Тәрбие мен білім мақсатқа жетелейді

1113

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «…Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.
Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамының бірі» деп көрсетеді.

Қазіргі жаһандану жағдайында мемлекеттер мен әр адам бәсекеге түскен шақта жастарымыздың алдында еліміздің тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктері мен құндылықтарды әрі қарай кеңейтіп, өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асырып, еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуді көздеген саяси және экономикалық жобаларды орындау міндеті тұр десек, оған қол жеткізу үшін кемеңгер Абай ұлағатына көңіл аударалық.
«…Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар тәннің құмары, бұлар болмаса, тән-жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Екіншісі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тура жүгіріп «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?», «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен дегені». (жетінші сөзі)
Он тоғызыншы сөзінде кемеңгер: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естелік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады».
«Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен-өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» (Он бесінші сөз).
«Ырыс алды – тірлік» деп көкірегі, көңілі тірі болса, соны айтады. Өзің тірі болсаң да, көкірегің өлі болса, ақыл табуға сөз ұға алмайсың. Адал еңбекпен ерінбей жүріп мал табуға жігер қыла алмайсың.
Кеселді жалқау, қылжақбас,
Әзір тамақ, әзір ас,
Сыртың – пысық, ішің – нас,
Артын ойлап ұялмас
болып жүріп, тірімін деме, онан да Алла жіберген ақ бұйрықты өлімнің өзі артық (Алтыншы сөз).
«…Үлкендік – адам ішінен өзін-өзі бағалы есеп қылмақ. Яғни, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, өсекші, өтірікші, алдамшы, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек. Бұл мінез – ақылдылардың, арлылардың, артықтардың мінезі. Олар өзімді жақсы демесе, мейлі білсін, жаман дегізбесем екен деп азаптанады». (Жиырма бірінші сөз).
Ғұлама Абайдың осынау ғақыл ғибратты сөздері ойланатын кісіге тайға таңба басқандай, адамдық ниетті түзетуге, өмірге деген ынта-ықыласты оятып, сезім жолымен жүрек арқылы, өзін-өзі тәрбиелеу жолымен бойына жинаған білім мен ғылым негізінде рухани жан дүниесін байытып шапағатқа қол жеткізуге болатынына көз жеткізбей ме?
Өмірдің ащы-тұщысын дәмін татып көргенін көңілге түйген жастағы біз үшін, бүгінде жинақталған күрделі мәселелердің шешімі табылып іске асуы ешкімді бей-жай қалдырмауы керек. Баспасөзде жарық көрген дерек көздерінде: «қазіргі ауыл мектебін бітірушіге дүниетанымды кеңейту, өз ісінің кәсіпқойы болу, ғылыммен айналысу, дүниенің құпияларын ашуға ұмтылу сияқты ұғымдар жат. Оны ештеңе – жұлдыздар, гүлдер, таудан сылдырап аққан бұлақ, еңбек, жетістік, елдер мен жұрттар қызықтырмайды. Ол адамгершілік қамтамасыздық, салауаттылық, азаматтық парыз, отбасын құру және оны қамтамасыздандыру сияқты ұғымдармен де бас қатырмайды. Оның себептерінің бірі, ауылды жерде білімді-білікті мұғалімдердің жетіспеушілігі. Екіншісі – өмірлік тәжірибенің үйреткені. Бір жағынан елді, жерді жан ұшырып қорғаушыларға, сондай-ақ нағыз ғалымдарға жеткілікті көңіл бөлінбейтіндігі. Керісінше білімсіз, мәдениетсіз болса да, аға немесе тәте тауып алып, түсімді орынға орналасып, «жемқорлық сарбазына» айналып, ақшаны қаппен арқалап жүргендерді көреді. Оқушы ондай ақпаратты бірге оқитын сыныптас-тарынан да, туыстарынан да алып отырғаны» айтылады.
Осынау өмірдегі келеңсіз болмыс-тар туралы, ұлы ойшыл: «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват.
…Мал, мақтан, ғиззат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды, һәм көрік береді. Егер де адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады. Тыныш жатып, көзін сатып, біреуден тіленбей, жанын қарманып, адал еңбекпенен мал іздемек – ол арлы адамның ісі» деген екен.
Олай болса «өскелең ұрпаққа малды қалай адал еңбек қылғанда табады екен, соны үйретейік», ағайын! Адамның рухани күш-қуатын, жан-дүниесін, ішкі сарайын ашатын басты құрал – әрине тәрбие.
Тәрбиені ынта-ықыласты оята отырып, бойға сіңіру сезім жолымен жүрек арқылы өткізгенде ғана жасампаз құндылыққа, өмірлік шапағатқа жол ашады. Заманауи космоэнергетика ғылымының зерттеулері көрсеткендей, әлемнің энергоақпараттық біртұтастығы теориясына сәйкес ғалам энергетикалық, ақпараттық және генетикалық толқындар тербелісі түріндегі өрістер арқылы тіршілік жасайды. Осы толқындарды қабылдайтын жүрек. Жүрек тербелістері мидың жұмысын, адамның көңіл-күйін, барлық сана сезімдерін басқарады. Олай болса балаларға сәби кезінен бастап жанға жақсы әсер ететін ойын, этика мен эстетика элементтері арқылы әдемілік, ізгілік, еркіндік сезімдерін, өз-өзіне сенімділігін, жігерін, ынта-ықыласын, икемділігін, дене мәдениетін дамытып, туған Отанына, өскен жері мен ортасына, ұлттық мәдениетіне деген сүйіспеншілік пен сыйластық сезімдерін ұялатуға бағыттап, осы құндылықтарды жасөспірім жүрегінде қалыптастыра алсақ қой!
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің социологиялық зерттеулер мен әлеуметтік инжиниринг орталығының сауалнамасына қатысқан жас қазақстандықтардың 85 пайызы өз елінің тарихы мақтаныш сезімін тудыратынын атаған. Өз елі туралы ойлағанда келесідей ассоциа-циялар жастар бойында мақтаныш сезімін ұялатады екен: «Ел мен халқымыздың тарихы (77 пайыз)», «Біз өмір сүріп жатқан территория (65 пайыз)», «Адамның туған (70 пайыз)», және «өскен жері (63 пайыз)», «Атақты тұлғалар мен ана тілі (68 пайыз)», «Шынайы, ішкі қасиеттер (қонақжайлылық, халықтың ақкөңілдігі (75 пайыз) және «Әдебиет (65 пайыз)».
Көңіл аударарлық маңызды жайттардың бірі жастардың көп бөлігі әлеуметтік әділдік қоғамын орнатуды қалайтындарын білдірген. Олардың пікірінше, ұятқа, мамандығы мен шыққан тегіне қарамастан адамдардың теңдігі басымдылыққа ие болатын қоғам ретінде айқындалады.
Қазіргі кезде еліміздің болашағын әлемдік деңгейдегі білімді, білікті мамандар анықтайды. Сондықтан бүгінгі жастар жақсы, ұтымды жаңалықтар мен іскерлікке ынталы және ата-бабадан келе жатқан өнегелі дәстүрлерін, туған мәдениетін бойына сіңіріп, жеткен жетістіктерді бағалай білсін десек, жоғарыда келтірілген ғұлама Абайдың өсиеттерін жүректен өткізіп өскелең ұрпақ бойына сіңіру әрбір ата-әже, әке-шеше, тәрбиешілер мен ұстаздар, қоғамдық ортаның ұлағатты борышы.
Халқымыздың мәдениеті мен рухани әлемінің тарихи қойнауындағы асыл маржандарды, өмірлік оң тәжірибелерді, сан ғасырлық мәдени, ұлттық дәстүрлерді, сондай-ақ тұлға дәрежесіне көтеретін ішкі жан дүниесін: рух, ар, намыс, жігер, ізгілік ниет, парасат сияқты құндылықтарды жастардың санасына сіңіріп, оларға берілетін тәрбие халқымыздың келешегіне сәйкес елдің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешуде жұмылып тіршілік ететін еңбекқорлықтың арқасында жоспарланған дамыған 30 елдің қатарына енуге ат салысатын кемел жандарды қалыптастыру бүгін мен келешектегі ұлағатты міндет. Өйткені тәрбие біліммен қатар адам капиталының өсуін қамтамасыз етеді. Бұл Абайдың асыл мұраларын оқығанда көңілге тоқыған кейбір ойлар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында қазіргі таңдағы өзекті: «… тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, сыбайлас жемқорлықпен күрес, тұрақты және қарқынды экономикалық өсім, тұрғын үйді қолжетімді ету, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау, әділетті әлеуметтік саясат, жастарымызға көп мән берілу, елімізге бірыңғай экологиялық саясат, өңірлерді дамытудың жаңа бағыттары, жаңа жұмыс орындарын ашу және халықты лайықты жалақымен қамту мәселелерін шешу қажеттілігін» қадап айтты.
Бұл ұлағатты мақсат қағаз жүзінде қалмас үшін «адам баласына адам баласының бәрі – дос» деп Абай айтқандай үлкен-кіші болып бәріміздің де бір кісідей жұмылуымыз керек. Ойымызды түйіндеу үшін ұлы ағартушыға жүгінсек:
Түбінде баянды еңбек егін салған,
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған..
Демек, қажымас қайрат пен білікті еңбек қана мақсатқа жеткізеді.

Нұридин БАЛҚИЯҰЛЫ,
М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының профессоры




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *