ӘЛ-ФАРАБИ-1150: МЕРЕЙТОЙ АШЫЛУЫ ҚАЛАЙ ӨТТІ?

909

ҚазҰУдың Студенттер сарайында Әбу Насыр әлФарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылу рәсімі болды. Шараға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев және университеттің құрметті қонақтары қатысты.

Мерекелік шара «Әл-Фараби орталығының» салтанатты тұсаукесері мен әдебиет және мәдениет саласының қайраткерлеріне Елбасының мемлекеттік спипендиясын тапсырудан басталып, университеттің бас алаңындағы әл-Фараби ескерткішіне гүл шоқтарын қоюмен ұласты.

Студенттер сарайындағы мерекелік ресми салтанатты Қырымбек Көшербаев ашты.

Салтанатты шараны аша отырып Қырымбек Көшербаев Әл-Фарабидің 1150 жылдығын мерекелеу арқылы шетелде және біздің елде ұлы ғұлама мұраларын зерттеп, қазіргі өркениеттің дамуындағы ықпалын терең түсінуге серпін беретіндігін тілге тиек етті.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, төрткүл дүниеге танымал ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойының орны ерекше. Ұлы ойшылдың арнайы заңмен бекітілген мерекелік шараларының Алматы қаласында басталуының да өзіндік сыры бар. Еліміздегі ең басты оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми орталық – Ұлттық Академия да Алматы қаласында орналасқан.

«Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойының ресми ашылуымен баршаңызды құттықтаймын. Қандай да бір халықтың өткенін таразылап, болашағына бағдар жасап отыруы – табиғи заңдылық. Ертеңін ойлаған ел әр тарихи белесті артқа тастағаннан кейін уақыт бедеріне салған өз таңбасын, қалдырған құндылықтарын ұдайы бағалап отыруы тиіс. Қазіргі әлемдік қауымдастықпен тығыз араласу барысында біз ұлтымыздың ең басты құндылықтары мен тарихи тұлғаларын жаңа қырынан танып, оларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау аса маңызды болып отыр. Бұл үдеріс тек рухани кемелдену арқылы, әл-Фараби, Ясауи, Абай сынды заманынан озып туған данышпандардың еңбектерін жаңаша бағалап, солар айқындап берген даңғыл жолмен жүру арқылы ғана жүзеге асады»,– дейді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Мемлекеттік хатшы сонымен қатар, Шығыстың ұлы ойшылының мерейтойы ЮНЕСКОның атаулы күндер мен оқиғалар күнтізбесіне енгенін және ИСЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және т.б. ұйымдардың қолдауымен халықаралық мәдени алаңда кеңінен аталатындығын айтты.

«Қазақстандағы алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі әл-Фараби есімімен аталады», – деп атап өтті өз сөзінде ЮНЕСКО-ның Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша кластерлік бюросының директоры Ms. Krista Pikkat. – Университет өз қызметінде танымдық мәселелерге назар аударып, адамның мүмкіндіктерін ашу мен қабілеттерін дамытуға ұмтылады. Университет ұжымы және студенттерін осы мерекемен құттықтағым келеді, сіздерге толағай табыс тілеймін!

«Ұлы философ-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толу мерейтойының әлемде оның есімімен аталатын бірден-бір университеттен басталғандығы – біздер үшін зор қуаныш, үлкен мәртебе дейді — ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. «Біз Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты даму жөніндегі жаһандық хабы ретінде ҚазҰУ ғұламаның қайырымды қоғам туралы ілімінің негізінде  Университет – 4.0 жаңа легінің моделін дайындап, өткен жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде, ал биыл Ислам Ынтымақтастығы Ұйымында ұсындық. Жаңа жоба халықаралық ауқымда қолдау табуда. Осылайша, Әл-Фарабидің мерейтойы Қазақстандағы жоғары білімнің дамуына жаңа серпін береді».

 Әл-Фараби мерейтойы аясында Парижде, Нұр-сұлтан қаласында және Түркістан облысында, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде ғылыми симпозиумдар өткізу жоспарланған. Оған әлемнің 40-тан астам елінің алдыңғы қатарлы Фарабитанушы-ғалымы қатысады, халықаралық экспедициялар ұйымдастырылады, тарихи мәдени нысандар қайта жаңартылып, ғалымның ғылыми еңбектері басылып, көшірілетін болады, сондай-ақ деректі фильмдер циклі жасалып, шет елдерде әл-Фараби орталықтары ашылып және басқа да шаралар ұйымдастырылады.

Әл-Фарабидің мерейтойлық жылының ашылуында БҰҰ, ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ және басқа да халықаралық ұйымдардың, Қазақстандағы дипломатиялық миссиялардың өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми орталықтар мен ҒЗИ басшылары, белгілі шетелдік және отандық ғалымдармен қатар, отандық және шетелдік БАҚ өкілдері қатысты.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *