Ө. ШӨКЕЕВ «NUR OTAN» ПАРТИЯСЫ ФИЛИАЛЫ ЖҰМЫСЫНЫҢ 7 БАҒЫТЫН АТАДЫ

119

Түркістанда «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының Саяси кеңесі өтті. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Нұр-Сұлтан қаласында өткен партияның Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында қаралған өзекті мәселелер мен оны облыс аймағында іске асырудың тиімді жолдарын талқылау сөз болды.

Мәжіліске «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Шөкеев Өмірзақ Естайұлы мен саяси кеңестің мүшелері мен қоғам өкілдері мен аудандық мәслихат хатшылары, фракция жетекшілері қатысты.
21 тамыз күні Елордада Елбасы, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам» – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасын ұсынған болатын.
Осы орайда, өңір басшысы Ө.Шөкеев жаңғырту бағдарламасына кеңінен тоқталып, облыста жүзеге асыру барысы бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Бірінші, партияның белсенді мүшелерін айқындап алуымыз қажет. Партияда ел дегенде жанашырлықпен жұмыс істейтін, халыққа шын жаны ашитын белсенділер жүруі керек. Арыс қаласындағы жүйе секілді әр ауданнан белсенді 10 адамнан жинап, партия атынан халықпен тығыз жұмыс істейтін оперативтік топ құруды тапсырамын.
Екінші, жастар жылына орай, әкімдік, басқарма басшылары, зиялы қауым, белсенділерді тарта отырып «Жас Отан» жастар қанатымен бірге диалогтық алаң құрып, пікір-сайыстар өткізуіміз қажет. Осы конструктивті пікір-сайыстан өзіндік ойы бар жастарды партия қатарына тарту керек.
Үшінші, қоғамдағы тамырын тереңге жайған жемқорлық індетімен күресу мәселесі. Сыбайлас жемқорлықпен күресте партиялық бақылау қажет. Бұл шара сыбайлас жемқорлықпен күреспен қатар, мәслихатта партия фракциясын күшейтеді.
Төртінші, партия азаматтардың өзекті мәселелерін шешуде, олардың әлеуметтік жағдайын түзеуге көмек көрсетуі тиіс. Мысалы, халқы тығыз қоныстанған оңтүстік өңірден солтүстікке көшіру бойынша «Еңбек» бағдарламасын қазір «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы жақсы насихаттауда. Осы бағыттағы жұмысты жалғастыру қажет. Сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек, көп балалы аналардың мәселесін, аз қамтамасыз етілген отбасылар бойынша жұмыс партия бақылауында болсын.
Бесінші, партияда қарапайым халықпен қатар кәсіпкерлерге заң жүзінде кеңес беріп, олардың арыз-шағымын тыңдайтын Қоғамдық бизнес-қабылдау ашылуы қажет. Аудандарда Қоғамдық қабылдауды шынайы өткізіп, әлеуметтік желілерде тікелей эфир арқылы көрсетуді қолға алу керек. Партияның барлық әлеуметтік желілерде арнайы парақшасы ашылып, оған азаматтар кез-келген уақытта арыз-шағымын қалдырып, нақты жауап алуы керек.
Партия ашық болуы тиіс. Партия мүшелері халықпен кездесуі керек. Партия ғимаратына әр адам еркін кіруі тиіс. Осы орайда облыстағы жобалық кеңсемен бірге «Nur Otan»партиясы облыстық филиалы «Open space» форматына көшеді. Мен өзім апта сайын осы ашық алаңға келіп, партиямен бірге халықпен кездесетін боламын.
Алтыншы, облыстағы, аудандағы әлеуметтік-экономикалық, саяси жағдайды насихаттауда, өзекті мәселелердібұқаралық ақпарат құралдары айтуы керек, жазуы керек. Төртінші билік атанған БАҚ шынайы ақпарат таратып, объективті материал жариялауы қажет.
Жетінші, Елбасы тапсырмасына сәйкес «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Ауыл ел — бесігі» жобасы біздің облыста қарқынды жүзеге асуда. Биылдың өзінде 4 млрд. теңге көлемінде аудандарға қаражаттар бөлініп, тиісті жұмыстар басталып кетті. Осы халықтық жобаның жүзеге асуын партиялық бақылауға алып, сапалы орындалуын тапсырамын. Сонымен қатар, Түркістанның мәдени-рухани бағыттағы деңгейін арттыруға Партия филиалы «Мирас» қоғамдық кеңесі арқылы барынша ат салысуы тиіс», деді партия филиалының төрағасы.
Тұрғындармен диалог, кері байланыс орнату, олармен жұмыс істеу — біздің жаңа парадигмамыз болуы керек. Халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлер, партия мүшелері аталған принициптерді негізге алуы тиіс. Осы орайда жақын арада біздің облыста шенеуніктермен халық арасындағы байланыстың автоматтандырылған механизмі іске қосылады.
Партия мен халықтың сеніміне ие болуда біз өзіміз халықпен байланысты нығайтумен қатар, қоғамдық бақылау және партия белсенділері мен шенеуніктерді бағалау тетігін ұйымдастыра білуіміз керек. Сондықтан да халықтан сауалнама жинау арқылы әкімдік пен партияның лауазымды тұлғаларының рейтингін шығаруды ұсынамын», деді облыс басшысы.
Жиын соңында аталған тапсырмалар бойынша Саяси кеңес мәжілісінің қаулысы қабылданды.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *