«Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы талқыланды

174

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жұмысы бойынша кеңейтілген отырыс өтті. Облыс әкімі жиын барысында «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының аясында жасалып жатқан жұмысты одан әрі жандандыруды, сонымен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күресу тек қана Агенттіктің ғана емес, барлық мемлекеттік органның және әрбір азаматтың міндеті екендігін жеткізді.

Жиынға ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшылығы, Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры, арнайы, құқық қорғау және барлық мемлекеттік органдарының басшылары қатысты. Сонымен бірге қала және аудан әкімдері бейнеконференция арқылы байланысқа шықты.

Шарада Жобалық кеңсенің кураторы, облыс әкімінің бірінші орынбасары Әлихан Қыраубаев жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Жобаның негізгі міндеті – тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мінез-құлық үлгісін одан әрі дамыту және жемқорлық мәселесін, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру арқылы шешу, тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жойып, азаматтар мен бизнес үшін кедергісіз, қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.

Аталған жоба аясында бекітілген тиісті жоспармен қала және аудан әкімдіктерінде, мемлекеттік органдарда азаматтарды көшпелі қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру, мекеме басшыларының кәсіби қызметтері бойынша интернет-конференциялар өткізуді, Мемлекеттік корпорациясы филиалдарында және жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдарда, яғни қызмет көрсетуші мекемелерде «жасырын сатып алушы» әдісі арқылы көрсетілген қызмет сапасына талдау және т.б. осындай бағыттарда жұмыстарды ұйымдастырады.

Айта кету қажет, бүгінгі күнге дейін жоба аясында фейсбук әлеуметтік желісіне 20 өтініш, ватсап желісіне 15 өтініш келіп түсіп, мәселелер бойынша тиісті жауаптар берілген. Сонымен қатар, «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылған. Олардың ішінде бюджет қаражатын үнемдеу бойынша оңтайландыру; жалған медициналық анықтама жасауды қадағалау, мониторинг жүргізу, облыс бойынша автомобиль жолдарында орналасқан жол белгілері бойынша мониторинг жүргізіп, тұрғындардың ұсыныстарын тыңдау секілді жұмыстар өз жалғасын табуда.

Жиын барысында сөз алған ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, жобалық кеңсенің тең кураторы Нұргүл Жанназарова қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру және бизнес пен инвесторлардың мемлекеттік билік институттарына деген сенімін арттыру мақсатында жүзеге асып жатқан «Бизнес және инвестицияларды қорғау» атты жобасын кеңінен түсіндіріп өтті.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың негізгі қағидаттарының бірі жариялылық және ашықтық қағидаты болып табылады.

Қазіргі жағдайда осы қағидатты іске асырудың табыстылығы -мемлекеттік органдардың өз интернет-ресурстарына ақпаратты орналастыруы, ақпаратқа ашық қол жеткізуді ұсынуы, қызметтің айқындығын қамтамасыз етуге бағытталған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын орындауымен жүзеге асырылады.

Осыған байланысты Департамент басшысы облыстық басқармалардың интернет-ресурстары контентінің сыртқы талдауы «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заңымен белгіленген талаптардың толық орындалмағанын жеткізді.

Сонымен қатар, басқармалардың ресми интернет – ресурстарында 2015 – 2025 жылдарға арналған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын іске асыру бойынша 2018 – 2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары, сондай-ақ жоспардың орындалуы бойынша атқарылған жұмыстар туралы ақпарат жоқтығын, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша жергілікті атқарушы органдар арасында семинарлар мен дөңгелек үстелдер ұйымдастыру бойынша көрсеткіштің төмендігін атап өтті.

Шараға қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Маңғыстау облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Ербөлек Махамбет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде, Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев облыстағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік зерттеу қорытындылары туралы баяндады. Сондай-ақ, Маңғыстау облысының жер қатынастары басқармасының, Маңғыстау облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының және облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшылары да атқарылған жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті.

Жиын соңында аумақтық департамент басшысы Н.Жанназарова облыс әкіміне халық пен билік арасындағы ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында барлық мекеме басшылары әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында тұрғындардың ұсыныс пікірлері мен сұрақтарына уақытымен жауап берілуін, кестеге сәйкес жүйелі түрде онлайн интернет-конференция ұйымдастыруын жүзеге асыруды және «Бизнес және инвестицияларды қорғау» жобасы аясында түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізіп, алдағы уақытта кәсіпкерлермен жиын өткізуді ұсынды.

Атқарылған жұмыстарды тыңдап, қорытындылай келе облыс басшысы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында мемлекеттік органдар мен басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырмалар берді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері болуы мүмкін барлық маңызды мәселелерді «Маңғыстау – адалдық алаңы» жобасының шеңберінде шешуді, «Бизнес және инвестицияларды қорғау» жобасы аясында кәсіпкерлер мен инвесторларды тарту, тұрғындардың сұрақтары мен арыз-шағымдарына уақытымен жауап берілуін, сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің жеке сайттарында ақпараттың жүйелі шығып тұруын қадағалауды тапсырды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *