Қазақ радиосының тілшісі BBC Radio 3-ке хабар жасады

94

Ұлттық музыка тақырыбындағы Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі Жадыра Жұмакүлбай Англияның BBC Radio 3 арнасының ұсынысымен қазақтың музыкасы туралы ағылшын тілінде хабар дайындады.

BBC Radio 3 – музыкалық бағыттағы радио. Ол әртүрлі жанрдағы музыка туралы хабарлар ұсынады.  «Music Planet: Road Trip» хабары – әлем халықтарының төл музыкалық өнеріне арналады. Осы бағытта телеарна, газет, радиоға хабар жасап жүрген Жадыра BBC-ліктерге көктемде «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» серіктестігі шығарған «Дала фольклорының антологиясы» негізінде бағдарлама жасау жөнінде ұсыныспен хабарласқан. Өздері қаламаса, өзгенің айтқанымен жүрмейтін сырбаз ағылшындар антологияға қандай материалдар енгені турасында Жадырадан хат-хабар алысып отырып, Лондондағы BBC-дің бас штабында арнайы коммисия құрып, бұл мәселені қарамаққа бел буған. Шешім әлі келген жоқ. Әйткенмен, осы уақыт аралығында BBC Radio 3 ұжымы Лондондағы Қазақстан Елшілігі арқылы Жадыраға тікелей шығып, қазақ халқының төл музыкасы туралы бір хабар жасап беруді өтінген.

Жадыра ЖҰМАКҮЛБАЙ, Астана радиосының шеф-редакторы, Қазақ радиосының жүргізуші-редакторы:

-Алғашында олардың Music Planet: Road Trip» бағдарламасын сайттарынан қарап, тыңдап көрдім. Әр мемлекеттің музыкалық мұрасына арналған екен. Олар маған қазақтың ұлттық музыкасының ертедегі саф және бүгінгі заманауи  өңдеудегі бірнеше нұсқасын жіберуді сұрады. Ән, күй, жырдың орындаушылық мектептері бойынша ең үздік өкілдерінен 15 таспа жібердім. Олардың таңдауы тек төрт туындыға түсті. Олар Бекболат Тілеуханның орындауындағы Халық термесі «Шалқыма», Берік Жүсіпов «Сәулем-ай», Талғат Мұқышев «Арбиан қоңыр», Ерлан Рысқали «Дулат Бабатайұлының толғауы». Мен сценарий жазып жібердім, өздері оқиды екен десем, маған «сіздің дауысыңызбен жасағанымыз жөн» деген соң, алғаш рет ағылшынша хабар жасадым.

Хабар https://www.bbc.co.uk/programmes/m0007yrw сілтеме бойынша BBC Radio 3 эфиріне 30 тамыз күні шықты. Сенбіден бастап https://www.bbc.co.uk/programmes/p02nrw3w/episodes/downloads сілтемесі арқылы бағдарламаның арнайы подкастынан кез келген уақытта тыңдап, жүктеуге болады.

Естеріңізге салайық, Жадыра Жұмакүлбай бұған дейін «Қазақстан» ҰТА-да көрсетілген «Аламан айтыс», «Ән айтыс», «Күй тартыс», «Дала думан», «Ауыл сазы» бағдарламаларының редактор-сценарисі, «1001 мамандық» хабарының жүргізуші-редакторы,  «Алаш айнасы» газетінің тілшісі, Қазақ, Шалқар радиоларында «Аты жоқ көкек», «Талғамға талас бар», «Білім кеңістігі», «Менің Қазақстаным», «Ұлт тарихы» бағдарламаларының редактор-жүргізушісі қызметтерін атқарған. «Болашақ» стипендиясының иегері, Англияның Лестер университетінің түлегі.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *