МӘМС: тиімділігі, артықшылығы, өзгерістер

571

          Жұмыс берушілердің, жұмыскерлердің, тұрғын халықтың басым бөлігі «Медициналық сақтандыру жүйесі не үшін енгізіледі?», «Қаншалықты тиімді?», «Қазіргі медициналық қызмет жүйесінен қандай артықшылығы бар?», «Қандай өзгерістер болады?» деген сауалдарды жиі қояды.

«Жаңа тиімді денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру қажеттілігі, көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігінің төмен екендігі бұрыннан айтылып келді. Сақтандыру медицинасы азаматтың тапқан табысына, ол үшін аударылған жарна көлеміне қарамастан медициналық көмектің барлық түрлерін алуына мүмкіндік береді. Оның ішінде жоспарлы стационарлық көмек те, дәрі-дәрмекпен қамту да, жоғары мамандандырылған медициналық қызмет түрлері мен оңалту да, диагностикалық-консультациялық көмек те, медбике күтімі мен паллиативтік көмек те бар».

Біріншіден, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы Қазақстан аумағында Сіз өзіңіз таңдаған кез келген емханадан медициналық көмек ала аласыз. Бұл жағдайда, емхананың шығындарын толығымен Қор өтейді;

Екіншіден, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттері шеңберінде қарастырылған медициналық көмекке жұмсалатын қосымша төлемдердің барлық түрінен босатыласыз;

Үшіншіден, Сіз үшін медициналық ұйымдарда көрсетілген қызметтерге, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған жарналар туралы ай сайын ақпарат алуға мүмкіндігіңіз бар;

Төртіншіден, сапасыз қызмет көрсетілген немесе міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысушы ретінде құқықтарыңыз бұзылған жағдайда Қор сақтандырылған азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғайды.

Бесіншіден, МӘМС жүйесін енгізу көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің артықшылығы – жарнаны әркім мүмкіндігіне қарай төлеп, қажетіне қарай медициналық қызмет көрсетілетіндігінде. Яғни, МӘМС аясында қызмет көрсететін медициналық ұйымнан қажеттілігіңізге қарай, сырқатыңызды қанша уақыт емдеу керек болса, сонша медициналық көмек алуға құқылысыз, бірақ  алатын медициналық көмек көлемі дәрігердің тағайындауына байланысты. МӘМС пакетіне кіретін қызметтер толық көрсетіледі және қосымша ақы төлеуді қажет етпейді.  Сапалы медициналық көмек көрсету, қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, сондай-ақ, еліміздегі үздік клиникаларда тиімді емделу және қымбат бағалы операциялар жасату мүмкіндігі жұмыс істейтін әр азаматтың денсаулығын сақтауға, еңбекке жарамсыздық қағаздарының мерзімін қысқартуға және жұмыс берушілердің шығындарын азайтуға ықпал етпек.

 Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру

  Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі.

МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі.

Қазақстан үздік халықаралық тәжірибені ескере отырып, медициналық сақтандырудың аралас моделін енгізетін болады.

Бұл:

  • Денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын,
  • Медициналық қызметтердің жоғары сапасы мен қолжетімділігін,
  • Медициналық көмектің кең ауқымды пакетін қамтамасыз етеді.

Басқа елдермен салыстырғанда Қазақстанда медициналық сақтандыру қоры аударымдарының көлемі бойынша ең қолайлы жағдай жасалған.

МӘМС жүйесін енгізген кездегі тиімділіктері келесідей, атап көрсететін болсақ, жұмыс берушілер үшін:

  • Еңбек өнімділігінің артуы, дені сау ұжым;
  • Жоғары деңгейдегі корпоративтік мәдениет;
  • Жұмыскерлердің ауруларына қатысты экономикалық шығындарды азайту;
  • Жұмыс уақытын оңтайландыру.

МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар қандай медициналық көмекке жүгіне алады?

  • Алғашқы медициналық-санитарлық көмек амбулаторлық және стационарлық жағдайда тегін көрсетіледі. Оған профилактика, диагностика, аурулар мен жағдайларды емдеу, жүктілікті бақылау, медициналық манипуляциялар кіреді.
  • Мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмекке арнайы әдістерді қолдануды және күрделі медициналық технологияларды қажет ететін профилактика, диагностика және емдеу шаралары кіреді.
  • Жедел медициналық көмек шұғыл және күттірмейтін жағдайларда медициналық ұйымдардан тыс, ал шұғыл медициналық араласуды қажет ететін жағдайларда (келеңсіз жағдайлар, жарақаттар, улану, күрделі науқастардың кенеттен асқынуы) амбулаторлық немесе стационарлық жағдайда көрсетіледі.
  • Жоспарлы медициналық көмек стационарлық жағдайда пациенттің өміріне қауіп төндірмейтін аурулар кезінде көрсетіледі.
  • Дәрілік қамтамасыз ету – амбулаторлық-емханалық көмек көрсету кезінде.
  • Мейірбикелік күтім –ауру салдарынан өз-өзіне қызмет ете алмайтын, бөгде адамның әрдайым күтіміне немесе қарауына мұқтаж тұлғаларға.
  • Паллиативтік көмек –жазылмайтын, өміріне қауіп төндіретін, ауру барысы ауыр науқасқа шалдыққан пациенттің өмір сапасын  барынша жақсартуға бағытталған.

24 қалалық емхана




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *