«Эль Фриман» фильмі Лос-Анджелес қаласында өтетін кинофестивальге қатысады

506

«Эль Фриман» көркем фильмі IFS (IndependentFilmmakers Showcase)  Los Angeles Film Festival 2019 кинофестиваліне қатыстады. Фестиваль Лос-Анджелесте мамырдың 14 мен 24 аралығында өтеді. Фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Бұл туралы Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ хабарлайды.

Аталған фестиваль шыншыл киноларды танытуды мақсат еткен, сонымен қатар талантты режиссерлердің фильмдерін көрсету мен түрлі шараларға қатыстыру арқылы авторларға жол ашуды көздейді. Түрлі жылдары IFS Los Angeles Film Festival фестивалінде Квентин Тарантиноның «Тhe hateful eight», Пол Томас Андерсонның «Phantom Thread», Том Фордтың «Nocturnal Animals» фильмдерінің көрсетілімдері өткен. Сондай-ақ, Ларс фон Триердің, Дәвид Кроненбергтің, Джим Джармуштың және басқа да танымал режиссерлердің шығармашылығындағы фильмдер көрсетілген. Әпкелі-сіңлі Вачовскилер фестивальді «киноны бағалай алатындардың жерұйығы» деп атаған екен.

Елжас Рахимбеков (Михар Сажле – шығармашылық лақап аты) пен Антонио Чавестің дебюттік фильмі Лос-Анджелесте америка билігінен жасырынып жүрген иммигрант туралы баяндайды. Эл есімді басты кейіпкер көлікте өмір сүреді, жүктасушы болып нәпақа табады. Артур есімді досымен Эл клиенттердің көліктерін тонайды. Сондай бір клиенттердің бірі бақуатты, бірақ ешкімі жоқ қарт Амбассадор болып шығады…

Амбассадордың рөлінде америкалық актер Хал Дион ойнайды. Ол Квентин Тарантиноның жазда жарыққа шығатын «Once Upon a Time in Hollywood» фильмінде бой көрсетеді.  «Мен ол кейіпкерді сомдау мүмкіндігіне ие болғаныма қуанам. Рақымбеков мырзамен жұмыс істеп тәжірибе жинадым. Айта кетейін, «Эль Фриман» фильмінде және оның тобымен жұмыс істегеніме қауныштымын», — деді Хал Дион.

 -Жыл сайын бұл фестиваль әлемнің түкпір-түкпірінен 200-ге жуық фильмді іріктеп алады. Оған тәуелсіз киноға қызығушылық танытатын әлем киноиндустриясының кәсіби мамандары қатысады. Фильміміздің   IFS Los Angeles Film Festival қатысуы екі елдің арасындағы мәдени диалогқа шақырады деп үміттенемін, — деп қосты Елжас Рақымбеков.

Естеріңізге сала кетейік, «Эль Фриман» фильмі былтыр Лос-Анджелесте өткен Hollywood Film Festival қатысқан. Сонымен қатар, Мадридтегі Халықаралық кинофестивальде «Үздік режиссерлік дебют» номинациясында жеңіске жеткен.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *