Маңғыстау облысының студенттер жатақханалары бақылауда

336

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте айтылды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті облыс көлеміндегі жоғары, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінің студенттік жатақханаларына орналастыру рәсімінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ ол жерде бөгде адамдардың тұруын болдырмау шаралары бойынша Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің, бұқаралық ақпарат құралдары мен «Жас Отан» жастар қанаты өкілдерінің қатысуымен студенттік жатақханаларға мониторинг жүргізілді.

Жалпы облыс көлемінде 7 студенттер жатақханасы орналасқан, оның үшеуі жоғары оқу орнына, үшеуі арнайы орта білім беретін оқу орындарына және біреуі жеке кәсіпкерге тиесілі.

Мониторинг барысында анықталғаны, Х.Өзбекғалиев атындағы Маңғыстау политехникалық колледжінің №5 студенттер жатақханасын Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Р.К. Сәкеевтің 24.04.2019 жылғы хаттамасы (хаттама нөмірі көрсетілмеген) негізінде студенттерді басқа жатақханаға орналастырып, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жапқан.

Алайда, студенттер жатақханасын күрделі жөндеуден өткізу сметалық-жобалық құжаттамаларын дайындау, қаражат қарастыру мәселелері бүгінгі күнге дейін шешімін таппай, жиналыс хаттамасының тармақтары орындаусыз, қағаз жүзінде ғана қалып отырғандығы белгілі болды.

Бүгінгі күнде аталған колледж студенттері және Ақтау қаласындағы колледждердің 168 студенті «Гусейнов» жеке кәсіпкердің иелігіндегі жатақханаға 3 есе артық төлеммен қаражат төлеп жатуда (8000 теңге).

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің №1, №2, №3 студенттер жатақханасын бақылау барысында №2 жатақханада 1 адамға 6 шаршы метр көлем тиесілі болса, мұнда студенттер тұрып жатқан 112 бөлменің 66-да бұл талап сақталмай отыр. Яғни, көлемі 14 шаршы метр бөлмеде 3 адамнан тұрып жатқаны анықталды және №3 жатақханада барлық стандарттар сақталғанымен, университет тарапынан ұйымдастырылған асханада кассалық аппараттар жоқ. Айта кету керек, есептегіш құралдардың, кассалық аппараттадың болмауы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің көрінісі болып табылады.

Сонымен қатар, Қарақия ауданында орналасқан Қарақия кәсіптік колледжіне қарасты студенттер жатақханасында стандарттардың толықтай сақталғандығы және студент мемлекет есебінен тегін тұратыны, барлық жағдайлары жасалғаны белгілі болды.

Жүргізілген мониторинг барысында анықталған кемшіліктер бойынша ұсыныстар жолданды, тиісті шаралар қолданылатын болады.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *