Шығармашылық фестиваль жастардың басын қосты

834

Туған жер – асыл қазына. Атамекеннің қадіріне жетіп, бағалай білу үшін жастарымызға көптеген насихат қажет-ақ. Осы мақсатта ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы (CISC ) гранты бойынша Адырна — ұлттық-этнографиялық бірлестігі «Туған жер» жобасы бойынша «Туған жер» шығармашылық байқауын ұйымдастырған еді. Алты номинациядан тұратын байқаудың қорытындысы анықталып, әлеуметтік желілерде жеңімпаздардың аты-жөндері жарияланды. Туған жерге өз талантымен үлес қосып жүрген жастарды сахна төрінде марапаттап, сыйақы беру рәсімі қараша айының 25-не бұйырды. Алматы қаласындағы Мемлекеттік қуыршақ театрында өткен қорытынды марапаттау кешіне дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының және «Алтын қалам» қоғамдық сыйлығының иегері, ақын Ақберен Елгезек, қоғам қайраткері Гүлбахрам Жүніс, режиссер-сценарист Дәурен Дариябек, өнертапқыш Жәнібек Көркембай, суретші, қолөнерші Алмас Серікұлы сынды ұлт жанашырлары, «Арқайым», «Алатау серілері», Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория түлектері қолдау білдіріп келді. «Үздік мақала», «Үздік поэзия», «Үздік бейнеролик», «Үздік өнертабыс», «Үздік бейнелеу өнері», «Үздік дәстүрлі музыка орындаушысы» номинациясы бойынша І, ІІІ, ІІІ орын алған жеңімпаздарымыз арнайы сертификатпен марапатталды. Аталған номинациялардан ынталандыру сыйлығын иеленген қатысушыларымызға сыйлықтар беріліп, белсенді шәкірт дайындаған ұстаздар да марапатқа ие болды. Фестиваль кезінде жан-жақтан жиналған жеңімпаздар өз өнерлерін көрсетіп, туындыларын жұртшылыққа таныстырды. Іс-шарамыздың соңында «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігінің басшысы Арман Серікұлы жеңімпаздарды тағы да жеңістерімен құттықтап, қолдау көрсете келген көрермендерге шексіз алғысын білдірді. Өнерлі жастарымыз да ризашылықтарын айтып, кездесу соңы жақын таныстыққа ұласты. Көп ішінен топ жара шыққан жеңімпаздарды тағы да шын жүректен құттықтай отырып, болашақта жемісті жеңіс тілейміз!

Жансая Сман,

«Адырна» ұлттық порталы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *