Тораңғы

557

Тораңғы еліміздің шөлді өңірінде ерте замандардан өсіп келе жатқан қасиетті де, киелі ағаштың бірі саналады. Ол көбіне құрғақ далалы аймақтардың тақырлы, тұзды, борпылдақ сортаңды, құмдауытты, шөлейтті, шөлді алқаптарындағы өзен аңғарларында, бұйратты құм жоталарының арасындағы ойпаңдау жерлерде өсетін бірден-бір биік діңгекті ағаш.

Қазақ халқы тораңғы ағашын ежелден-ақ «шөл даланың падишасы» деп ерекше қастерлеп, оны отын ретінде отқа жағуға рұқсат етпейді, тіпті оны кесуге де болмайды деп есептейді. Өйткені тораңғы ағашының сұр-қоңырқай қабығына пышақ тисе, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Сондықтан да тораңғының қанға ұқсас сөлін оның қанды көз жасы деп, оны кескен адамды тораңғының киесі ұрады деген сөздермен тыйым жасап, шөл даланың көркі болып саналатын тораңғыны көзінің қарашығындай қорғауды үнемі ұрпақтарына өсиет етіп қалдыруының танымдық та, тәрбиелік мәні зор.

Тораңғы ағашының қасиетін қолөнер шеберлері жақсы біледі. Тораңғының тек қурап қалған ағашынан қолөнер шеберлері әр түрлі бұйымдар жасайды. Мысалы, түркістандық шебер Гауһарбек Күнқожаев «Қасиетті көк түйе» атты композициялық керемет домбыра жасаған туындысының қондырғысын Сыр бойында өсетін қасиетті тораңғы ағашынан жасауында да үлкен мән бар. Кей жерлерде жеке-дара тораңғы ағашы өсетін алқаптар «әулиелі жерлер» деп аталады. Мысалы, «Бес тораңғыл әулие», «Үштораңғы», «Желтораңғы» және т.б. жер атаулары соның айғағы деп айтуға болады.


Халқымызда тораңғы ағашына қатысты көптеген сөз тіркестері кездеседі. Мысалы, «бүрі төгілген тораңғыдай», «тораңғыдай то­лықсып», «шөлге біткен қу тораңғыдай», «кәрі тораңғыдай» және т.б. Сонымен қатар көр­некті халық жазушысы Қабдеш Жұ­маділовтың «Бір түп тораңғы» атты повесіндегі басты кейіпкерді тораңғы ағашына теңеуінде де үлкен мән бар. Халқымыз тораңғы ағашының көлеңкесінде ұйықтап демалуға болмайды деп есептейді. Дереккөз: Ана тілі

 Суреттерді түсірген: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

Алматы облысы

 

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *