Сайын САДЫҚОВ, ғалым-радиолог: ТЕК ДЕГЕНІМІЗ – ГЕНЕТИКАЛЫҚ КОД

689

1901 жылы медицинада нағыз төңкеріс болды – тұңғыш рет қатерлі ісікті емдеу үшін сәулелендіру қолданылды. Сәуле терапиясы бүгінгі күні жаңа технологиялар мен нақты ғылымдар саласындағы жетістіктердің арқасында қауіпсіз әрі қолжетімді бола түсті. Радиотерапия, яғни сәулемен емдеу хирургиялық әдіспен, химиятерапиямен қатар қолданылады және қатерлі ісікке шалдыққан науқастардың өмірін сақтап қалуға көмектесетін тиімді әдістің бірі болып есептеледі. Дамыған елдерде сәуле терапиясын игеру қиындықтармен қосақабат қауырт дамып жатыр. Қазақстанда сәулемен емдеудің басты орталығы – Қазақтың онкология және радиология институты. Биыл бұл мекеменің құрылғанына 60 жыл. Бір кезде бүкіл Кеңес Одағындағы алдыңғы қатарлы ғылыми-зерттеу орталығы болған осы институттың байырғы қызметкері, ғалым-радиолог, профессор Сайын Садықовпен сұхбатымыз сәуле терапиясы және оның қазіргі қолданысы жөнінде өрбіді. 

– Сайын Садықұлы, сәулемен емдеудің мақсаты не және ол қалай қолданылады?

– Сәулемен емдеудің басты мақсаты сәулелендіруді қолдану арқылы ауру тіннің маңайындағы маңызды органдар мен дені сау тіндерді аман сақтап, ісікті барынша тиімді және қауіпсіз емдеу болып есептеледі. Бұл үшін ісікті мұқият зерттеп, жоспарлы түрде емдеу әдістерін жүргізу керек. Нақты диагноз қойылғаннан кейін барып арнайы аппаратпен ісікке әсер ету үшін мұқият есептелген сәуле мөлшері енгізіледі. Сәуле дозасын көбейтіп, қатерлі ісік клеткаларын түгел жойып жіберуге болады, әрине. Бірақ, бұл оның жанындағы сау тіндерді де жойып  жіберуі ықтимал. Сондықтан сәуле терапия-сын қауіпсіз қолдану үшін ісікке тікелей әсер ету және сәулелендіру мөлшерін қатаң сақтау керек. Қазір осы сәуле терапиясын жетілдіру бағытында дүние жүзінде көптеген зерттеулер жүргізіліп жатыр.

– Қазақстанда бұл ғылым қалай қалыптасты? Елімізде рентген-радиология және радиобиология ғылымдарының негізін қалаған белгілі ғалым, академик, қоғам қайраткері Сайым Балмұханов осы институтта қызмет етті ғой. 

– Иә, С.Балмұханов ағамыз өмірінің соңғы күніне дейін осы жерде қызмет атқарды. Мен ол кісінің қарамағында жұмыс істедім. 230-дан аса ғылыми жұмысым бар, барлығын сол кісінің басқаруымен жаздым. Осы институттың құрылғанына биыл 60 жыл, соның 51 жылы менің көз алдымда өтті. Сайым Балмұханов – Кеңес заманында радиобиологияның негізін қалаған ғалым. Көп жылдар бойы Онкология және радиология институтын басқарды. Бақия Атшабаровпен бірлесіп Семейдегі полигонның зардабын, оның адамға тигізетін әсерін егжей-тегжейлі зерттеген. Қатерлі ісікті жаңа әдістермен емдеудің басы-қасында болды. ХХІ ғасыр атом дәуірі ғой, оның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Мәселен, С.Балмұханов сәулемен емдеудің диагнос-тикада маңызы зор екенін дәлелдеді. Оның басшылығымен Қазақстанда қатерлі ісікпен ауыратын адамдарды сәулемен емдеуге арналған алғашқы клиника құрылды. 1953 жылы Алматы медицина институтында рентгенология-радиология кафедрасын ашқан, ол уақытта бұндай кафедра Кеңес Одағында болған жоқ. Ең бірінші оқулықты да сол кісі жазған, жалпы ғылыми еңбегінің саны 400-ден асады. Ал онкология кафедрасы 1972 жылы ашылды, қазіргі таңда бұл екі кафедра біріккен.

Мен Мәскеуде, Ленинградта білім алдым, көптеген ғалым-профессорлардың алдын көрдім. Солардың ішінде бұл кісінің ерекшелігі – науқастарды емдеу кезінде  дерттің клиникасынан бұрын, клеткада қандай физиологиялық өзгеріс жүріп жатқанына мән беретін. Ол кісі әлемдік деңгейдегі ғалым еді. Біз орыс тілін енді игеріп жүргенде, С.Балмұханов ағылшын тілінде ғылыми мақала жазатын. Ол кісінің шәкірттері көп. Академик-радиолог Ж.Абдрахманов, С.Нұғманов –  менің ұстаздарым, осы институттың негізін қалаушылар.

– Радиология ғылымы қысқаша айтқанда нені зерттейді?

– Қазіргі заманда екінің бірі қорқатын зат – ядролық қару, радиация.

 Радиация  дегеніміз энергияның толқын және бөлшек (өте ұсақ) түрде ауаға және      денеге таралуы. Біздің айналамыз толған радиация, мысалы, микротолқындар, тамақ жылытатын пеште болатын электромагниттік радиация, инфрақызыл сәуле, күн сәулесі, ультракүлгін сәуле, медицинада қолданатын Рентген аппаратыннан шығатын сәуле, т.б. Адам организмі үшін сәулелердің артық мөлшері ауытқулар мен түрлі дертті туғызады. Табиғатта кездесетін радиация адам денесіне соншалық қауіпті емес. Зиянды радиацияға жататын α, β және γ сәулелері, мысалы, Күннен шығады да жерге өте аз мөлшерде жетеді. Ал атомдық нөмірі 84-тен жоғары барлық металдар радиоактивті болып келеді. Ондай металдар ядролық қаруларда, атом бомбасында, радиоактивті зымырандарда, атом электр станциясында  қолданылады. Мысалы, стронций-90, цирконий-95, цезий-137, плутоний-239 және қорғасын-210 изотоптары белсенділігін жоғалтпайтын залалды қасиетке ие. Олар топыраққа сіңіп, өсімдік тамырларына барады. Ауыр изотоптар адам организміне тап болса, ағзаны жей бастайды. Жоғары мөлшердегі радиация әсер еткенде клеткалардың құрылымы мен құрамы өзгеруі мүмкін. Бұндай радиациялық сәулелену мутацияға, мысалы, дамуында түрлі кемістігі бар балалардың тууына әкеп соғады.

Соңғы жылдары ядролық қарудың көптеп өндірілуіне, ядролық энергетиканы пайдалануға, уран өндіруді көбейтуге, радиа-ция қалдықтарының дұрыс сақталмауына байланысты барлық тіршілік иелеріне – өсімдіктерге, жануарларға, адамдарға нақты қауіп төніп отыр. Қатерлі ісіктер, сәулелік аурулар саны ұлғайды. Ал енді сол сәуле дегенді дәрігерлер аурудың диагнозын анықтауға, емдеуге де қолданады. Барлығы иондаушы сәулелердің, изотоптардың түрі мен көлеміне байланысты, көп мөлшерде олар организмнің тұқымын құртып жібереді, немесе клетканы өзгертіп мутация жасайды. Мысалы, екі басы я төрт қолы бар адам тууы мүмкін. Қазір дүние жүзінде ғалымдар клеткадағы митохондрияның өзін өзгерте отырып, түрлі жаңалықтар ашып жатыр. Тіршілікте бір клеткалылардан бастап көп клеткалыларға дейін бар. Теңіз балдырлары бір клеткалы. Сіз бен біз көп клеткалымыз.

Ежелгі түркі халықтары адам топырақтан жаратылған дейді. Тобыр деген көпшілік, ақ дегені клетка. Біз оны жасуша деп қате айтып жүрміз. Микроскоппен қарағанда клетка мөлдір, ақ түсті. Ата-бабамыз адамның тегіне көп мән беретіні тегін емес, мұның өзінде үлкен философия жатыр. Тек дегеніміз – генетикалық код. Қазақ «көкті баспа» деп жатады ғой, көк шөп тірі жаратылыс, бассаң өледі. Табиғатта  бәрі бір-бірімен байланысты. Бұрынғы қазақ оқымаған деген қате сөз, шын мәнінде ата-бабаларымыз дана болған. Олар адам физиологиясын жақсы білген.

– Медицина институтында жеке рентгенология-радиология кафедрасы ашылуының полигонның зардаптарына қатысы болды ма? Семей полигонындағы ашық жарылыстардың зиянды салдарын ғалымдар сол кезде-ақ білді ғой.

– Білгенде қандай? Б.Атшабаров пен С.Балмұхановтың басшылығымен бір топ зерттеуші 1954-1960 жылдары Семей ядролық полигонындағы жарылыстардың жергілікті тұрғындар денсаулығына әсерін зерттеді. Радиация топырақтан да, судан да, тағамнан да табылды. Қазақстандық дәрігер-ғалымдар халықтың денсаулығына орасан зор зиян келгенін, атом бомбасы ашық жарылған бұл өңірдегі халықтың денсаулығы 2-3 есе төмендеп кеткенін мәлімдеді. Семей полигонының зардабын әшкерелегені үшін С.Балмұхановқа Жапония Нагаи Такачи атындағы Халықаралық Бейбітшілік сыйлығын берді.

– Осы радиобиология, сәулемен емдеу ғылымының қазіргі жай-күйі қалай? Қалай дамып жатыр?

– Міне, бұл онколог-дәрігерлерді алаңдататын мәселе. Қазақстандағы радиобиология ғылымы Кеңес Одағы бойынша алдыңғы қатарда болды. Қазақтың Онкология және радиология ғылыми зерттеу институты аталғаны да сол кезең. 1970-1990 жылдары бұл ғылым жақсы дамыды.  Егемендігімізді алғаннан кейін алғашқы жылдардағы қиыншылыққа байланысты біздің шетелдермен байланысымыз тоқтап қалды. Институт жұмысы біраз дағдарысқа ұшырап, бұрынғы ғылыми ізденістер тоқырады.

Онкология деген қатерлі ісік қой. Қатерлі ісікті тек хирургиялық тәсілмен емдеуге болмайды. Оның өзіндік ерекшелігі бар. Ісік клеткаларының өсу қарқыны болады, ол дертті ағзаны кесіп алып тастағаннан жазыла қоймайды. Рак организмдегі клеткалар табиғи емес жолмен өсіп, бөліне бастаған кезде пайда болады. Радиотерапия осы рак клеткаларын иондалған сәулемен емдеуді білдіреді. Сәулелендіру рак клеткаларының ДНҚ құрылымын бұзады. Бұл клеткалар жарамсыз болғандықтан, олардың ДНҚ құрылымы қалпына келмейді, сөйтіп,  соның нәтижесінде олар ары қарай бөліну қабілетінен айрылып, жойылады.   Сондықтан онкологияда міндетті түрде сәулемен, химиялық терапия-мен ұштастыра, кешенді түрде құрастыру тәсілдерімен емдейді.

Кезінде басқаларда жоқ бөлімдер осы институтта болды. С.Балмұханов радиобиологиялық бөлімше ашқан болатын. М.Ефимов деген басқарды.  Адам ағзасындағы көптеген өзгерістер клеткаға байланысты. Мектепте оқыдыңыздар ғой, клетканың қалай бөлінетінін. Ол митоз, амитоз, одан кейін премитотикалық, постмитотикалық деген сатыларға бөлінеді. Сол бөліну сатысына байланысты қалыпты тіндердің сезімталдығы, химиялық препаратқа төзімділігі әртүрлі болады. Сондықтан, дәрігердің мақсаты ісікті кері қайтару, кішірейту. Оған қалай әсер етеміз? Міне, сонымен шұғылданатын осы радиобиология. Ісік қай уақытта сезімтал болады? Клетка қанмен дұрыс қамтамасыз етілсе, оттегіні тасымалдайтын гемоглобин жеткілікті болса, ісікті емдеуге оң әсер етеді. Осындай жағдайда сәулемен емдеу негізгі емнің құрамдасы ретінде ісік көлемін кішірейтуге көмектеседі.

Ісіктің бірнеше түрі бар. Клетканың ең ортасындағы оттегі бармайтын жерге сәулелі емнің әсері аз болады.Ал оттегі көп болған жерде оның әсері де жақсы, ісік тез қайтады, науқас тез жазылады. Басқа ағзаға тарамайды. Міне, сәулемен емдегенде ісікті барынша оксигендеп, көбірек оттегі беріп емдеуге тырысу керек. С.Балмұхановтың тұсында осы бағытта көп жұмыс жүргізілді. Одан бөлек дүние жүзінде жасалған эксперименттер бар. Өкінішке қарай, қазір оларды ешкім қолданып жатқан жоқ.

– Жаңа әдістерді қолданысқа енгізу қиын ба?

– 1990 жылдары қаражат болмауына байланысты ол әдістер қолданыстан шығып қалды. Қазір қаржы бар, сол әдістерді қайта қарастыру қажет. Біз бұрын түрлі зерттеулер, эксперименттер жасадық, олардың бірнеше бағыты бар. Клеткаға оттегі қалай бару керек, гипотермия жасау,т.с.с. Кейбіреуіне жасанды гипоксия жасаймыз. Клеткаға әртүрлі әдістерді қолдана отырып, ісікті кішірейтеміз.

– Сәулемен емдеудің қандай ерекшеліктері бар?

– Бұл сәулелі емдеудің дозасына байланысты. Мысалы, науқастарды емдеу кезінде берілетін сәуленің мөлшері де, мерзімі де әртүрлі болу керек. Бұл процесті дүниежүзінің ғалымдары зерттеген. Зерттеушілердің бірі – мен. Бірлік ошақтық дозаны интервалмен беріп, содан кейін жалпы ошақтық дозаны қолданады. Осылай ісікті тез қайтаруға болады. Бұл да С.Балмұхановтың идеясы. Бірақ біз қазір осы жұмыстарды жалғастыра алмай отырмыз. Оның өзіндік  себептері бар.

– Науқастарға көмектесетін, ауруын жеңілдететін тәсілдердің қолданылмауына не себеп?

– Өйткені бізде қазір радиобиологиямен айналысатын адам жоқ. Қазіргі екі-үш маман жасы келген адамдар.

– Жоғары оқу орындарында, осы онкология институтында радиобиолог дәрігерлер даярланбай ма?

– Институт құрылымы өзгеріп, қысқартулар болды. Мен осы бөлімді қайта ашу жөнінде ұсыныстарымды айтып жүрмін. Жаңадан келген жас дәрігер мамандар науқастарды қарайды, ота жасайды. Бірақ, сәулемен емдеудің мөлшерін белгілеп отыратын жеке маман керек, ол бізде қарастырылмаған. Мемлекет қатерлі ісікті емдеу үшін қаржы бөледі, ол ақшаға химиялық препараттарды миллиондаған ақшаға сатып аламыз. Химияның пайдасы көп, бірақ ол у ғой. Егер сәуле терапиясы да науқас организмінің ерекшелігіне байланысты оған зиянды болса, сәулелендіру тағайындалмайды.

– Яғни, қатерлі ісікті емдеу ғылыми зерттеумен тығыз байланысты ғой.

– Әрине, екеуі бірге қатар жүру керек. Міндетті түрде клеткалық деңгейде ем жүргізу қажет. Ісіктің өсу дәрежесін бақылау, ол қалай қоректеніп жатыр, осының барлығын есептеу қажет. Ол ісіктің көлеміне, гистологиялық түріне, өсу қарқынына, адамның жасына байланысты. Ал қазір бізде емдеу кезінде  оксигенацияны қолданбайды. Себебі ол аппарат өте қымбат.

Мен осы әдісті Қазақстанда бірінші болып зерттедім. Оны қолданысқа  енгізу үшін радиобиология бөлімін, кафедра ашу қажет. Әрбір бірлік ошақты мөлшерді бөліп бере отырып, соның әсерін бақылау қажет.

– Осы өзіңіз зерттеген радиобиология бойынша институтта шәкірт тәрбиелеу жағы қалай?

– Радиология бойынша шәкірттерім бар, ал радиобиологияда жоқ. Мен осы сәулемен емдеуді зерттеумен айналысқаныма 50 жылдан асты, сондықтан да бұл салаға жаным ашиды. Ауылда өскен мен осы институтқа келіп маман болдым, осы жерде ғылым дегеннің не екенін біле бастадым. Ғалым, маман-дәрігер болып қалыптастым. Кеңес одағы кезінде ғылым кандидаты, доктор атану оңай емес. Мәскеуге бірнеше рет барып қорғайтын. «Оқу инемен құдық қазғандай» деген ғылымға тікелей қатысты, оған уақыт керек. Мен 24 жыл бойы кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім, тапсырмаларды жақсы орындап жүріп кейін қорғадым.

– Демек, бұл қатерлі ісікті емдеу мен анықтаудың ғылыми жағы ақсап отыр деген сөз бе?

–  Ғылым жоқ болса, ол қалай дамиды.

– Сонда ғылыми зерттеулер тоқтап қалды ма?

– Ғылым тоқтап қалған жоқ, ғылым жоқ! Бұл институтта ғана емес, бүкіл Қазақстанда жоқ қой. Бұрынғы зерттеулер де іске асырылмай, кәдеге жарамай отыр. Жазылған, жазылып жатқан еңбектер бар, оқитын адам жоқ. Ол кітаптарды да өз қаржымызға шығарамыз. Медицина университетінің студенттеріне дәрі берген кезде өз тарапымыздан сол еңбектерді айтып түсіндіріп, оқытуға тырысамыз. Өмір бойы жиған-тергенімізді беріп кеткіміз келеді. Мәселен, математикалық модельдеу әдістемесін науқастарды емдеу тәжірибесінде қолдану өте қажет және маңызды. Бұл туралы да оқулықтарымыз бар.

– Қатерлі ісікті сәулемен емдеу терапиясының пайдасымен қоса адам ағзасына кері әсері бар екені де белгілі. Сол кері әсерді азайту бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?

– Менің зерттеулерім осыған арналған. Әртүрлі әдіспен фракция жасай отырып, науқасты емдеу процесін жеңілдетеміз. Сонда кері реакциялар аз болады, асқыну да барынша азаяды. Ол жоғарыда айтқан сәуле мөлшерін бөліп беріп, арасында интервал жасауға байланысты. Себебі сау клетканың қалыпқа келуі үшін 24 сағат қажет, ал ісік клеткасының қалыпқа келуі одан ұзағырақ. Сондықтан сәуле емін мөлшермен берген уақытта қалыпты клетканың репопуляциясы жүреді де ол тезірек өз қалпына келеді. Бұл дозаның түрлеріне де байланысты, дозаны қай жерге бересің, қанша мөлшермен бересің, бәрін есептеу керек. Әр тіннің өз ерекшелігі бар, сәуле дозасы көп болып кетсе асқынуға әкеледі. Осы әдістемені жақсы меңгеріп алып, науқастарды емдеуде ұтымды пайдалануға болады. Арнайы аппараттар бар, әдістеме бар, тек оған білім мен ынта-ықылас, дұрыс көзқарас қажет.

– Осы орталықта емделіп жатқан науқастарға сіз айтқан емдеу тәсілі қолданылып жүр ме?

– Жоқ, бұл әдіс қолданылмайды. Бүкіл Қазақстанда сәулемен емдеу сол бұрынғы стандартпен, классикалық әдіспен жүргізіледі. Бір науқасқа күніне 60 Грэй беру керек болса, сол міндетті түрде беріледі. Ал сәулені мөлшермен беру әдісімен қазір ешкім шұғылданып жатқан жоқ, себебі ондай маман штаттық құрылымда қарастырылмаған.

– Бұл «Жаны ашымағанның қасында басың ауырмасын» дегеннің кері емес пе? 

– Жан ашығанмен қаражат жетіспейді.

– Сонда ғалымдардың зерттеулері күнделікті практикада қолданылмай ма?

– Иә, радиологиядан қолданылмай отыр. Ісіктің өсу дәрежесіне, адамның емді қабылдай алуына қарай сәуле терапиясы жүргізіледі. Мысалы, бір науқасқа классикалық әдіспен күнәра беріледі, келесі науқасқа динамикалық фракциялану бойын-ша беріледі. Ісіктің гистологиялық түріне, көлеміне байланысты әртүрлі мөлшермен берілуі керек. Барлық науқасты бір әдіспен емдеуге болмайды. Сондықтан радиобиологияны қайтадан қалпына келтіру, бұл саланы жеке дамытуға көңіл бөлу керек. Әрине, бұл қатерлі ісікті сәулемен тиімді емдеудің бір ғана факторы. Одан бөлек сәуле терапиясын алу жолдары, фракциялау әдістері, кешенді емдеу комбинациясы, гипербариялық оксигенотерапия, гипертермия дегендер бар. Химиялық препараттар науқас ағзасының сезімталдығын ескере отырып берілуі тиіс. Мәселен, менің «Қатерлі ісіктің сәулелік терапиясы» атты кітабымда сәулелердің әрбір клеткаға әсері, берілу мөлшері математикалық әдіспен есептелген. Сол арқылы ісіктің еселенуін, метастаз беруін математикадағы интегралмен анықтауға болады. Бұл бізге науқас ағзасындағы ісіктің даму деңгейін анықтауға мүмкіндік береді. Өйткені, қатерлі ісікті емдеуде сәулелік терапияның маңызы зор. Сондықтан оның қыр-сырын терең зерттеп білу, қолдану үшін арнайы кафедра ашылуы керек. Онкология институты күні бүгінгі дейін өз мәртебесін жоғалтқан жоқ. Енді сәулелік терапияны бұрынғыдай жандандырсақ, тіпті жақсы болатын еді. Бүгінгі күнгі инновациялық технологияны да енгізу, қолдана білу керек.

– Институтта қазір мұндай кафедра жоқ па?

–  Жоқ, қазір рентгенология кафедрасы ғана бар, радиология кафедрасы жоқ. Жас мамандарға радиологияны тереңдете оқытатын мамандар керек.

– Соңғы жылдары Қазақстанда қатерлі ісіктің жасаруы жөнінде жиі айтылады. Қазірді күні ісіктердің қай түрі көп кездеседі?

– Бұрын Кеңес одағы кезіндегі статис-тика мәліметтері бойынша бірінші орында өңеш ісігі тұратын, қазақша айтқанда, қылтамақ қой. Қазіргі уақытта әйелдердің сүт безі ісігі жиі кездеседі. Екінші орында – өкпе қатерлі ісігі. Жалпы статистика жыл сайын өзгеріп отырады. Одақ кезінде біздің онкология институты қылтамақтан емдеудің орталығы болды. Мен өзім жүзге жуық ота жасадым.

–  Қатерлі дерттің жасаруының себебі неде?

– Себеп көп. Кез келген нәрсе себеп бола алады. Біреуін бөліп айту қиын. Ең алдымен, әрине, қоршаған ортаның ластануы және тамақ сапасының төмен болуына байланысты.

– Медицина қазақ тілінің ақсап тұрған саласының бірі екені белгілі. Студенттерге ана тілімізде білім берудің жай-күйі жөнінде не айтасыз?

– Мен арнайы қазақ студенттеріне арнап бірнеше кітап жазып, өз қаражатыма шығардым. Оның ішінде «Медициналық радиобиология негізі», «Сәулемен емдеу», «Иондаушы сәуленің физикалық және радиобиологиялық негіздері»,  «Медициналық радиология», «Клиникалық радиобиология», ‹Сыртқы дене мүшелерінің қатерлі және қатерсіз ісіктерін ерте анықтау, емдеу және алдын алу» сынды кітаптар бар. Бірақ, өкінішке қарай, бұл басылымдар кең қолданыста емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғанымен, қазақ студенттерінің толыққанды білім алуы үшін қажет материалдар әлі де жеткіліксіз. Мәселен, 1991 жылы «Өкпенің қатерлі ісігін сәулемен емдеуде дозаларды әр түрлі тәсілмен бөлшектеудің салыстырмалы нәтижелері» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғадым. Бұл емдеу тәсілінің нәтижесінде өкпе, өңеш, жатыр, жұтқыншақтың қатерлі ісіктерімен ауырған науқастардың өмір сүруі сапасы жақсарады.

Жалпы қатерлі дертке шалдыққан науқас ағзасындағы клетканың көлемін анықтау маңызды. Бұл әдіс диагнозды дәл анықтап, емдеу тәсілдерін дұрыс таңдауға көмектеседі. Тіпті клетканы зерттеу арқылы адамның болашақ тағдырын болжауға болады. Сонымен қатар осы әдіспен әр ағзаның өз ерекшелігін ескере отырып, керекті сәуле мөлшерін тағайындауға болады. Мен мұны арнайы формуланы қолдана отырып шығардым. Осының барлығын кітапта жазғаныммен, оны қазір оқитын да, оқытатын да адам жоқ болып тұрғаны алаңдатады. Біздің басты байлығымыз – ана тіліміз. Қазақ тілі – еліміздің өткені және болашағы. Бірақ тәуелсіздігімізді алғалы бері 30 жылға жуықтаса да тіліміз әлі күрмеліп отыр.

– Сіздің шежіремен айналысуыңыз да медицинамен байланысты сияқты.

– Кез келген адам қайдан шықты, ата-бабасы кім болған, соның бәрін білгені дұрыс.  Мен қазақтың тарихын көп жылдан бері зерттеп келемін. Шежіре дегеніміздің өзі генетикалық код туралы дүние ғой. Адамда тұқым қуалаушылық деген қасиет бар. Мен зерттеп жүрген радиологияда да тұқым қуалаушылық маңызды, барлығы клеткамен байланысып жатыр. Радиация, яғни иондаушы сәуле бірден клетканың ішіне кіреді, еш кедергі жоқ. Сөйтеді де ішіндегі дүниенің бәрін өзгертеді. Қалыпты процестерді тоқтатады, көбірек уақыт өтсе ДНҚ және РНҚ-ны бұзады, митохондрияны өзгертеді. Тұқымның құруы деген сол.

Адам ағзасының әрбір мүшесінің өз қызметі бар. Сол сияқты, мәселен, ұлт дегеніміз ядро болса, ру дегеніміз соның құрамындағы ферменттер. Ел, халық, ру дегеннің барлығы генетикалық кодқа ие. Қазақ мұны бұрыннан білген. Біздің қасиетіміз де сол жеті ата ұғымында. Мұқағали Мақатаевтың «Сақалыңан айналайын, қарт бабалар, Ұрпағыңа не айтасың артта қалар?» дейтіні содан. Мен алдыма келген студенттеріме Абайдың сөзін, Шәкәрім атамыздың еңбектерін айтып отырамын. Бұрын қазақ  баланы бүкіл ауыл болып тәрбиелеген. Қазіргі тәрбиені тәрбие деп айту қиын. Ата-анасы нан табумен кетеді, бала қандай тәрбие алып жатыр, белгісіз. Көбінің сырты жылтырап тұрғанымен, іші дұрыс емес. Бұндай үрдіс біздің тұқымымызды, зәу-затымызды қандай күйге алып келеді, соны ойлау керек.

Мен өзім мектеп бітіргенге дейін қала дегенді көрмеген адаммын. Ақтөбе облысы Байғанин ауданының Жамбыл деген колхозында туып-өстім. Сол жерде бірінші сыныпқа барып, 1959 жылы мектепті бітірдім. Екі жылдай жылқы бақтым, содан кейін Ақтөбенің медициналық институтына түстім. Оқуды бітіргеннен кейін Хромтау қаласында екі жыл хирургия бөлімінің жетекшісі болып жұмыс істедім, маманданудан өттім. 1970 жылы Алматыға аспирантураға келіп, Қазақтың Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтына  кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналастым. 1987 жылы клиникалық радиология бөлімінің аға ғылыми қызметкерлігіне ауыстым. 1996 жылдан 1999 жылға дейін осы бөлімшенің меңгерушілік қызметін атқардым. Қазақтың Медициналық ұлттық университетінде сабақ бердім. Қазір осы салада жүргеніме елу жылдан асты. Инновациялық технологияны қатерлі ісікті емдеуге қолданып жүрмін. Бүкіл өмірім медицинада өтіп жатыр, қолымнан келгенше елге жақсылық жасағым, білгенімді беріп кеткім келеді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Дина ИМАМБАЕВА




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *