Эфир этикасы тілден басталады

1202

Тәуелсіздігімізді алған кезеңнен бастап, осы уақытқа дейінгі аралықта еліміздің телеарналары мен радиохабарларының диктор, жүргізуші, комментаторларына қатысты әр тараптан айтылып келе жатқан сан қилы пікірлер аз емес. Өйткені, эфир халықтың айнасы. Күнделікті төрткүл дүниеде өтіп жатқан жаңалықтардан бастап, танымдық, сараптамалық, экономикалық және басқа да бағыттағы хабарлар көрерменнің көзінде, тыңдарманның құлағында.

Электронды БАҚ жылдам дамып, әлеуметтік желілердің ілгерілеген техникалық прогресс заманы туса да,   қарапайым халық телеарнадан қол үзіп, радионың үнінен алыстай қойған жоқ. Сол себепті де, бүгінгі таңда қоғам дамуы мен ұрпақ тәрбиесінде олардың орны ерекше екені бесенеден белгілі. Егемендігіміздің жиырма сегізінші жылына аяқ басқан, ширек ғасырдан астам уақытта қазақ телеарнасында не өзгерді? Ұлттың үнжариясына айналған радионың тілге, эфир мәдениетіне қатысты бетбұрысы қандай деген сауалдарды осы саланың майталман мамандарына қойған едік.

Қазақ телевизиясының ардагер журналисі, публицист-жазушы Құсыман Игісінов:

— Құсыман аға, қазақ телевизиясында 40 жылдай еңбек еттіңіз. Осы саланың қыр-сырын жетік меңгерген маман ретінде қазір эфирде жүрген жүргізушілердің этикасы, тіл тазалығы жайлы не айтар едіңіз?

— Мен кейінгі кездері теледидардан не радиодан әлі күнге дейін бір әдемі тіркес, не болмаса бір айшықты тіл, құлақтан кіріп жүрекке жететін үн, дауыс байқай бермеймін. Бірақ қазір теледидар басты орынды алып тұр. Өйткені, ол жұрттың көзінде. Ұлттық арнадан Бейсенің жүргізген хабарлары, Дархан Әбдіктің «Парасат майданы», міне, осы сияқты хабарлар керек. Телевидение ұлтқа жақын болуы керек қой. Бізде қазір бәрі жұлдыз болып кетті. Елдің көңілін аудару үшін бәріміз маймыл болып кеттік. Қазір эфирге шыққан жас тележүргізушілер былай тұрсын, пайым-парасаты асқан аға буынның да ойланбай сөйлейтін тұстары жиі байқалады. Жақында теледидардан Сұлтан Бейбарыс туралы бір пікірлер айтылды. Сонда сөйлеген ғылым докторы ма екен, бір үлкен кісі : «қазақта мақал бар, құмдар жиналып тас болмайды. Құлдар жиналып ел болмайды» дейді. Қазақта сондай мақал бар ма? Қазақ айтады: «Құм жиылып тас болмас, құл жиылып бас болмас» -дейді. Екніші мәселе, неге біз шетел тілдерінің сөздерін араластырмай, баламасын өзіміз таппаймыз? Жаһандануға қарсы күресеміз дейміз. Бастауыш мектепті бітіргенше ана тілін оқымаған баладан қандай тілді талап етесің? Кеше бір әңгіме жаздым, «Жаза» деген. Аяқтап үлгере алмай жатырмын. Көркем әңгіме. Жазарын жазып алдым-ау. Бірақ енді қиналып жүрмін. Өйткені бұдан кейінгі менің балаларым, немере, шөберелерім менің кәдімгідей мөлдіретіп жазғанымды ұғар ма екен? Ұқса қай тілдерді оқыр екен? Ағылшынша оқи ма, қытайша ма, қазақша ма, орысша ма? Мені қинайтыны сол. Қазіргі телеарнадағы жүргізушілердің көбі халыққа жаны ашып, пайдалы дүние беруден гөрі, жеке басын ойлап, жұлдыз болғысы келетіндер.

— Эфирдегі жүргізуші қандай болуы керек?

— Бұрындары көрерменнің ықыласы өте мол болатын. Ол кезде біз телеарнада жүргізуші болып жүріп, рейтинг жинаймыз дегенді ойламайтынбыз. Қазір жұлдыз көбейіп кетті ғой. Біздің жұлдыз болу деген қаперімізге келмейтін. Қазір әзіл-ысқақ, шоу дейтіндер көп. Ойнағанда тіпті әсірелеп ойнайды. Айқай-шу жатқан. «Ей-ей» — дейді, қала берді төбелес. Эфирдің мәдениеті деген жоқ қазір. Эфирге орта жасқа келіп қалған қыздарымыз шығады, бала тәрбиесі дей ме, жасанды бәрі, бет-ауыздарын тарттырып тастаған, өтірік езу тартқан болады. Шын жүректен айтып, әңгімелеу деген болады ғой. Адаммен сөйлесу деген адамның жанына үңілу деген сөз. Алдыңдағы адамның не айтқысы келгенін көзінен байқап отырасың. Көз деген көңілдегіні білдіретін шаруа ғой. Біздің жүргізушілер кейіпкерден гөрі өздерінің бет-әлпетін көбірек ойлайды. Эфирдегі жүргізуші телеарнаны көрген екі жасар баладан бастап, еңкейген қартқа дейін үлгі болып, сөзі мен сымбаты үйлесім тапса, қандай ғанибет. Жүргізуші көрерменнің алдындағы жауапкершілігін түсініп, аузынан шыққан сөзін түзесе, мәдениет деген сол.

Қазақ радиосының ардагері, диктор Сауық Жақанова:

— Сауық апай, сіздер алғаш радиоға келгенде дикторларға талап қандай еді?

— Әрине, эфирге алғаш келгенде тәжірибеміз аз еді. Нина Сейітқызы дейтін апайымыз болды. Сол кісі «қолдарыңнан қарындаш түспесін» дейтін. Бастапқыда біз бұл сөздің мағынасын онша түсіне қоймадық.  Сөйтсек сөздердің эфирде оқығанда жүйесі болады екен. Қай жерден демалу керек, тыныс алатын жерде тыныс белгісі сияқты шартты белгілер қойып отыру керек, немесе Ә.Байжанбаевпен бірге хабар жүргізгенде кейбір шығармалардың астына ирек-ирек сызық қоятынбыз. Бұны әсіресе киностудияда жиі пайдаландық. Ол тез-тез оқы деген сөз екен. Өйткені, оқыған мәтінің сюжетке дәл келу керек. Хатты кім танымайды? Хатты елдің бәрі біледі. Бірақ, диктор деген ернің жыбырлап оқып шығу емес, оқитын дүниеңді ой елегінен өткізіп, әр сөздің мәнін дәл етіп, сезіммен жеткізу. Тыңдаушыңды сөзіңе сендіру.

— Ал қазіргі таңда радиода жүрген дикторлар жайлы көзқарасыңыз қандай?

— Бүгінгі дикторлар өзінің алдындағы мәтінімен ғана қалып қойған. Сөзге де мән бермейді, әріптерге де  мән бермейді. Өйткені оларды арнайы таңдап алмайды. Жас мамандар телевидениеге барғысы келеді.  Журналистер, мысалы КазГУ-дың журналистика факультетіне келген студенттер бірден жұлдыз болғысы келеді. Ал жұлдыз болу зор еңбекті талап етеді. Қазақтың тілі өте бай. Тек соны мәнеріне келтіріп, тыңдарманға көркем де, шынайы етіп жеткізе алатын дикторлар аз. Тілімізде үндестік заңы деген ереже бар. Қазіргі дикторлардың көбі сондай заңдылықтың өзін біле бермейді-ау, шамасы.

 Қазақ радиосы Алматы студиясының жетекшісі, журналист Бахыт Жағыппарұлы:

— Бахыт аға, сіз бүгінгі күні радионың нағыз қайнаған қазанында жүрген мамансыз. Қазақ тілінің радио қолданыстағы жайы қандай?

— Радио деген жалпы тәрбие құралы. Біздің буын радиомен тәрбиеленіп өсті. Біз Жүсіпбек Елебеков дейтін қазақты, Дәнеш Рақышев дейтін әншіні, Сауық Жақанова, Әнуәрбек Байжанбаев дейтін кісілерді тау мен таста қой қайырып жүріп, қиялымызды аспандатып жүрген кезде радиодан танып білдік. Мен өзім спектакль дейтін дүниенің болатынын, актерлар онда ойнайтынын осы радиодан естіп таң қалғанмын. Дикторлық өнер деген қазақтың үні, қазақтың тәрбиесі. Қазақтың сөзінің мәні, мәйегі. Өкінішке орай тәуелсіздік алғаннан кейін бізде пышақ кескендей дикторлық өнерді тыйды. Сөйтіп олардың жолын қиды. Қазақтың тілі мемлекеттік тіл деп айтылғанымен, қалт-құлт етіп тұрған кезде өскелең ұрпаққа үлкен соққы болды. Біз қазір тіл дейміз, тілден бұрын қазақтың қоңыр үнінен айырылып қалдық. Неге? Өйткені, сол қоңыр үнді қалыптастыратын, соған тәрбиелейтін, соған талпындыратын, кешегі қазақ шалқар радиосы сонда қызмет ететін дикторлар еді. Біз соларға еліктейтінбіз, соларға ұқсап талпынатынбыз. Дауысымызды қоюлататынбыз. Осының барлығы тәрбие еді. Ал қазір қалай болса сөйлейтін әншілерді, қалай болса сөйлейтін әртістерді көрген жас ұрпақ, өзінің қанына сіңген атаның қуатымен дарыған үні мен тілінен айырылды. Бұл біздің ұлттық трагедиямыз.

— Қазақ, Шалқар радиоларында қызмет етіп жүрген дикторлардың да деңгейі мәз емес пе?

— Олай деп айта алмаймын. Қазақ, Шалқар радиоларының Алматы студиясында нағыз мамандар жұмыс істейді. Өйткені, бізге келген мамандарды эфирге жібермес бұрын үлкен дайындықтан өткіземіз. Тілдік сауаттылығы мен үн тазалығына баса назар аударамыз. Қазіргі таңда біздің радиодағы мамандардың соңы 12-13 жылдық іс тəжірибесі бар, дауыстары екшелген жүргізушілер. Кезінде Әнуарбек Байжанбаев Сауық Жақановаға: «Әй, Сауық, әр әрпін қисайтпай оқып шықтық, ә?!» — деп айтады екен. Ал, қазір біз əріп түгіл, сөзді шашыратып айтатын деңгейге келдік. Қазақтың «ң» деген әрпінен айырылып қалдық. Бұл радиода да, телеарнада да кездесетін мәселе. Біз әлі де қолға алатын мәселелер аз емес.

Сөз соңында

Телеарнадағы жүргізушіге қарап бой түзеп, күн ұзақ құлаққаптары құлағынан түспейтін жастар үшін телерадио жүргізушілерінің әсері мол. Әлем ғалымдары мойындағандай, бүгінде халық ақпаратты визуалды қабылдауға бейім. Естігені мен көргенін дұрыс деп қабылдайтын бүгінгі ұрпақ үшін жүргізушілердің әр әрекеті дұрыс.  Басқасын былай қойғанда, телеарналар мен радиода, әсіресе жаңалықтарда айта-айта жауыр болған «осы ретте», «белгілі болғандай», «менің ойымша» деген секілді орысшадан тікелей аударылған тіркестерден әлі де құтыла алмай келеміз.  Кезінде сөз саптау мәнері мен шешендігінің арқасында дүйім жұртты таң қалдырған бабаның ұрпағы едік. Әтттеген-айы, Бөлтірік шешен айтпақшы: «Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет», — деген нақылдың өзектілігі артқан заман туды.

Гауһар Түстікбаева

«Қазақ газеттері» ЖШС




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *