«Қалыбек Қуанышбаев. Сахна перісі» атты деректі фильмнің тұсауы кесілді

1034

 

Алматыдағы Ұлттық кітапханада «Қалыбек Қуанышбаев. Сахна перісі» филімінің тұсаукесері өтті. Фильмді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен «Қазақфильм» киностудиясы түсірген.

Кинотуындының тұсаукесеріне Қалыбек Қуанышбаевтың туыстары мен жақындары,  сондай-ақ актердың көзін көрген КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов қатысты.

Фильмнің басты және жалғыз кейіпкері – қазақ кәсіби театр өнерінің негізін қалаған алыптардың бірі Қалыбек Қуанышбаев. Дарынды қазақ әртісінің қойылымдары тіпті қазақ тілін білмейтін Мәскеу жұртшылығын да таң қалдырған. Оқиға желісі арнайы білімі жоқ болса да көрерменнің жүрегіне жол тапқан керемет дарынды «дала академигінің» өмірі мен өнердегі жолы туралы.

Фильмнің режиссері Санам Реваева Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-да көркем фильм режиссурасы мамандығы бойынша білім алған, бірақ ол әрдайым актерлік өнерге қызыққан және студент кезінде өзін актриса ретінде дәлелдеп үлгерді. Ол қазақстандық көрермендерге «Қазақ халқының салт-дәстүрлері» фильмдеріндегі, «Шегіртке», «Әселдің достары мен құрбылары», «Достар» хикаяларындағы, сондаый-ақ әлеуметтік, жарнамалық және музыкалық роликтердегі рөлдерімен таныс.

– Фильмді түсіру кезінде еліміздің белгілі өнер қайраткерлерімен таныстым. Іссапарларда Қазақстанның көптеген әсем жерлерін көріп,  мұражайлар арқылы тарихымызға сапар шектім. Біздің фильмге  негізінен Қалыбек ағамызды көрмеген адамдардың әңгімелері кірді, сондай-ақ кейбір ақпаратты электронды  дереккөздерден алдық. Картинаның редакторы Ләзиза Кәрімқұл үлкен жұмыс атқарды. Ол біздің кейіпкермен таныс болған апаны таба алды. Қуанышбаев атындағы мұражайдың директоры бізге ақпарат жинауда көп көмектесті. Жалпы, түсірілім кезінде жобамызға аянбай көмек қолын созған жандарға алғысымды білдіремін, — деді режиссер Санам Реваева.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *