КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ ҚҰҚЫҒЫҢЫЗДЫ БІЛЕСІЗ БЕ?

131

      1995 жылы 30 тамызда республикалық референдум нəтижесінде, халықтың тікелей дауыс беруімен тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы қабылданды. Содан бері Ата заң  егемен еліміздің тұрақты дамуының кепілі болып, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылықты сақтап, еліміздің əрбір азаматының бақытты өмір сүруін қамтамасыз етіп келеді.

         Ата Заң – Қазақстан Республикасын демократиялық, зайырлы, құқықтық, əлеуметтік мемлекет ретінде айқындайтын жəне оның ең қымбат қазынасы – адам мен адам өмірі, құқықтары мен бостандықтары екендігі жөніндегі заңды құжат.

        Қазақстан Республикасы Конституциясының 24-бабында әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына, қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін нендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар екені баса айтылған.

       Жасыратыны жоқ, осы талапты жұмыс берушілердің арасында орындамайтындар бар. Бұл еңбек адамының әуре-сарсаңға түсуіне алып келеді. Оның күйзеліске душар болып, соңы қайғылы жағдайға әкелуі де әбден мүмкін.

     Ал осындай жағдайға тап болған кезде еңбек адамы қандай қам-қарекет жасауы керек? Ол  өзінің Конституциялық құқын біле ме? Осы сауал қойылса,  көбінің тосылып қалатыны рас.

         Еңбек адамы өзінің Конституциялық құқын жақсы білмеуі салдарынан көп ретте шарасыз күйге тап болады. Жұмыстан басқаға бас ауырта қоймайтын қарапайым еңбек адамдарының ортасында, ұжымдарда жиі-жиі болып, осы жайында жан-жақты түсіндіріп жатқан кім бар? Сондықтан бұл мәселені басты назарда ұстаған жөн-ау.

      Қазір, жасырып қайтеміз, үгіт-насихатқа үрке қарайтындар, оны кешегі кеңестік кезеңнің сарқыншағы деп түсінетіндер бар. Мұны дұрыс дей алмаймыз. Өйткені, ілім-білім, үгіт-насихат қай кезеңде де керек. Қарапайым еңбек адамдарының да заң, құқық жағынан хабары болғаны жөн. Сонда ғана ол өзінің Конституциялық құқықтық міндеттерін біліп, өзін өзі қорғауға дәрменді бола алады.

Ал еңбек кикілжіңдері мен дау-дамай туындап жатқан жағдайда оны шешу үшін бірлескен, өзара ынтымақты іс-қимыл болғаны жөн. Оның негізгісі – әлеуметтік әріптестік.

Әлеуметтік әріптестік жұмыс берушілер мен жұмысшылардың және мемлекеттік органдар арасындағы еңбек қатынастарын реттеудің негізгі тетігі болып отыр.

Жұмыс берушілердің еңбек қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарауы мен лайықты еңбек жағдайын жасамауы көп ретте  қайғылы жағдайларға әкеледі. Кейбір кәсіпорын иелерінің ең басты көздегені – көл-көсір табыс. Жалдамалы жұмысшыларға лайықты еңбек жағдайларын жасаудан бұрын қалта қампайтуға жақын тұрады. Олар үшін еңбек адамдарының амандығы мен денсаулығы – екінші мәселе. Оған көп бас ауырта қоймайды, қаржы қарастырмайды. Түрлі сылтау айтып, бұл мәселені кейінге ысыра береді. Осындай келеңсіз көзқарастың салдарынан өндірісте оқыс оқиғалар орын алады.

Мұндай жағдайды азайту үшін не істеген жөн? Қандай іс-шараларды қарастыру керек?

         Бірінші кезекте, әрине, мемлекеттік құрылымдар мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен жүйелі жұмысы, яғни мықты әлеуметтік әріптестікті қалыптастыру  қажет. Сонда ғана нақты нәтиже болады.

        Қазір бұл мәселені республикалық деңгейде әлеу­меттік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үш жақты комиссия  қамтамасыз етіп отыр.  Қазақстан Республикасының Үкіметі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері және қызметкерлердің республикалық бірлестіктері арасында Бас келісім жасалған. Бұл  әлеуметтік-еңбек қатынастарын және осымен байланысты экономикалық қатынастарды реттеудің жалпы қағидаттарын белгілейтін құқықтық акт. Осыны еңбек адамдарына жеткізіп, жеткілікті түсіндіре білу қажет. Көбі осындай Бас келісімнің бар екенін, оның артықшылықтары жайлы біле бермейді.

         Осы Бас келісімнің аясында соңғы жылдары біраз жұмыстар жүзеге асты. 2018 жылдың сәуір айында Павлодар қаласындағы  электролиз заводының өндірістік алаңында Кәсіподақтар федерациясы мен «НұрОтан» партиясы жұмысшылардың мүддесін қорғау мен еңбек қауіпсіздігін бақылау бағытында өзара ынтымақтаса жұмыс істеу үшін Меморандумға қол қойды. Екі ұйым бірқатар іс-шараларды бірлесе жүргізді. Соның бірі – Павлодар облысы Ақсу қаласындағы ферроқорытпа заводында «Лайықты еңбек – мемлекеттің тұрақтылық негізі» деген тақырыпта өткен еңбекшілер форумы. Мұндай форум кейінгі кезде ұмыт бола бастаған еді. Енді қайта жанданды. Оның да жөні бар. Бұл қарапайым еңбек адамдарының мәртебесін көтеруге  мемлекеттің айрықша назар аудара бастағанының тағы бір айқын көрінісі.

      Еңбек адамына әрдайым құрмет көрсетіліп, еселі еңбегі бағалануы тиіс. Мұны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті –Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев талай мәрте айтқан болатын. Олардың ерен еңбегінің арқасында ел экономикасы өркендеп, Қазақстанның әлемдегі озық отыз елдің қатарына қосылуына жол ашылады. Сондықтан осындай жанқиярлықпен еңбек етіп жүрген жандардың қауіпсіздігі мен амандығы ең маңызды мәселелердің бірі болуы тиіс.

         Ақсу ферроқорытпа заводында өткен форумда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев былай деген еді: «Республикалық форумның  Ақсу ферроқорытпа зауытында ұйымдастырылуы тегін емес. Жарты ғасырлық тарихы бар, жылына 1 млн. тоннадан астам қорытпа шығаратын бұл кәсіпорын – еңбек қауіпсіздігін сақтап, жаңғырту жұмыстарын жүйелі жүргізетін зауыт. Өкінішке қарай, еліміздегі өнеркәсіптің барлығы дерлік осындай деп айта алмаймыз. Әсіресе, мұндай оқыс оқиғалар тау-кен, құрылыс салаларында жиі кездеседі. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін еңбек қауіпсіздігін арттыруымыз қажет».

        -Бұл форумды үлкен өндіріс орындары шоғырланған Павлодар өңірінде өткізуіміздің мәнісі — осындағы кәсіпорындарда еңбек адамдарының жағдайы мен мүддесіне байланысты республиканың басқа аймақтарына таратуға тұрарлық жақсы іс-тәжірибе бар. Соны кеңірек насихаттау керек. Басқа өңірлердегі өндіріс орындарында да дәл осындай еңбекті қорғау мақсатында табанды іс-шара жүргізілетін болса жұмыс орнында мертіккендер мен мерт болғандар көп азаяр еді, — дейді Қазақстан Кәсіподақтары федерацияның төрағасы Бақытжан Әбдірайым.

           2018 жылғы мәліметке қарағанда, республика бойынша еңбек жағдайында зардап шеккен адамдардың қатары 1300-ге жуық. Оның ішінде  өмірмен қоштасқан 189 адамның 15-і әйел. Адамның өмірі мен денсаулығынан артық ештеңе жоқ.

         «2018 жыл еңбек қауіпсіздігін сақтау жылы» деп жарияланды. Биыл бұл жалғасын тапты. Қазақстан Үкіметі қолдау білдіріп, 2019 жыл да  еңбек қауіпсіздігі жылы болып белгіленді.

Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында  кәсіпорындарда құрылған өндірістік кеңестер белсенді жұмыс істеуі тиіс. Елімізде осындай 12849 өндірістік кеңес бар. Бірақ, оқыс оқиғалар мен жарақаттар көбірек орын алатын ірі және орта кәсіпорындарда бар-жоғы 1032 кеңес құрылған. Бұл барлық өндірістік кеңестердің бар-жоғы 7-ақ пайызы. Өте аз.

  Жұмысшылардың өмірін  сақтап, олардың денсаулығына  зиян тимеуін қаласақ, ірі өндіріс орындарында өндірістік кеңестердің қатарын арттыру керек, Бірақ, бұған барлық кәсіпорындардың басшылары ынталы емес. Олардың арасында тіпті жұмысшылармен жеке еңбек шартын жасаудан қашқақтайтындар да бар. Мұндай жағдайда, жұмысшылардың еңбегін қорғау мен қауіпсіздігі  былай тұрсын, олардың заңды құқы мен мүддесі аяқасты болады деген сөз.

Жұмысқа тұрғанда төбесі көкке жеткендей қуанатын жұмысшының сол сәтте еңбек шартын жасауды ойламайтыны да жасырын емес. Біраз уақыт өткеннен кейін қуанышы су сепкендей басылып, табан ет, маңдай терімен тапқан еңбекақысын ала алмай, жүйкесі тозып, әуре-сарсаңға түседі. Еңбек адамдарының осындай жағдайға тап болуын азайту үшін Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестермен бірге «Еңбек келісім-шартын жаса!» акциясын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Тəуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамдағы барлық саяси-экономикалық, əлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды.

Конституцияның жеткізген жетістіктері көп. Түп -тамырымен қоғам өзгерді, адамдардың менталитеті, олардың өмір сүру ортасы, санасы, мәдениеті дамыды. Халықтың қоғамдық белсенділігі артты.

Ата заң ел экономикасын түбегейлі реформалау мен оны терең дағдарыстан шығарудың проблемаларын шешті. Еліміздің сындарлы сыртқы саясат жүргізуіне ықпал жасады. Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын орнықтырып, демократиялық институттарды дамытты.

Рас, жоғарыда айтқанымыздай, Конституциялық және басқа да заңнамалық талаптар мен міндеттерді дұрыс деңгейде орындамай, еңбек адамдарының құқықтары мен мүддесін аяқасты етіп, олардың денсаулығы мен өміріне зиянын тигізіп жатқандар да бар. Осының бәрі заң шеңберінде реттеліп, қалыпты арнаға түсуі қажет.

 Еліміздің Ата Заңы елдің құқықтық дамуын қадағалайды. Ата Заңға сәйкес қоғам дамып, заңдар жаңартылуы керек. Әлеуметтік, қызметтік, мүліктік жағдайына, ұлтына, тіліне, наным-сенімі мен дініне қарамастан заң алдында қазақстандықтардың бәрі тең және осы қағида қоғамның негізгі ұстанымына айналуы тиіс.

Қазақстан Республикасының Конституциясы тәуелсіз мемлекетіміздің әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылуына, халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс-тіршілігінің айтарлықтай жақсаруына, ел экономикасының қарқынды дамып, тәуелсіз мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, халықтың игілігі мен құқын қорғау жолында алдағы уақытта да сенімді кепіл бола беретіні сөзсіз.

  Ғалым ОМАРХАН

Нұр-Сұлтан қаласы.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *