Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті

289

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен экономикалық мәселелер жөнінде кеңес өтті, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Ақордға сілтеме жасап. 

Жиын барысында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары мен жоспарланған меженің орындалуы, қаржы-несиелік саясатты жүзеге асыру, атаулы әлеуметтік көмек реформасы, әлеуметтік даму және жұмыспен қамту мәселелері қаралды. Премьер-министр Асқар Мамин, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетовтер баяндама жасады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жалпы елдегі макроэкономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің динамикасы оң нәтиже көрсетіп тұр. Алайда, отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қол жетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.

Президент шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керек деп санайды. Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқанымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болған жоқ деп есептейді.

Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы – 2 есеге арттыруы қажет, – деп тапсырды Президент.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде 3-5 саланы қалыптастыру керек екенін айтты.

–  Индустриаландыру барысын жергілікті және шетелдік сарапшылар жіті бақылап отыр. Бұған дейінгі бағдарламаларға олар байсалды қараған еді. Бізге индустриаландыру идеясының беделіне нұқсан келтіруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономикалық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.

Бізде экспортқа қолдау көрсететін негізгі 3 оператордың, атап айтқанда, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, «KazakhExport» ұлттық компаниясы және QazTrade компаниясының көптеген тетіктері бар. Экспортқа қолдау көрсетудің барлық шараларын «бірыңғай терезеге» біріктірудің қажеттілігі жөнінде айтып жүрміз. Мен Үкіметке шетелге тауар шығарушылар арасында кәсіби сауалнама жүргізіп, проблемалық тұстары мен қордаланған мәселелерді анықтауды, осының негізінде мемлекеттік қолдаудың тетіктерін қалыптастыруды тапсырдым. Сіздер ұйымдастырушылық шешімдер де қабылдайды деп сенемін, – деді Президент.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *