақ халқы үшін ерекше болып табылатын наурыз айы жайлы, осы айда еліміздің таным-түсінігімен бірге қалыптасқан алғыс айту күні, 22 Наурыз жаңа жыл мерекесі жайлы қызықты деректер айтып, өздерінің білетін мәліметтерімен достарымен бөлісті. Ежелден Шығыс халықтарының жыл басы мерекесі ретінде тойланып, татулық пен бірліктің, береке мен ізгіліктің символына айналған ерекше кезеңді асыға күтіп, зор ықыласпен тойлаған. Өздерінің мектепшілік ертеңгіліктерін қасиетті мерекемен байланыстырған оқушылар ән мен жырдан шашу шашып, салтанатты шараны барынша танымдық сипатта өткізуге тырысты. Әсіресе, Амантай Дидар ұлттық домбырада төгілте күй тартса, Дариға Қуатқызы, Әсем Жұмабектер өлең оқып, мектепшілік қыздар тобы «Қазақ биін» билеп, көрермендерге тамаша әсер сыйлады. Сондай-ақ, апалы-сіңілі Медеубаевалар ән шырқап, өнерпаз балалар «Үш аю», «Қызыл телпек» ертегілерін сахналады. Ертеңгілікті ұйымдастырған бастауыш сынып ұстаздары Майгүл Тұрғымбекова, Мадина Тәжібаева, Алтынай Ахметовалар балаларға өнерді сүю арқылы шығармашылық ізденімпаздықты, рухани мұраны, ұлттық дәстүрді үйреткілері келетінін айтып өтті. Салтанатты шараға қатысқан оқушылар ертеңгілікке белсенді қатысу арқылы, өнерге деген қабілеттерін шыңдап, ұлттық өнердің тереңіне бойлауда.

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері ЖШС




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *