ҚАРАБҰЛАҚ ҚАНТ ЗАУЫТЫ ҚАШАН ЖАНДАНАДЫ?

458

Ресми деректерге сүйенсек, қант өндіру өндірісінен Бразилия, Үндістан, Қытай және АҚШ сияқты алпауыт елдер әлемдегі алдыңғы орынды алады екен. Олар соңғы 10-15 жылда қант өндірісінің көлемін 30 пайызға арттырған.
Елімізде де ауыл шаруашылығын алға шығару мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы барған сайын артып келеді. Оның ішінде қант қызылшасы ерекше назарда тұр. Өткен жылы Елбасы Н.Назарбаев бұл мәселені күн тәртібіне қойып, аймақ басшыларына бірнеше тапсырмалар жүктеген еді. Соның нәтижесінде оңтайлы күрделі өзгерістер орын алып, отандық қанттың көлемі бірнеше есеге артты. Қант өндірісінің еселеп ұлғаюына Алматы облысы өз үлесін қосып, жүктелген негізгі борышын орындады. Соңғы 5 жылда аймақтағы қант қызылшасының егістігі 10 есеге көбейді.
Иә, қант қызылшасы Жетісу жерінің төл дақылы. Республика бойынша өндірілетін тәтті түбірдің едәуір көлемі Алматы облысына тиесілі. Мысалы, бұл дақылды басқа аудандарға қарағанда, біздің облыстың 10 ауданында (Алакөл, Ақсу, Еңбекшіқазақ, Ескелді, Жамбыл, Іле, Қаратал, Көксу, Сарқан, Талғар) өсіруге табиғи-климаттық жағдай мүмкіндік береді. Кеңес Одағы кезінде Қазақстанда қант өндіретін 8 зауыттың 5-еуі осы өңірде орналасқан екен.
Бүгінгі күні Алматы облысында екі қант зауыты жұмыс істейді. Қаншама жылдардан бері жалғыз жұмыс істеп келе жатқан Көксу қант зауыты қант өндіру қарқынына төтеп бере алмай, өткен жылы он жылдық үзілістен соң Ақсу қант зауыты қайта жаңғырып, ол да өзінің өнімін шығарған болатын. Соның нәтижесінде тәтті түбір өсірушілер зор жетістікке жетті. Облыс шаруалары 442 мың тонна қант қызылшасын жинап, әр гектардың өнімділігін 400 центнерден асырды. Бір ғана Ескелді ауданының өзінде 520 центнерден өнім алынып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді.
Әлем елдеріндегі қант өндірісінің маңызы, осы өндіріс түрінің республикамыздағы үлесі, одан қалса Алматы облысының салмағын саралау арқылы жүріп келе жатқан ізімізді Ескелді ауданына бұру – өзекті де негізгі мақсат. Себебі бұл жерде тарихы 1941 жылдан басталатын Қарабұлақ қант зауыты орналасқан. Оның одақтас республикалардың өнеркәсібі арасындағы салмақты үлесі орасан зор болған. Ұлы Отан соғысының алғашқы жылында Ресейдің Курск облысындағы қант зауыты Қарабұлақ кентіне көшірілген-ді. Зауыт жабдықтары жергілікті тұрғындардың күшімен тазаланып, орнатылған болатын. Алғашқы қант өнімі 1947 жылы алынды. Өкінішке орай, аталмыш зауыт нарық қыспағына шыдай алмай, 2014 жылдан бері өз жұмысын тоқтатты.
Зауыттың дүркіреп тұрған кезі мен құлдырау кезеңінен толық мағлұмат алу үшін алғаш еңбек жолын Көксу қант зауытында бастап, Қарабұлақ қант зауытында бас инженер, кейін зауыттың директоры болған Дәулет Әкімбековпен арнайы жолықтық. Кездескен сәтімізде Дәулет ағамыз бірден бізді толғандырған сұрақ бойынша әңгімесін бастап кетті:
— 1984 жылдың күзінде директор болып тағайындалдым. Сол кезде зауыттың өнімділігі тәулігіне 3000 тонна қант қызылшасын өңдейтін. Төрт ауысымда 800 адам еңбек етті. Жыл өткен сайын аудан көлемінде қант қызылшасының өнімділігі төмендей бастауына байланысты алып зауытта шикізат тапшылығы байқалды. Осындай сәтте тығырықтан шығудың жолын іздеп, қант құрағын өңдеу мәселесін қолға алдым. Осы орайда, қант құрағы шикізатын өңдеуге 1985 жылы екінші желі жабдықталды. 5-6 ай қызылша өңдеп жүрген зауыт тәтті түбір өндіру азайып кеткендіктен, 2-3 ай ғана жұмыс істейтін болды, — деп сол жылдар кеше болғандай еске алды.
Содан зауыттың тоқтап қалмауы үшін Мәскеудің бастамасымен қант құрағын өңдеу үшін екінші желіні жабдықтау туралы нұсқау түсіп, қолдарына сызба тапсырылған екен. Дәулет Рәшатұлының басшылығымен бұл желі бір жылдың ішінде жабдықталып, іске қосылады. Жыл өткен сайын қант қызылшасының өнімі өңірімізде азая түскендіктен Дәулет ағамыз Қазақ ССР-і Тамақ өнеркәсібі министрі Бексұлтан Тынбаевқа қант қызылшасын өңдеуді тұтастай Көксу қант зауытына өткізіп, ал Қарабұлақ қант зауытын толығымен қант құрағына ауыстыруға ұсыныс береді.
— Сол кездегі Көксу қант зауытының тәуліктік өнімділігі 1800 тонна қант қызылшасын өңдеуге қабілетті болса, Қарабұлақ қант зауытының өнімділігі одан екі есеге жуық артық болатын. Демек, осы біздің аймақтың шаруашылықтары да қызылшаны Көксудағы кәсіпорынға өткізсе, ол кәсіпорынға жетіп жататын еді. Сондықтан министр менің ұсынысымды мақұлдап, Қарабұлақ қант зауыты тек қант құрағымен ғана жұмыс істеуге көшірілді, — деп әңгімесін жалғады.
Одан басқа Дәулет Рәшатұлының Мәскеуге сапарында КСРО Тамақ өнеркәсібі министрі Юрий Кулиничтің қабылдауында болып, министр өз кезегінде Көксу, Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарының директорларын 1988 жылы Молдавияға тәжірибе алмасуға жібереді. Ол жақтағы зауыттардың бірнеше өндірістің басын ұстап отырғанын көреді. Яғни қант өндіру тоқтағанда, зауыт басқа өндірісті іске қосады екен. Жұмысшыларды жыл бойына еңбек ету мүмкіндігін пайдаланып отырғанын көрген Дәулет ағамыздың ойына жаңа идея келеді. Ол Одаққа крекер шығаратын 40 желі сатып алынғаны туралы естіп, бұл өндірісті басынан аяғына дейін зерделеп, осы істі қолға алуды ұйғарады. Барлық мәселені министрдің өзі ғана шешетін болған соң, Кулиничтің алдына барып, дайындаған құжаттарын жайып салады. Өзі айтпақшы «Оймақтай Қырғызстанға бір желі, төбелдей Өзбекстанға екі желі, ал аумағы шексіз де шетсіз Қазақстанға үш желіні сұрап алдым» дейді.
Дәулет Әкімбековтің біліктілігімен бір айда бой көтерген зауыт Қазақстандағы тұңғыш крекер зауыты болады. Жұмыс процесінің бәрі автоматтандырылған аталмыш зауыттың жобалық қуаты сегіз сағатта бір желісі 8 тонна пісірме шығаруға қабілетті болған. Сөйтіп, бұл жерде 400 адам жұмыс істеп, крекердің бес түрін шығарған.
Осындай қарқында жұмыс істеуге қабілетті болған кәсіпорынның бүгінде тек қиранды ғимараты мен ескірген құрал-жабдықтары қалды дегенге кім сенеді?! Облыстың ғана емес, одақтас республикалар арасында белгілі болған зауыт қаржы тапшылығына ұшырап, бір сөзбен айтқанда, кәсіпорын моральдық және техникалық тұрғыдан ескірген соң өз жұмысын толықтай тоқтатады. Бір кездері зор қарқынмен жұмыс істеген Қарабұлақ қант зауытының қысқаша тарихы осындай.
Ендігі кезекте өңірдің экономикалық жағдайына едәуір үлесін қосқан зауытты қайта жаңғырту міндетін аудан және облыс басшылары нықтап қолға алған еді. Көксу қант зауытының басшылығы кәсіпорынды қайта жандандыруға инвестор ретінде қызығушылық танытты. 2017 жылы Ресейдің Бийск пен Челябі қазандық зауыттарымен келісім-шарт жасалды. Қазіргі уақытта аталған зауыттардан тасымалданған қазандықтарды демонтаждау жұмыстары аяқталды.Жабдықтардың өндірістік қауіпсіздігі сараптамадан өткізілген. Осы жылы тартылған инвестиция көлемі 1 146,2 млн. теңгені құрады. Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатовтың мәліметінше, биыл бұрынғы қант қызылшасын жинаған жерге қант қызылшасын қабылдауға дайындықты бастап кеткен еді. Алайда, кепілге қойылатын мүліктің болмауына байланысты несие ала алмай, аталған жоба іске аспай қалды дейді. Ендігі барлық құзірет тек зауыт басшыларының («Астық инвестициялық компаниясы» ЖШС) еншісінде екен. Әрине, тозығы жеткен зауытты қайта көтеруге мол қаражат керегі сөзсіз. Зауыттың іске қосылмауының басты себебі қаражатқа тіреліп тұр. Оны бізге Ескелді ауданы әкімінің орынбасары Ермек Әпеков растады:
— Қарабұлақ қант зауыты қайта жанданатын болса, бір аудан еліміздің қантқа деген қажеттілігін қамтамасыз етуге өзіндік үлесін қосатын еді. Тек қант өнеркәсібіне ғана емес, экономикалық даму мүмкіндіктерді кеңейтуге жаңа жол ашылар еді. Зауыттың басшыларымен келіссөздер жүргіздік. Қайта тұрғызу мақсатында келісімшарт жасасып, газ бен су жүргізуге жер бөліп бердік. Бір сөзбен айтқанда, аудан әкімдігі тарапынан барлық жағдай жасалды. Ендігі кезек басшыларда. Жеті жылдан бері жұмысын тоқтатқан зауытты қайта жаңғырту жоғары біліктіліктен басқа, едәуір қаражатты қажет ететіні түсінікті. Дегенмен де, зауыт түптің түбінде міндетті түрде қайта жанданады, — деді.
Бір сөзбен айтқанда, өткен жылы облысымызда қант өндірісі 40 мың тоннаға жетіп, ішкі нарық толығымен қамтылды. Жұмысы тоқтап тұрған аталмыш Қарабұлақ пен Алакөлдегі қант зауыттары қайта жанданып, Қапшағай қаласында жоспарланған бір кәсіпорын салынса, ел игілігіне жарар еді. Сөз бен істің үйлесімдігі табылса, алмайтын асу жоқ екені сөзсіз. Тек тәтті түбірдің тағдыры тәтті болса екен.

Зейнегүл ЖҰМАБЕКОВА,
Алматы облысы.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *