Қазақстан жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы шепте тұр

278

Қазақстан соңғы 10 жылда жасөспірімдер арасындағы суицид көрсеткіші бойынша алдыңғы шепте тұр. Алматыда «Just Support» жекеменшік қорының мамандары осы мәселені шешу үшін 2016 жылдан бастап апробациядан өтіп, жүзеге асырылып жатқан тұғырды дайындап шығарды. 2019 жылдан бастап «Just Support» ЖҚ «Әрекет» гранттар байқауының арқасында «Soul Games» жобасын іске қосты.

Светлана Богатырева,

 «Just Support» қорының атқарушы директоры:

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша 2019 жыл ішінде кәмелет жасқа толмағандар 180 суицидті жасап, 351 мәрте өзіне қол жұмсау әрекетіне барған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6,7%-ға жоғары, дегенмен, жалпы көрсеткіштер 5 жыл бұрынғы жағдайдан төменірек.

Өліммен аяқталған суицид көрсеткіші бойынша Түркістан (38), Алматы (27), Жамбыл (16) және Шығыс Қазақстан (14) облыстары көшбасшы үштікке кіріп отыр.

Өзіне қол жұмсауға талпыну жағынан ең жоғары көрсеткіш Шығыс Қазақстан (54), кейін Түркістан облыстарында (43) және Астана  қаласында (42) байқалып отыр.

Алматы қаласы бойынша 7 суицид өліммен аяқталып, 26 талпыныс жасалған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға төменірек. Мектептердің, мемлекеттік органдардың және ҮЕҰ-дың суицидті алдын алу бойынша жұмысы бірте-бірте біздің қаламызда өз нәтижесін беріп жатыр деуге болады.

Суицидке итермелейтін себеп жасөспірімдердің психологиялық күйімен байланысты. Бұл мәселемен мектептегі психологтар тиімді жұмыс жасай алады. Біздің қор психологтардың суицидпен тиімді жұмыс жүргізуі үшін қажетті бүкіл дағдыларды үйрету мақсатында оларға арнап біліктілікті көтеру бағдарламасын жасап шығарды. Өкінішке орай, бұл білімдерді жоғарғы оқу орындарында оқытпайды. Біз Израильден сарапшыларды тартып, қазіргі таңда отбасылармен және жасөспірімдермен жұмыс жасауға арналған апробацияланған авторлық бағдарламаны жасап шығардық, оны Алматы қаласының мектептерінде таратып бастадық. Қазір 30-ге тарта мектеп қамтылды. Біз мектеп психологтарға арнайы сабақтарды – ата-аналар мен жасөспірімдерге арналған топтарды жүргізуді үйретіп жатырмыз. Бұл топтарда балалар үшін де, ата-аналар үшін де толығымен тегін көмек көрсетіледі. Өткен жылы біздің осы тұғырымызға Шығыс Қазақстан облысының Басқармасы қызығушылық танытып, онда бағдарламаны ендірудің бірінші кезеңі аяқталып қойылды.

Тұрақтылықты сақтап, мектептерде осындай жұмысты жүргізуді жалғастыру үшін біздің қор «Soul Games» атты әлеуметтік кәсіпкерлік жобасына бастама берді. Өткен жылдың тамызында біз «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қорының өткізген «Әрекет» әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдауға арналған гранттар байқауында 25 жеңімпаз қатарына қосылып, грант алдық. Осы грант арқасында жоба жүзеге асырыла бастады.

«Samruk-Kazyna Trust» Қоры біздерге, грант алушыларға арнап білім беру жағынан көптеген істерді атқарып отыр, оқыту семинарлары өткізіліп, кеңес беріледі. Яғни біз жобаны жүзеге асыру үшін қаржыға қол жеткізіп қана қоймай, сонымен бірге, әлеуметтік кәсіпкерлікке үйренеміз.

Біздің психолог мамандарымыз жасөспірімдерге арнап психологиялық квестерді дайындап өткізіп жатыр, сондай-ақ, біз үстел ойынын өткіземіз. Отбасылар өздерінің тұрғылықты жерінде  қолжетімді сапалы көмекті алуы үшін осы коммерциялық өнімдерді сатудан түскен қаржы мектеп психологтарының біліктілігін көтеруге бағытталып жатыр.

Soul Games жобасы 2019 жылдың қаңтарынан бастап қызмет етіп келеді және осы уақыт ішінде біз 20 маманға арнап Алматыда біліктілікті көтеру курсын өткізіп, олар 500-ге жуық отбасыға көмек көрсетті. Сондықтан біз жұмысымызды жалғастыруды көздеп отырмыз.

Венера Коканова,  Алматы қаласы Білім беру басқармасы  әдіскері:

Мен «Just Support» қорының ұсынып отырған мектептердегі біліктілікті және жұмысты көтеру бағдарламасымен 2018 жылдан бастап таныспын, өзім ол бойынша тренингтен өттім. Оны жасөспірімдер мен ата-аналарға іс жүзінде пайда әкелетін тиімді бағдарлама деп есептеймін. Дайындықтан өткен мамандар жұмыс жасайтын мектептерде осы уақыт ішінде суицид жасап көру әрекеттері орын алған жоқ. Педагогтар бағдарлама нәтижесі бойынша балалардың 40%-ы алғашқы екі айда айтарлықтай өзгеріп, қалғандары бақылауда жүретіндігін атап өтуде. Мен педагог-психологтарға арналған оқуды ұйымдастыру үшін көмек көрсетемін, көктемгі демалыстарда тағы 2 топты іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Ольга Солоненко, №60 гимназияның педагог-психологы:

Мен аталмыш қормен 2017 жылдан бастап ынтымақтасып келемін. Дәл сол уақытта біз «Ата-аналар тобын жүргізу және жасөспірімдермен жұмыс жасау» бағдарламасын апробациялап, қазір ол бойынша өз мектебімізде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Мен мұндай көмек ата-аналарға қажет екендігін көріп отырмын, ең бастысы, балалар жақсы жаққа өзгеріп келеді. Уысымыздан баланы шығарып алған оқиғалар есімде, бағдарламадан өткен соң, бала қалпына келіп, өзін жақсы сезініп, мектепке келе бастайды. Жасөспірімдерге олар үшін жақын үлкенмен қатынас құру аса маңызды. Біз сондай қатынасты отбасында қалпына келтіруге, ата-аналарға өз баласына арқау мен тірек болуға көмектесеміз. Отбасы ғана жасөспірімдер арасындағы мәселелерді шешуге, соның ішінде суицидті алдын алуға арналған ең маңызды фактор болып табылады. Ал егер отбасы тіптен деструктивті болса, оған ешқандай ықпал жүрмесе, онда балаларға арнап жасөспірімдер тобы қарастырылған. Ондай топтарда бала үшін жақын әрі қолдаушы ересектің рөлін психолог ойнай бастайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *