Атырау облысында «экологиялық» меморандумға қол қойылды

572

Атырауда Атырау облыстық әкімдігі мен «Экологиялық ұйымдар Ассоциациясы» ЗТБ арасында серіктестік туралы Меморандумға қол қойылды, — деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.
«Экологиялық ұйымдар Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Айгүл Соловьеваның айтуынша, бұл меморандум аймақтың экологиялық проблемаларын шешуге септігін тигізеді. Соның ішінде, өңірдегі қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шаралар кешенін талқылау, қабылдау, іске асыруға мән берілмек. Атмосфераға әртүрлі көздерден түсетін көмірқышқыл газын азайту бойынша экологиялық, зерттеу жұмыстары және мониторинг жүргізу үшін әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру да көзделеді. Облыс аумағында тұрғындардың экологиялық қауіпсіздігін сақтау мақсатында табиғат қорғау бағдарламалары мен инвестициялық жобаларды дайындап, жүзеге асыру да меморандумда көрсетілген.
-Біз өзара серіктестікке ниеттіміз. Осы меморандумды іске асыруға белсенді қатысқандарыңызға ризамын. Проблемалық мәселелер бар, оларды шешу үшін әлемдік тәжірибемен бөлісуге дайынбыз. Қазір жаңа экологиялық Кодекс бойынша жұмыс істеп жатырмыз, жаңа қағидалар, жаңа тәсілдер бар. Бәріңізді осы маңызды құжатты жүзеге асыруға қатысуға шақырамын, — деп атап өтті Айгүл Соловьева.
Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев экологиялық проблемаларды бірлесіп шешу үшін бұл меморандумның маңызды екенін айтты.
-Аймақтағы экологиялық ахуалға байланысты мәселелерді шешу біздің бәріміз үшін маңызды. Жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың қоршаған ортаға әсерін төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Баламалы энергетика біздің өңірде де енгізілуде. Исатай ауданында қуаты 52 мегаватт алғашқы жел электрстансасы салынып жатыр. Облыстағы су айдындарында экологиялық сипаттағы мәселелер бар. Бұл мәселелердің бәрін қоғамдық ұйымдарды жұмылдыру арқылы жария түрде шешуіміз керек. Сіздердің қатысуларыңыз біз үшін өте маңызды. Тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіз өңірдегі қоршаған ортаны сауықтыруға септігін тигізеді деген сенімдеміз», — деді Нұрлан Ноғаев.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *