Елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды істерді сәтті атқарып келеді

284

Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы мен этномәдени бірлестіктердің мүшелері, елордалық ҚХА жастары Қарағанды облысына сапар жасады. Сапар мақсаты-еліміздің тарихи маңызы бар жерлерін аралап, келешек ұрпаққа оны жіті таныстыру болып саналады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі хабарлады.

Сенбі таңы Қарағанды қаласының Достық үйінен бастау алды. Қарағанды облысы әкімі аппараты «Қоғамдық Келісім» КММ басшысының орынбасары Қуаныш Оспанов қонақтарды күтіп алып, Достық үйімен таныстырды. «Қарағанды облысы 100-ден астам этнос өкілдері тұратын Қазақстанның көпэтникалық аймақтарының бірі. 2015 жылдан бастап қалалық Достық үйі қызмет жасап келеді. Облыста өзіндік маңызы бар 23 этномәдени бірлестік бар», — деді Қ.Оспанов. Әрі қарай елордалық ҚХА мүшелері ғимарат ішін аралап, естелік суретке түсті. Кездесу соңында Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова Қ.Оспановқа алғыс білдіріп, естелік сыйлықты табыс етті.

Түскі астан соң сапар Қарағанды қаласынан 45 шақырым жерде орналасқан Долинка ауылындағы, еңбекпен түзеу лагері, яғни, КАРЛАГ-қа бағытталды. Бұл жерде Сталиннің іс-әрекетін жүзеге асыру үшін тұтқындардың еңбегін тегін пайдаланған. Осы азап лагерінің тарихымен мұражайдың экскурсия жетекшісі кеңірек таныстырды.

«Мұражайдың ішін аралау мен үшін ауыр болды. Барлығы өте шынайы бейнеленген. Тіпті бір уақыт сол заманға сапар шеккендей әсерде тұрмын. Бұл оқиға ешқашан қайталанбайды деп сенемін», — деді «Қырғызстан-Астана» этномәдени орталығының мүшесі Айжүрек Оразхан.

Мұражайдан шыққан соң, елордалық ҚХА мүшелері Қарағанды қаласының солтүстік-батысындағы 35 шақырымды құрайтын Теміртау қаласына сапарын жалғастырды. Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында болып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өмірбаяны арқылы Қазақстанның Тәуелсіздік алуы мен ауыр индустрия алыбы – Қазақстан магниткасының құрылу тарихымен етене танысты. Бұл арқылы елорда жастарына еліміздің дамуына серпін берген өрелі еңбектің жарқын үлгісі туралы кеңінен ақпарат беріліп, оларды патриоттық рухта тәрбиелеуге маңыз берілді. Осылайша, Қарағанда облысына елордалық Қазақстан халқы Ассамблеясының жасаған сапары өз мәресіне жетті. Алдағы уақытта аталмыш экскурсиялар өз жалғасын тауып, тарихи маңызы бар жерлерімізді терең танып білуге жұмыс жасала береді деген сенімдеміз.

Жалпы, тағылымдық мәні бар жұмыстар арқылы Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы бейбіт өмір маңызы ерекше екенін бүгінгі жастарға жан-жақты түсіндіріп, оларды бірлесіп адал еңбек етуге үндеп келеді. Биылдың өзінде ел дамуына бағытталған бірнеше жұмыстарды атқарып шықты. Бұл өз кезегінде өз жемісін беріп отыр.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *