Мәжіліс «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады

164

Палата Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен жалпы отырысты қоғам толқынысын тудырған «Педагог мәртебесі туралы» және оған ілеспе заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл туралы parlam.kz сайты хабарлады. 

Жалпы, заң жобасы төрт бағытты қамтиды: бірінші – ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстан босату, жүктемесін азайту, екінші – мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту, үшінші – материалдық емес тетіктері, төртінші – материалдық ынталандыру. Бірінші бағыт. Жалпы, жаңа заң жобасында педагогтердің құқықтары бойынша 10 жаңа позиция қарастырылған. Олардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің функциясына кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Екінші бағыт. Педагог мәртебесін арттыру, оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді де көздейді. Сондықтан заң жобасына сәйкес 2022 жылы 1 қаңтардан бастап мұғалім ретінде кәсіби қызметін жүзеге асыруға алғаш рет кірісетін тұлғалар педагог біліктілігінің сәйкестігін растауы тиіс. Мұғалімдердің этика мәселелеріне де көңіл аударылуда. Сонымен қатар педагогикалық жұмысқа жіберілмейтін себептері де кеңейтіліп отыр. Әр білім беру мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізілуде.Үшінші бағытта материалдық емес ынталандыру тетіктері қарастырылады. Осы бағыт бойынша мұғалімдердің балаларына балабақшаларға бірінші кезекте орын беру нормасы қарастырылды. Бұған қоса «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапатының жаңа түрі сияқты бірқатар материалдық емес стимулдары да қарастырылған. Әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін мұғалімдерге үстеме жалақы, денсаулық сақтау, «Үздік педагог», «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» сияқты барлық әлеуметтік кепілдіктер де осы заң жобасында сақталды. Төртінші бағыт материалдық ынталандыру мәселелері бойынша. Мемлекет басшысы тамыз конференциясында берген тапсырмасы аясында алдағы төрт жыл ішінде мұғалімдердің жалақысы екі есеге артады, яғни келесі жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы 25 пайызға көбейеді. Негізгі материалдық ынталандыруларлар сынып жетекшілігі мен дәптерлерді тексергені үшін екі есе мөлшерде қосымша ақылар. Бұл норма еліміз бойынша 182 мың сынып жетекшіге және дәптер тексерушіге үстемеақы алатын 165 мың мұғалімге қатысты. Сондай-ақ барлық педагогтар үшін демалыс кезеңін 42 күннен 56 күнге дейін ұлғайту қарастырылған. Және де осы заң жобасы шеңберінде колледж мұғалімдерінің категорияларына үстемеақы төлеу мәселесінде шешу қарастыралды. Сондай-ақ, магистр атағы бар, дәрежесі бар тұлғалар мектепке келіп жұмыс істейтін болса, оларға қосымша он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде қосымша ақы көзделіп отыр. Мақұлданған заң жобасы бойынша Мәжіліс Төрағасы осы өте маңызды заң жобасы арқылы біз қоғамымыз үшін, болашақ үшін қажетті тағы бір нақты қадам жасадық деуге болады. Себебі ұстаз – мемлекеттің болашағын тәрбиелейтін, оларға білім беретін зор тұлға. Сондықтан бүгін мақұлданған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заң жобасы ең алдымен мұғалімдердің мәртебесін күшейтуге, олардың абыройын қорғауға, сонымен бірге әлеуметтік жағдайын арттыруға арналып отыр. Бұл заң жобасы тікелей Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасымен әзірленді және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың білім саласына қатысты алға қойған міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған. Сондықтан екінші оқылымға дейін тағы жан-жақты толықтырып, педагогтардың барлық талаптарына сай келетін сапалы құжат қабылдаймыз деп сенім білдіруге рұқсат етіңіздер деп пікір білдірді.

Сондай-ақ, жалпы отырыста Палата депутаттары газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Онда халықты тұрақты газбен жабдықтау және одан әрі газдандыру басымдығын сақтай отырып, заң жобасында инвестициялық жобалардың түрлі жаңа санаттары үшін жеке баға белгілеу көзделген. Бірінші. Мемлекет бекітетін бағалар газдың өзіндік құнынан едәуір төмен. Бұл газ саласын дамыту үшін тежеуші фактор болып табылады. Екінші жағынан, осы кезеңде мемлекеттік реттеуден бас тарту және нарықтық баға белгілеуге толық көшу газ бағасының бірден өсуіне алып келеді. Осыған байланысты мұнай-газ химиясын ынталандыру мақсатында осындай жобалар үшін тауарлық газдың бағасын белгілеу тетігі мынадай формула бойынша әзірленді: газ жеткізудің өзіндік құны қосылған Ұлттық оператор рентабельділігінің ең төменгі нормасы (7 пайыз). Екінші. Қолданылып жатқан отын түрлерімен салыстырғанда газдың отын ретінде бірқатар артықшылықтары бар. 2018 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметі табиғи газды мотор отыны ретінде қолдануды дамыту бағдарламасын қабылдады, оны іске асыру экологиялық жүктемені төмендетуге, автокөлік құралдарының шығындарын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылға қарай елдің газдандырылған өңірлерінде муниципалдық автопаркті компримирленген газға көшіру жоспарлануда. Автопарктің көлік саны 12 мың бірлік. Сығылған және сұйытылған табиғи газды өндіру үшін газдың шығынсыз бағасын белгілеу, газ моторлы отын нарығын дамытуды ынталандыруға мүмкіндік береді және осы бағдарламаның табысты іске асырылу амалдарының бірі болып табылады. Заң жобасымен бекітілген тұтынушылардың үшінші санаты – жаңа электростанциялар. Электр энергиясының жалпы профицитіне қарамастан, Қазақстанда қазіргі уақытта энергия жүйесіндегі тапшылықты маневрлік толықтыруға қабілетті реттеуші қуаттардың жетіспеушілігі бар. Бұл электр энергиясының 70 пайызға жуығы энергия жүйесін реттеуге арналмаған көмір электр станцияларымен өндірілуіне байланысты. Бу-газ станцияларын салу қысқа мерзімде аталған тапшылықты жабуға қабілетті реттеуші қуаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Маневрлік қуаттарды дамыту ресейлік реттеуге арналған шығыстарды төмендетуге және болашақта маневрлік қуаттар резервін құруға мүмкіндік береді, бұл күн және жел энергогенерациясын дамыту жағдайында ерекше маңызды болып табылады. Заң жобасында осындай бу-газ станцияларын құрылысына инвестициялар тарту үшін ұзақ мерзімді кезеңге газ бағасын белгілеу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар заң жобасында жер қойнауын пайдаланушылар үшін бағаларды және тауарлық газды көтерме сату бағаларын белгілеу мерзімдерін үйлестіру, сондай-ақ құқықтық олқылықтарды жою көзделген. Аталған нормалар инвестициялық жобалар үшін газ жеткізу кезінде ұлттық оператордың қосымша шығындарын жинақтамай, жұмыс істеп тұрған тұтынушылар үшін газдың баға белгілеудің ағымдағы тетігін сақтауға мүмкіндік береді. Заң жобасы газды қолдану тиімділігін арттыруға бағытталған жәнеқосылған құны жоғары мұнай-газ химиясы өнімдерін өндіру жөніндегі стратегиялық маңызды инвестициялық жобаларды газбен қамтамасыз етуге, ұстамды бағалар бойынша ішкі нарықты газбен тұрақты қамтамасыз етуді сақтауға, елдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы отырыста қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша, сондай-ақ, әкімшілік-аумақтық құрылысы, мемлекеттік басқару жүйесін және бюджетаралық қатынастарды жетілдіру мәселелері бойынша заң жобалары екінші оқылымда қолдау тауып, Палата «2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасына Сенат енгізген өзгерістермен келісті. Ал, Кипрмен табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы үкіметаралық конвенцияны және оған Хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу мерзімі бекітілді.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *