Елордада «Тіл-достықтың алтын көпірі» байқауы өтті

119

Елордалық Достық үйінде Жастар жылы және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен «Тіл-достықтың алтын көпірі» байқауы өтті, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.

Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілді үйренуді, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарды қазақ мәдениеті мен шығармашылығына ынталандыру, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу және мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын насихаттау.

Кешке қоғам қайраткерлері, елордалық этномәдени бірлестіктердің және ҚХА жастарының өкілдері қатысты.

«Жаңа бір тілді меңгеру, бөлмеңізге жаңа терезе орнатқанмен тең. Мемлекеттік тілді меңгеру баршамыздың міндетіміз. Бұл байқау елордалық ҚХА жастарының қаншалықты белсенді әрі қазақ тіліне деген құрметінің жоғары екендігін көрсетеді, – деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі Амангелді Сыздықов.

Байқауға әділ бағасын беретін қазылар қатарында педагог, оқытушы. Айтолқын Күзембекова, тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыру және талдау бөлімінің басшысы Нұрзила Қасқатаева және Нұр-сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ қоғамдық бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Қадырбай Нұрпейісұлы болды.

«Тіл-достықтың алтын көпірі» байқауына елордалық этномәдени орталықтың жастары қатысты. Олардың қатарында Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени орталығы, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, «Радима» беларусь мәдени орталығы, «Оберег» украин қоғамы, «Polacy» қоғамдық бірлестігі, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы және Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығы болды.

Барлық қатысушылар 3 кезең бойынша бақтарын сынады. Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени орталығынан Аружан Арзидун, «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігінен Айсанем Аймбетова, «Радима» беларусь мәдени орталығынан Светлана Тарасова, «Оберег» украин қоғамынан Юлия Лагуткина, «Polacy» қоғамдық бірлестігінен Мария Жуликова, «Юнчи» дүнген этномәдени орталығынан Залина Ибрагимова және Нұр-Сұлтан қаласы өзбек этномәдени орталығынан Дильдора Абдулхаева шешуші кезеңде қазақ әдебиеті классиктерінің және қазіргі заман әдебиеті ақындары мен жазушыларының шығармаларын мәнерлеп оқыды.

Тартысты бәйгеде қазылар алқасының шешімімен мемлекеттік тілді үйренуді, сондай-ақ, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен жастарды қазақ мәдениеті мен шығармашылығына ынталандыру мақсатында елордалық этномәдени орталықтардың жастары арасында өткен «Тіл-достықтың алтын көпірі» байқауында 1 орынды Нұр-Сұлтан қаласы ұйғыр этномәдени орталығы, 2 орынды «Polacy» қоғамдық бірлестігі, 3 орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы иеленді. Байқау жеңімпаздары мен барлық қатысушыларға ұйымдастырушылар атынан бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *