Нұрсұлтан Назарбаев: Шаршаған кезде Шамалғанды еске аламын

374

ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жері Шамалғанға келді.

Оны жерлестері үлкен сый-құрметпен қарсы алды. Елбасы өзінің осы ұядан ұшқан сәтін еске алды.

«1958 жылы осы Шамалғаннан шетке кетіп 20 жылдан соң Алматыға қайтып келдім. Кішкентайымнан осы жерде өстім. Ата-бабамыз Қаратаудың баурайында ағайын-туған, құда-жекжат барлығы осы Шамалғанда. Жастар әлі біле бермейді. Уақыт келгенде ауылыңа келгенде жастық шақ еске түседі. Мемлекетті аяғынан нық тұрғызу үшін қанша қиын-қыстау уақыттардан өттім. Тауда, сай-сайларда әкеммен жүргенім еске түскен кезде барлық шаршағаным ұмытылғандай болады. Сондықтан адамның кіндік кескен жері ыстық. Адам туған жерін сүю арқылы үлкен Отанын сүйіп патриот болады», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сапар барысында Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Тұңғыш президентінің «Атамекен» тарихи-мәдени орталығын аралайды деп жоспарланған.   Дәл осы уақытта жергілікті халық Елбасымен кездесу үшін орталық алдына жиналуда.  «Біз бүгін өзіміздің жерлесіміз, дара тұлға — Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуге келіп тұрмыз. Әлбетте, біз Елбасымен жерлес болғанымызды мақтан тұтамыз. Алла тағала ол кісіге денсаулық берсін», — деді жергілікті тұрғын.

Наурыз айының соңында Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға сапарлап келген болатын.  Алматы әуежайында ҚР Тұңғыш Президентін жастар гүл шоқтарымен қарсы алды. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы резиденциясында бірқатар кездесу өткізді.

Дереккөз: Қазақпарат

Фото: Досжан Балабекұлы

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *