ҚР Премьер-Министрі Нұр-Сұлтан қаласын дамыту жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді

394

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру барысын бақылау жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысын өткізді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі мәлімдеді.

 «Елбасының тапсырмасы бойынша елорданы дамытудың өзекті мәселелерін шешу, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау нысандарын салу және көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша Нұр-Сұлтан қаласын дамытудың бес жылдық Кешенді жоспары дайындалып, бекітілді», — деді ҚР Премьер-Министрі.

 Мемлекеттік комиссия отырысы барысында қаланың жиынтық құрылысы жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру, газбен жабдықтау, қала маңын дамыту және үлестік құрылыс мәселелері талқыланды. Бейінді бағыттар бойынша Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Денсаулық сақтау министрі Е. Біртанов, Білім және ғылым министрі А. Аймағамбетов, Ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев, Әділет министрі М. Бекетаев, Энергетика бірінші вице-министрі М. Досмұхамбетов баяндады.

«Елордада тұрғын үйге сұраныс жоғары кезде тұрғын үй құрылысының қарқыны төмендемеуі тиіс», — деген Асқар Мамин, 6 айдың қорытындысы бойынша құрылыс қарқыны 20%-ға төмендегенін айтты.

«Үкімет елорданы кешенді дамытуды іске асыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдады. Елорда әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізу бойынша барлық өңірлерге үлгі болуы тиіс», — деді Асқар Мамин.

 Елорда әкімдігі биыл 9 жобаны іске асыруды жоспарлады, соның ішінде әлеуметтік, мәдени маңыздағы нысандар, газдандыру нысандарын, инженерлік желілер салу мәселелері бар. «Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі мәселелерді шешуге үш жылдық кезеңге 22,5 млрд теңге қарастырылған, осы қаражатты қала төңірегінде өмір сүретін азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға жұмсау қажет», — деп Асқар Мамин баса айтты.

ҚР Премьер-Министрі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің негізгі жұмысы газбен жабдықтау, көшені жарықтандыру, нөсер канализациясы, әлеуметтік нысандар салу, абаттандыру, көлік желілерін дамыту мәселелерін жедел түрде шешу екенін айтты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *