Атырауда Әбіш Кекілбаевты ұлықтау жалғасуда

82
Көрнекті қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына арналған «Кемел ойдың кемеңгері» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Салтанатты шараға Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев, жазушының жұбайы Клара Қалекенқызы және Мереке Құлкенов, Светқали Нұржан, Әнес Сарай секілді бір топ республикаға белгілі өнер және қоғам қайраткерлері қатысты.
Кеш басында Әбіш Кекілбайұлының өмірбаяны туралы бейнефильм көрсетіліп, ол Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының көркемдік қойылымына ұласты. Терең пәлсапалық қойылымда Әбіштің әкесімен әңгімелесуі, өз туындыларының кейіпкерлері Әбілхайыр мен Махамбетпен сырласуы, ұстазы Әуезовтың еске алуы, үзеңгілесі, досы, сырласы Фариза ақынмен дидарласуы секілді жазушы өмірінің маңызды тұстары көрерменге паш етілді.
Әркімнің өз Әбіші бар. Біреу оны ақын деп бағалайды, біреу оны жазушы деп таниды, енді біріміз үшін, ол — абыз. Әбіштің ұлылығы да осы. Біз әлі күнге дейін Әбіш ағамыздың барлық қырын танып болған жоқпыз. Таныған қырларымыздың өзің әлі де зерттей түсу керек. Бүгінгі ұрпақтың да, келер ұрпақтың да міндеті осы деп білем, — деді аймақ басшысы өз құттықтау сөзінде.
Кеш барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Тұрар Әлімбаев жазушыға арнаған «Әбіш-таған» күйін орындады. Сонымен бірге, Әбіш Кекілбаевтың сөзіне жазылған Есенбай Құлиевтің «Дәурен көшкен» әні, Тамара Асардың  орындауында «Арман дейтін — Арғымақ» әні шырқалды.
Кеш барысында Әбіш Кекілбайұлының замандастары, үзеңгілес достары, белгілі қоғам және өнер қайраткерлері сөз сөйлеп, оның қаламгерлік қасиеті, ақындық адуыны, азаматтық асқақтығы, қайраткерлік қарымы мен елдік ерендігі туралы жиналған жұртшылыққа баян етті.
Кеш соңында Әбіш Кекілбайұлының жұбайы Клара Қалекенқызы сөз алып, ақыным деп ардақтаған, жазушым деп жар салған, қайраткерім деп қасиет тұтқан, ерім деп еміренген Атырау жұртшылығына алғысын айтып, осы шараның өтуіне қолдау білдірген Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаевқа ризашылығын білдірді.



ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *