Бүгін Отан қорғаушылар күні

626

1992 жылы 7 мамырда Мемлекеттік қорғаныс комитеті ҚР Қорғаныс министрлігі болып қайта құрылды. Дәл осы күні ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ҚР Қарулы күштері құрылды. Дәл осы күн елімізде Отан қорғаушылар күні ретінде аталып келеді. Мерекелік шара Алматы қаласында да жалғасты. 28 панфиловшылардың саябағында өткен «Отан қорғаушылар күні» мерекесіне орайластырылған мерекелік шараға қала әкімі Бауыржан Байбек ашып, ер азаматтарды мерекемен құттықтады.

-Мемлекеттіліктің басты белгілерінің бірі елдің берік қорғаныс жүйесі. Ол әркез еліне қалқан, жұртына сүйеніш болып, жат пиғыл жаулық әрекеттерде тайсалмай тойтарыс беруге тиіс. Қазақстан 90 жылдардың басында азат ел, тәуелсіз мемлекет ретінде жаңа тарихи дәуірге қадам басқанда, ең алдымен өзінің ұлттық әскерін жасақтауды қолға алды. Бүгінде Қазақстан қарулы күштері әлеуеті мол, айбыны зор, кез-келген жағдайға дайын, қауқарлы әскер. Біз қашан да, бейбітшілік пен берекені қалаған, ешқашан өзгеге басқыншылық жасамаған және ешкімді де басындырмаған елміз. Бабалардан қалған осынау ұлы өнеге бізге де айнымас ұстаным болып келеді,-деді қала әкімі Бауыржан Байбек.

Шараға «Арыстан» мамандандырылған лицейінің курсанттары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, Ауған соғысы ардагерлері, Алматы гарнизонының әскери бөлімдері, әскери оқу орындарының курсанттары, Бауыржан Момышұлы атындағы Алматы Республикалық әскери мектеп-интернаты және Алматы әскери-техникалық училищесі, «Жас Сарбаз» патриоттық қозғалысының жастары және қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.

Жалпы Алматы қаласы бойынша жылына 2 мыңнан астам азамат әскерге жіберіледі. Ал, биылғы көктемгі шақырылымда мыңнан аса алматылық азаматтық борышын атқаруға жіберіліпті.

Мерекелік шарада жауынгерлер өз шеберліктерін ортаға салып, қоян-қолтық айқастағы үздік әдістерінен үзінді көрсетті. Сондай-ақ, шара соңы елімізге белгілі эстрада жұлдыздарының мерекелік ән шашуымен жалғасты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *