ОТЫРАР АУДАНЫ МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ ЖАНДАР ҮШІН КЕДЕРГІСІЗ КЕҢІСТІККЕ АЙНАЛМАҚ

193

Бүгінгі таңда үкімет тарапынан азаматтарға барынша сапалы әрі уақытылы қызмет көрсету бағыты қарастырылған. Соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде, деп хабарлайды Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Мүмкіндігі шектеулі жандарды тегін такси қызметімен қамту маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Міне, осы мақсатта бүгін жергілікті бюджет қаржысы есебінен «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесінің теңгеріміне мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жабдықталған «Газель» автокөлігі сыйға тарту етілді.
Игі шараға арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Ерлан Айтаханов ізгі тілегін жеткізді. Сөз барысында аудан басшысы бұл шара облыстағы аудан-қалалардың ішінде бірінші рет Отырар ауданында жүзеге асырылғандығын ерекше атап өтті және мұндай арнаулы көліктің алынуына жеке қабылдауға келген азаматтардың өтініштері себеп болғандығын жеткізді. Сонымен қатар, Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдаған: «Қазақстан жолы -2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауында «мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек назар аудару керек» — деген тапсырмасы аясында осындай игі шаралар мұнымен шектеліп қалмайтындығын алға тартып, автокөлік кілтін салтанатты түрде «Үйде әлеуметтік қызмет көрсету» мекемесінің басшысы Сәкен Кішібайға табыстады.
Шарада сөз алған Құрбанкүл Ермекбаева мүмкіндігі шектеулі жандарды назардан тыс қалдырмай, әрдайым көңіл бөліп, қолдау білдіріп келе жатқан ел Үкіметіне және аудан әкіміне риясыз алғысын білдірді.
Іс-шара аяқталған соң бір топ мүмкіндігі шектеулі азаматтар дәрігерлерге көрініп,  емдік шаралар қабылдау үшін су жаңа көлікпен облыс орталығына аттанып кетті.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *