Арыстағы жарылыс: Бөген су қоймасына қатысты ақпарат жалған

217

Түркістан облысы Арыс қаласындағы жарылыс салдарынан «Бөген» су қоймасына қауіп туындағаны туралы ақпарат жалған. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Қазіргі таңда көптеп тарап жатқан «Бөген» су қоймасынан келетін қауіп туралы ақпараттың жалған екенін мәлімдейміз», — деді әкімдіктен. Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия оқиға орнында жүр. Арнайы штаб құрылып, әскерилер мен құқыққорғау органдары ТЖ аймағына келіп жетті. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, тұрғындар: 1.Ақдала бұрылысы 2. 41-разъез 3. «Водозобор» бағытында лагерьлерге орналастырылады. «Аталған үш бағыт бойынша әскери көліктер, камаздар мен арнайы жасақ жұмылдырылуда. Лагерь басында тұрғындарды аудан әкімдері қарсы алып, жайғастырады. Әлеуметтік нысандарды (аурухана, балалар) полиция қызметкерлері көшіруде. Сондай-ақ,Отырар мен Ордабасы аудандарында 100 орындық екі госпиталь ашылды. Қосымша 30 жедел медициналық көлігі жұмыс істеуде», — деді облыс әкімдігінен.  Бүгін  таңертең  Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім қоймасында жарылыс болды.  Бірнеше өңірдің Төтенше жағдайлар департаменті шұғыл желілер құрды. Көп ұзамай облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев бастаған арнайы комиссия Арыстағы әскери бөлімге аттанды. Жағдайдың ауқымымен танысқан өңір әкімі Арыс тұрғындарын эвакуациялау туралы шешім қабылданғанын мәлім етті. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті тұрғындар қайда және қалай эвакуацияланып жатқанын хабарлады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті органдарға Арыстағы төтенше жағдайдың зардаптарын жою туралы тапсырма берді. ҚР Қорғаныс министрлігі ресми ақпарат таратып, түске дейінгі уақыттағы жағдай бойынша зардап шеккендер жоқтығын айтты.  Кейін хабарланғандай, оқиға орнына Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев ұшып шықты.

Дереккөз: inform.kz




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *