Жазушы Сәбит Досанов — 80 жаста

364

Алматыда Абай атындағы Қазақ мемлекеттік опера және балет театрында танымал жазушы, драматург, сыншы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері Сәбит Досановтың 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кеш өтті.

Қаламгердің мерейтойында алғашқы болып сөз сөйлеген Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев жазушыға деген жылы лебізін жеткізді, ұзақ ғұмыр тіледі.  Сондай-ақ, қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған құттықтауын оқып берді.

«Құрметті Сәбит Айтмұханұлы! Сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен құттықтаймын! Халқымыз өзіңізді қарымды қаламгер, қоғамдық-саяси маңызды оқиғаларға ой-пікірін білдіріп отыратын қайраткер ретінде жақсы біледі.Ұзақ жылғы шығармашылық еңбегіңіз өз жемісін беріп келеді. Сіздің қаламыңыздан шыққан көркем дүниелер бүгінгі заманмен үндестік тауып, ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Алдағы уақытта да оқырмандарыңызды тартымды туындыларыңызбен қуанта беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге зор денсаулық, әулетіңізге амандық пен құт-береке тілеймін», – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаған жеделхатында.

Қаламгердің құрметіне ұйымдастырылған салтанатты шараға арнайы еліміздің танымал ақын-жазушылары, әдеби сыншылар, аудармашыларымен қатар,  Ресей, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Армения, Түркия мен Франция сынды жақын және алыс шетелдерден баспагерлер жиналды.

Жазушының оқырмандары арасында зор құрметке ие болуына септігін тигізген оның әдебиеттегі мол мұрасы. Қаламгер қаламынан туған шығармаларының ұзын саны 40 кітапқа жуықтаған. Әсіресе, «Тау жолы», «Екінші өмір» романдары, «Жиырмасыншы ғасыр» эпопеясы, «Ақ аруана» повесі оқырман қауымға жақсы таныс. Сәбит Досанов драматург ретінде «Дауыл», «Ертең бюро», «Тозақ шеңбері» және басқа да пьесаларын дүниеге әкелді. Қаламгердің әдеби туындыларының бірқатары орыс, ағылшын, француз және неміс тілдеріне аударылған.

— Мен «XX ғасыр» деген эпопея жаздым. Сол үшін мемлекеттік сыйлық алдым. Онда 120 жылдың тарихын жазып бердім. Ендігі арманым – XXI ғасырға эпопея жазбақпын. Оны әлі бастаған жоқпын. Осы той өткеннен кейін Құдай қаласа сол эпопеяға кірісемін, – деп қаламгер өзінің алдағы уақыттағы шығармашылық жоспарымен бөлісті.

Сәбит Досановтың мерейтойы ТМД елдерінің бірқатар елінде атап өту жоспарланған.

Гауһар Түстікбаева

Бейнематериалды әзірлеген:

Әлихан Жанарбек




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *