АҚЫНҒА АРНАЛҒАН ЕСКЕРТКІШ

335

Жуырда Алматы қаласы Жетісу аудандық әкімдігінің ғимараты алдында ұлы ақын, философ, ағартушы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш-мүсіннің ресми ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға қала әкімі, қала жұртшылығы, ақсақалдар алқасы, ардагерлер ұйымы, ғалымдар, ақын-жазушылар, қоғам және ­мем­ле­кет, мәдениет пен спорт қайраткерлері, жоғары оқу орнының оқытушылары мен мектеп мұғалімдері қатысты.

Ұлы Абайға тағзым етуге келген қала жұртының қарасы қалың болды. Хакім Абайдың мүсін-ескерткішін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен жазушы, қоғам қай­раткері Смағұл Елубаев ресми түрде ашты. Бюстінің жалпы биіктігі 4 метрге жуық. Авторы – Қазақстан Сәулет­шілер одағының мүшесі, академик Тілеуберді ­Бинашев.
Өз алғысөзінде шаһар басшысы Бақытжан Әбдірұлы Абай қазақтың басты идеологы екенін айта келе, оның қара сөздері мен өлеңдерінен дәйексөздер келтіре отырып, шағын да мағыналы баяндама жасады. Бұл шара «Рухани жаңғыру» аясында, «Шексіз қала» бағдарламасы бойынша іске асырылып жатқанын, Абай ескерткіші маңы да қала халқының демалатын сүйікті орындарының бірі болатынына сенім білдірді. Әкім қаланы абаттандыру, қала халқының жайлы өмір сүруі үшін 7-8 бағытта жұмыстар жасалып жатқанын, алда бұл игі істер жалғасын табатынын тілге тиек етті.
Жазушы Смағұл Елубаев Алматыда Абайға арналған үшінші ескерткіш бой көтергенін айтты.
– Қазақстанның қай бұрышына барсаңыз да Абайдың рухы, оның ілімі сезіліп тұрады, қара сөздері, өлеңдері, әндері мен күйлері әлдеқашан танымал болған, олар халық рухының ажырамас бір бөлшегі іспеттес, ал ескерткіш қою – басқа бір әлем. Өйткені ескерткіш адамға сол адаммен тілдесуге, соған мұң шағып, арыз айтуға, онымен етене жақын сырласуға тікелей күш береді, адам одан ғарыштық қуат алады, – деді. Жазушы жұртты Абай ілімін зерттеп-­зерделеуге, оны тек бір жыл жүзінде ғана емес, тұрақты түрде насихаттауға шақырды.
Сәулетші Амандос Ақанаев: «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шығармашылық өкілдеріне зор жауапкершілік пен сенім артып отыр. Ол бізге ­ерекше шабыт берері ақиқат. Ұлы Абайдың келісті мүсінін Қазақстанға ғана емес, алыс-жақын шетелдерге танымал сәулетші-академик Тілеуберді Бинашев жасап шықты. Ескерткіш маңы болашақта қаланың ең көрікті жері атанатынына, жастарға патриоттық тәрбие беретін, ­оларды отансүйгіштікке баулитын рухани орын ­боларына сенім зор» деді. Сәулетші мүсінді жасауға қаржылай көмек көрсеткен қала әкімдігіне, меценат-демеушілерге суретші-сәулетшілер атынан алғыс білдірді.
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының артисі Болат Әбділманов Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен таңдалып-жинақталған ақын монологын оқыды. Орындалған қойылымның әсерлілігін ауызбен айтып жеткізуге тіптен сөз жетпес, оны тек көрген адам ғана бойына дарытады, түйсігімен қабылдайды, сезім елегінен өткізеді, Абаймен бірге өмір сүреді, содан тағылым алады, сөйтіп, жиналған жұрт ­ерекше бір тылсым да тұңғиық, қиял әлеміне, Абайдың рухани әлеміне тағы да бір сапар шегіп қайтады.
Абай атындағы Қазақ мемлекеттік Опера және балет театрының әншілері Абайдың композиторлық қырын да барынша ашып берді. Олар ақынның классикаға, әлемдік музыка өнерінің шедеврлеріне айналған «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» сынды сезім қылын шертетін әуезді әндерін тамылжыта орындап, халықты тағы да желпіндіріп тастады.

Нұрлан ШҮЛЕНБАЕВ,
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі
институты терминология бөлімінің
ғылыми қызметкері




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *