Тіл тағдыры – ұлт тағдыры

289

«Отандастар қоры» КЕАҚ жанындағы Қоғамдық комиссияның отырысы өтті. Жиында атажұртын аңсап келген ағайына қатысты қордаланған мәселелер талқыға салынды. Алқалы мәжілісті Қоғамдық Комиссия мен ҚР Парламенті Сенатының Әлеуметтік – мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы басқарды. Қоғамдық комиссияның отырысына Президент әкімшілігі, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы, Мәдениет және Спорт министірлігі, Көкшетау қаласы әкімдігінің, «Отандастар қорының», Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының лауазымды басшылары қатысты. Комиссия отырысының күн тәртібінде шетелдегі этникалық қазақтарға қазақ тілін үйретенін оқулықтармен, көркем және басқа да әдебиетпен қамтамасыз етудегі келеңсіз жағдайлар, Шығыс Қазақстан облысының Шығыс және Ақмола облысының Красный Яр ауылдарындағы шетелден көшіп келген қандастарымызға берілген үй және репатриацияны ынталандыру шаралары қозғалды.

Ана тілімізге араша болайық

 1991 жылдан бастап қазақ еліне қандастар келе бастады. Елбасы ұсынысымен жүзеге асқан игі бастама қазіргі уақытқа дейін жалғасын табуда. Ширек ғасырдан артық уақыттан бері қазақтың байтақ даласына шеттен келіп орналасқан қандастар саны миллионнан асты. Демографиялық көрсеткіштерді жақсарту мен халық өсімін ұлғайту үшін сауатты жасалған этникалық миграция саясаты қажеттігін әлемдік тәжірибе көрсетіп берді. Алыстан келген ағайын маған бер деп емес, қазаққа бар күш жігерін арнаймын деп келді. Сөзімізге дәлел ретінде қоғамның әр саласында жемісті еңбектеніп жүрген қандастарымызды атауымызға болады. Десе де мемлекетіміз елген келген қандастардан бөлек әлі де шетелде тұратын ұлты қазақ азаматтарға көмек көрсетуін тоқтатқан жоқ.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылы 18 мамырдағы № 280 қаулысымен бекітілген «Этникалық қазақтарды қолдаудың 2018-2022 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» іске асыру мақсатында Білім және Ғылым министірлігі тарапынан жылына бірнеше мыңдаған кітап қандастарға жіберілді. Осы орайда келген кітаптарды қолына алып, туған тілдің тұнығын қанып ішуге талпынған азаматтар жүрегінде бір өкініштің оты маздады. Бастапқыда Қазақстаннан жіберілген кітаптар әлем қазақтары арасында қызығушылық тудырды. Бірақ елден жеткен рухани қазынаны ризашылықпен парақтаған қандастар қуаншы ұзаққа созылмады. Қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар мен мыңдаған түрлі кітаптар шаң басқан сөрелерде, есігі сыртынан бекітілген қоймаларда төбе-төбе болып үйіліп жатты. Себебі Мемлекеттік қаржы есебінен жіберген кітаптар шетел қазақтарының оқып, үйренуіне бағытталмаған. Бір әттеңі ел ішінде кітап жетіспеушілігі жылда қайталанатын тұрақты үрдіске айналды.

«Отандастар қоры» президентінің кеңесшісі Дидар Болат: «2019-2020 оқу жылында мемлекеттік тапсырыс аясында Білім және ғылым министрлігі 28 618 гуманитарлық бағыттағы «Әдебиеттік оқу», «Қазақ тілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан тарихы» оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендер Ресей, Монғолия, Франция, Египет, Литва, АҚШ, Тайланд және Малайзияға жіберілді, – деді комиссия отырысында жасаған баяндамасында.

Сыртқы істер министрлігі де қазақ диаспорасы шоғарланған елдерге  бөлінетін кітаптарды қабылдаудан бас тартыпты. Диаспора өкілдері де кітаптардың сұранысқа сай келмейтінін жеткізген.

Қоғамдық комиссия мүшелері шетелдегі қандастарға қазақ тілін оқыту қажеттігін баса айтты. Желге ұшқан ел қазынасынан бөлінген қаражатты тиімді пайдаланудың жолдарын қарастырды.

Журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Өмірбайұлы: «Ғылым мен техника дамыған уақытта қандастарға ана тілін үйретуге тиімсіз мыңдаған кітаптар жібергенше, онлайын режимде тіл курсын өткізу керек», — деген пікірін білдірді.

– «Кемшіліктерді түзету мақсатында қор тарапынан әр елдің сөйлеу тіліне, қолданыстағы әліпбиін ескере отырып қазақ-орыс, қазақ-ағылшын, қазақ-парсы, қазақ-қытай тілдерінде қазақ тілін үйретуге бейімделген оқулық құрастырылды. Аталған оқулық бағдарламасына сәйкес «Отандастар қоры» мен «Зерделі» ақыл-ой дамыту орталығы бірлесіп қазақ тілін «онлайн» режимде оқытатын курс ұйымдастырылды. Қазіргі таңда курсқа әлем елдерінен 400 ге тарта қандасымыз тұрақты түрде қатысады. Әр мемлекеттің сағаттық белдеуіне сәйкестендіріліп жасалған қазақ тілін онлайын үйрету курсы, аптаның үш күнінде төрт мезгіл өткізіледі, — дейді «Отандастар қорының» вице президенті Мағауия Сарбасов.

Шетелдегі қандастар үшін кітаптар қажет. Сол себепті, қандас ғалымдар, кітап шығаратын ұйымдар, тіл комитеті бірлесіп Білім және Ғылым министірлігі жанынан жұмыс тобын құру ұсынысы айтылды. Ғылыми кеңес өткізіліп, баспадан шыққан кітаптар сараптамадан өтеді. Кемшіл тұстарына толықтырулар енгізіліп немесе ағылшын тілін үйретуге арналған  Кембридж, Оксфорд баспаларынан шыққан кітаптарға ұқсас жаңа қазақ тілін үйрететін оқулық құрастырады. Қазақ мектептері бар Өзбекстан мен Моңғолия кітаптарына сараптама жасайды.

Шетелдегі диаспорамен тығыз байланыстағы мекеме ретінде жұмыс тобының оператор қызметін «Отандастар қорына» беру ұсынысы айтылды.

Омбыда «Қазақ тілін онлайн оқыту» сыныбы ашылды

2020 жылы 18 наурыз Омбы қаласында «Отандастар қорының» қолдауымен «Қазақ тілін онлайн оқыту» сыныбы салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға жергілікті Білім департаментінің, Омбы қаласындағы ҚР Консулдығының және Қазақ мәдени орталығының өкілдері қатысты.

Өз кезегінде осы сыныптың ашылуына қолдау көрсеткен «Отандастар қоры» атынан «Отандастар қоры» КЕАҚ президентінің кеңесшісі Дидар Болат пен Ақпараттық талдау департаментінің директоры Нұрхан Жәлиев қашықтықтан байланысқа шықты. Олар осындай ізгі бастаманың жүзеге асып, қазақ тілін меңгеруге бағытталған жобаның сәтті іске асқанымен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықтың арта беретінін жеткізді.

Шетелдегі қандастарға қазақ тілін онлайын оқытатын сыныптар әлемнің басқа елдерінде де ашылды. «Отандастар қорының» қолдауымен барлық сыныптарға қажетті құрал-жабдықтар жеткізілген.

Қазақ тілі – ұлт тілі. Ел ішіндегі қазақ тілінің мәртебесі жылдан-жылға артып келеді. Қазақстанға келетін болашақ ұрпақ ана тілін үйренсін десек, жүйелі жасалған ұсыныстарға мемлекет қолдау білдірсе дейміз!

Мұхтар Сержан




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *