Маңғыстауда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіші төмендеген

658

Маңғыстауда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық көрсеткіші 65 пайызға төмендеген. Бұл туралы  Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Маңғыстау облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Айжақсы Тұржанова мәлімдеді.

Қазіргі таңда облыста 18 жасқа дейінгі 263 000 — нан астам жасөспірім бар. Деректерге сүйенсек, Республика көлемінде соңғы 10 жылда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық фактілері азайып, Маңғыстау облысында 65 %- ға төмендеген. Жасөспірімдердің қылмысын болдырмау бағытында облыс мектептерінде медиация кабинеттері ашылып, «Мейірімді сот» жобалары іске асырылуда. Енді мектептерде медиаторлар мен психологтар түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырады. Өңірде 2001-жылы ашылған «Девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатта» Орал, Атырау, Ақтөбе, Астана қалаларынан келген 9 тәрбиеленуші бар, 3-еуі Маңғыстау облысынан. Мұнда тәрбиеленушілердің дені отбасынан кетіп қалған, сондай-ақ оқудан қашып, психологиялық күйзелісте жүрген 11-18 жас аралығындағы жасөспірімдер. Олармен жүйелі түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, түрлі үйірмелерге қатыстырылады, қоғам қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Бұл орталықтан ашылғалы 249 бала тәрбиеленіп шықса, 236 бала отбасыларына қайтарылған. Ал, 5-еуі Өскемен қаласындағы «Ерекше режимдегі меткеп-интернатқа» жіберілсе, 8 бала кәмілет жасқа толуына байланысты орталықтан шығып кеткен. Мұндағы тәрбиеленушілер жазғы маусымда сауықтыру лагерлерінде, «Жасыл ел» жастар жасағында еңбек етеді.

«Жалпы жыл басынан бері жасөспірімдер арасында аса ауыр қылмыс тіркелмеді. 2018 жылы 20, биыл 7 құқық бұзушылық оқиғасы тіркелген. Қандай да бір қылмысқа барған жасөспірімді, «қиын бала» тізіміне қоспай, психолог, әлеуметтік педагогтардың қатысуымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі»,- дейді облыстық полиция департаменті, жергілікті полиция қызметі басқармасы ювеналды полиция тобының аға инспекторы Эльвира Касанова.

Облыс бойынша 141 мектепте, 95 инспектор қызмет етеді. Сенбі, жексенбі күндері жүргізілген практикалық шаралардың нәтижесінде, 3 айда түнгі уақытта ата-анасыз көшеде жүрген 850 баланың ата-анасына әкімшілік хаттама толтырылған. Бүгінгі таңда 215 бала тізімде тұр, оның 79 -ы профилактикалық тізімге алынса, 130 бала арнайы тізімге енгізілген.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *