«КҮЗ АРУЫ-2019» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

176

Қазақы қаймағы бұзылмаған Мақтаарал ауданының «Ақ Алтын» мәдениет үйінде аудандық «Күз аруы – 2019» байқауы болып өтті. Байқаудың жеңімпаздарын аудан әкімі Бақыт Асановтың өзі марапаттады. Бұл туралы  аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

“Жастар жылы” аясында қазіргі қазақ қыздарының жан дүниесіндегі көркемдік талғамын қалыптастырып, ұлттық менталитетімізге лайықты сұлу болмысын, бүгінгі рухани келбетін дәріптеу, ұлт дәстүрі мен мәдениетін, әдет-ғұрыптарын бойына жинақтаған ақылына көркі сай парасатты қыздарымызды халыққа таныту, оларды тілі мен дінін, ұлт руханияты мен мәдени мұраларды құрметтеуге, сақтауға тәрбиелеу, ұлтымыздың әдебиеті мен өнерінен сусындаған зерделі де зерек аруларымыздың кескін-келбетін айшықтау, қоғамдағы қазақ қыздарының белсенділігін арттырып, шығармашылықтарын кеңінен насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа аудандағы кенттер мен барлық ауылдық округтерден 11 ару қатысты.

Сайыс ережесі бойынша “Сәлем – сөздің анасы”, “Өлең – сөздің патшасы”, “Зерделінің ойы озық”, “Қазақ қызы – шаңырақтың шырақшысы” және “Мен қазақ қыздарына қайран қалам” сынды 5 бөлімнен тұратын байқауда қатысушылар сөз мәдениеті, ұлттық киімдер үлгісі, өз өнерлері мен білім деңгейлерін көрсетіп, бақтарын сынасты. Десек те, сайыс соңында қарсыластарынан оза шыққан жеңімпаздар мен жүлделі орынға қол жеткізе алмаса да “Көрермен көзайымы”, “Парасатты ару” және “Өнерлі ару” сынды номинацияларға ие болған бойжеткендер ұйымдастырушылар тарапынан дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *