Сенатта мүмкіндігі шектеулі балаларды құқықтық және әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

795

Сенатта «Мүмкіндігі шектеулі балаларды құқықтық және әлеуметтік қорғау жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы» тақырыбы бойынша дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлайды Сенаттың Баспасөз қызметі.

Парламент Сенаты Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Бірғаным Әйтімова өзінің сөзінде шараның мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда жыл сайын мүмкіндігі шектеулі балалардың саны артып келеді. Тек соңғы бес жылда олардың саны 7,5 пайызға өсті. Елімізде барлығы 680 мың мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады, оның ішінде 87 мыңы 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар болып отыр. Сенатор атап өткендей, мұндай жағдай білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау органдары тарапынан жаңа сипаттағы жұмыс әдістерін әзірлеуді талап етеді.

Сенат комитетінің басшысы елімізде мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемаларын шешу үшін қажетті заңнамалық және нормативтік-құқықтық база қалыптасқанын атап өтті. Қазақстан БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясына және басқа да халықаралық актілерге қосылды. Сонымен қатар, осы құжаттарды іске асыруға қатысты бірқатар мәселелер де бар.

«Мүмкіндігі шектеулі балалар халықтың қорғалмаған санаттарының бірі ретінде мемлекеттің ерекше назар аударуын қажет етеді», — деп атап өтті Б.Әйтімова. Ол Сенат депутаттары елордада орналасқан «Нұрлы жүрек» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы мен № 1 арнайы мектеп-интернатта болып, тәрбиеленушілердің білім алу және өмір сүру жағдайымен, осы нысандардың материалдық-техникалық жабдықталуымен танысқанын еске салды. Депутат Нариман Төреғалиев осындай мақсатпен Атырау қаласындағы «№ 3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында» болып қайтты. Депутаттар сапар қорытындысы бойынша бірлескен күш-жігермен шешілуі тиіс бірқатар өзекті мәселелерді атап өтті. Атап айтқанда, Б.Әйтімова мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оқулықтар санының аздығына, тифлопедагог, сурдопедагог, дефектолог және басқа да

мамандардың тапшылығына, ерекше назар аударуды қажет ететін балалармен жұмыс істейтін мамандар жалақысы деңгейінің төмендігіне, ауыр еңбек жағдайлары үшін үстеме ақының жеткіліксіз деңгейі мәселелеріне тиісті мемлекеттік органдар өкілдерінің назарын аударды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік қорғау және қолдау саласындағы мемлекеттік саясат, сондай-ақ осы сала бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық міндеттемелерінің орындалуы туралы негізгі баяндама жасады.

Дөңгелек үстелдегі мәселелер бойынша білім және ғылым министрінің орынбасары Эльмира Суханбердиева және денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева депутаттарға өз мекемелерінің жұмыстары туралы баяндап берді.

Шара барысында Мәжіліс депутаты Зағипа Балиева, Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов, «Асыл Бала» қоғамдық қорының төрағасы Гүлнар Өтепова, «Аруана» көпсалалы медициналық оңалту орталығының директоры Шынар Мәлік, «Рух-Әлемді жақсылық арқылы өзгертеміз» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алма Бекпан сөз сөйледі. Осы сала бойынша жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері сенаторлар мен орталық атқарушы органдардың өкілдеріне сұрақтар қойды.

Сенат депутаты Нариман Төреғалиев мүгедектерді, оның ішінде кәмелетке толмағандарды әлеуметтік қорғау жөніндегі заңнамалық және нормативтік-құқықтық базаның орындалу барысына жан-жақты талдау жасады. Ол сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарды медициналық және әлеуметтік оңалту, оларға жекелей білім беру мәселелеріне тоқталды. Сенатор сонымен қатар осы сала жөніндегі сапар барысында Атырау облысында көз жеткізген жағдайлар туралы айтып берді.

Сенаторлардың және басқа да дөңгелек үстелге қатысушылардың ұсыныстары негізінде қорытынды ұсыныстар дайындалды, олар Үкіметке, тиісті орталық және жергілікті мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *