«Береке» индустриалды аймағында құрылыс, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, фармацевтика салаларының нысандары орналасады

375

Алматы облысы Іле ауданындағы «Береке» индустриалды аймағында бүгінге дейін 8 кәсіпорын орналастырылған. Болашақта құрылыс, азық-түлік, киім-кешек, фармацевтика салаларының нысандары болатын бұл нүктелерде 1600-ден астам жұмыс орны құралады деп жоспарланған. Индустриалды аймақтағы жобалар санының өсуіне қарай, жұмыс орындарының саны бұдан әрі де өсетін болады. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбектің Алматы облысына жасаған жұмыс сапары кезінде белгілі болды, — деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды инновациялық даму басқармасының басшысы Руслан Қожасбаевтың айтуынша, «Береке» индустраилды аймағының жалпы көлемі 535 га. Әзірге оның аумағында 8 кәсіпорын орналасуда, олардың арасында «Green Land Alatau», «KazAgroTech», «Нұр Төбе» жылыжайлары, «Дархан МНМ» аяқ киім фабрикасы, «Мекада» құрылыс компаниясы және басқалары бар. Осы жобалар жүзеге асырылғанда 1620 жаңа жұмыс орны құрылады. Қазіргі кезде оларға жер бөлу, жобалау құжаттарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Индустриалды аймақтың кварталішкілік инженерлік жүйесінің құрылыстарына алдын ала есептеу бойынша 7,6 млрд. теңге қажет. Мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін бұл сома нақтылатын болады.

Сол сияқты осы жерде вице-премьерге «Gate City» жобасының бас жоспарына енгізілген, келісілген түзетулер туралы баяндалды. Кварталдық желілерді есепке алғандағы тұрғын үйлер салу кезеңдері, тұрғын аудандардың аумағын абаттандыру, жеке тұрғын үйлер салу жөнінде кеңінен сөз болды.

Болат Тәкеновтің айтуынша, өңір басшысына берілген тапсырмаға сәйкес оңтүстіктегі бірінші қаланың магистралдық инженерлік желілері аяқталған. Сумен қамту жүйесінің жалғастыру желілері, 202 Гкал қуаттылықтағы магистралды жылу трассасы бар су жылыту қазандығы, қосалқы стансалар, 2000 текшелік су жинағыш жасалған. Сол сияқты тұрғын үйлерге тартылатын көшеішілік инженерлік желілердің құрылысын жобалау жұмыстары да біткен. Оларды салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді. Бұл орайда облыс әкімі облыстық құрылыс басқармасына әлеуметтік нысандарды жобалау ісін бастауды тапсырды. Сонымен бірге Амандық Баталов тұрғын үйлер құрылысын бастау жұмыстарын қузау керектігін айтты:

— Бізде қазір алаңы 600 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер құрылысы үшін магистралдық желілер дайын. Бірінші кезегі 300 мың шаршы метрді құрайды. Тұрғын үй массивінің құрылысын бастауды жылдамдатуды сұраймыз. Себебі облыста әлі 40 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Әсіресе, көп балалы отбасыларды, халықтың әлеуметтік әлжуаз топтарын баспанамен қамту қажеттілігі бар, — деп атап өтті облыс әкімі.

Баяндамашыларды тыңдаған вице-премьер бұл мәселе бойынша жауапты тұлғалардың қатысуымен арнайы жиын өткізетінін айтты.

Сол сияқты Үкімет басшысының орынбасары «Маревен Фуд Тянь-Шань» зауытында да болды. Ресми делегация өндірістік цехтарды, дайын өнімдер қоймасын аралады. Аралау барысында кәсіпорын директоры брикеттегі және жаймадағы тез дайындалатын «Роллтон» кеспесін, «Роллтон-Домашний» сорпасын әзірлеу процестері туралы айтып берді.

Сапар соңында Жеңіс Қасымбек бұл зауытты өткен жылы Индустрияландыру күнінде Елбасы іске қосқанын, кәсіпорынның Орта Азияда теңдесі жоқ екенін еске салды. Зауытқа мемлекет тарапынан қажетті қолдаулар жасалған. Ең бастысы, мұнда 370 жұмыс орны құрылған.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *