Марат Тоқашбаев: Осыны түсіну үшін қанша ақыл керек?

400

Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың «қазіргі қалыптасқан жағдайға орай шетелден қарыз алу керек» деген пікіріне қатысты жұртшылықтың көзқарасы әртүрлі. Осыған байланысты белгілі журналист, қазақтың қайраткер азаматы Марат Байділдәұлы Тоқашбаев өзінің фейсбуктегі парақшасында ішкі резервтерді пайдалану қажеттігін айтады.

«2-сәуір күні баспасөз конференциясында Қаржы министрлігінің бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұлов «Бюджет тапшылығын қаржыландыру – үшін 2,4 трлн теңге қарыз алу қажет. Оның ішінде біз 3 млрд АҚШ долларына жуық капиталды шетелдік нарықтан қарызға алуды жоспарлап отырмыз», – дейді.

Сонда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан $90 млрд халықаралық резерв қайда? Соншама резерв бола тұра шетелден қарыз алудың не қажеті бар? Соншама қор бола тұра Ресейден, шетелдерден гуманитарлық көмек сұрау тіпті ұят емес пе?! Сондықтан халықаралық резервтің құрылымы жария етілуін сұраймыз!

Екіншіден, қарыз ала бермей ішкі мүмкіндіктер қарастырылғаны дұрыс. Мысалы, Қазақстанның ресурстарын пайдалана отырып байыған олигархтар мысық сияқты бетін жауып отыра бере ме? Үстірт санағанның өзінде олардың активтері триллион доллардан асып кетеді. Соншама байлыққа ие болып отырғандар кемінде өз активтерінің 10-20 пайызын Қазақстан бюджетіне қоссын! Халықтың жағдайы өте төмен екендігін көріп отырмыз. Соның салдарынан ертең әлеуметтік сілкіністер орын алса олигархтардың бар активі национализациялауға ұшырайды. Ал осындай қиын шақта қол ұшын беріп бюджет тапшылығын жабуға көмектессе аз шығынмен активтерін сақтап қалады. Осыны түсіну үшін қанша ақыл керек?»,-дейді Марат Тоқашбаев өз жазбасында.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *