Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 22 Сәуір, 2010

Қаржы жүйесінің келешегі – ислам банкингінде

2020 жылы Қазақстан бизнес-ахуалы ең қолайлы деген 50 елдің қатарына енуі керек. Қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен орнықтылығын қамтамасыз етудің маңызы зор.Отандық қор рыногын жұмыс істеуге мәжбүрлеп, ол 2020 жылы ТМД мен Ор­та­лық Азиядағы ислам банкингінің өңірлік орталығына айналуы және Азиядағы же­тек­ші қаржы орталықтарының ондығына енуі тиіс».

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «ЖАҢА ОНЖЫЛДЫҚ – ЖАҢА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ӨРЛЕУ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

1. Ізгіліктің ілкі қадамдары

Бұдан бұрындары да тілге тиек етіп жүргеніміздей, оқырмандарды көптен толғандырып келе жатқан ділгір мәселелердің бірі - елімізде исламдық қаржы жүйесін орнықтыру болып табылады. Елбасы тапсырмасына сәйкес, ислам банкингі мен исламдық қаржыландыру құралдарын енгізу мақсатында өткен жылғы ақпанда «Исламдық банктер мен олардың қызметін және исламдық қаржыландыруды ұйымдастыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әзірленіп, қабылданды. Заңның қабылдануы Қазақстанда исламдық банктердің, исламдық инвестициялық қорлардың қызметін ұйымдастыруға және исламдық қаржы құралдарын енгізуге кең мүмкіндік ашты. Исламдық қаржы институттары дәстүрлі несиелік институттар сияқты қаржылық қызметтердің жүйелік қауіп-қатерін төмендету және тұтынушылар құқықтарын қорғау мақсатында Қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттігі тарапынан лицензияланып және реттеліп отырады.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы өткен жылғы наурызда өзінің жеке тапсырмасымен исламдық қаржыландыру банкін құруды қамтамасыз етуді міндеттегенін атап өту қажет. Осы тапсырманы басшылыққа ала отырып, Қазақстан Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірліктері Үкіметінің арасында елімізде исламдық банк ашу туралы келісім әзірленіп, оған 2009 жылғы маусымда қол қойылды. Сонымен қатар, Қатар Әмірінің 2008 жылғы наурыздағы Қазақстанға ресми сапары шеңберінде бастапқы капиталы 150 млн долларлық бірлескен Исламдық қаржыландыру банкін құру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Қазіргі уақытта исламдық банктер ашуға  қызығушылық танытып отырған өзге де қаржы алпауыттары бой көрсете бастады. Сөйтіп, елімізде исламдық банк ісі жуық арада қауырт өркендеп, қаржы нарығында лайықты орын алады деуге толық негіз бар.

Ислам банктері барлық дәстүрлі банк операцияларын, яғни депозиттік, кредиттік, аккредитивтік операцияларды, вескельдерді есепке алу және қайыра есепке алу, өзге де есептесу және төлем операцияларын жүзеге асырады, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы секторына инвестиция құяды, сауданы, қызмет көрсету саласын, әлеуметтік жобаларды қаржыландырады.

Ислам банкингін дамытуда Ислам даму банкінің (ИДБ) алатын орыны ерекше. Ислам даму банкі халықаралық ұйым болып табылады және барлық ислам банктері үшін бағдар ұстанатын ұйым саналады. ИДБ мұсылман елдерінің басын қосатын халықаралық ұйым-Ислам конференциясына қатысушы елдер тарапынан мұсылман қауымдастығының экономикалық дамуы мен әлеуметтік прогресіне қолдау көрсету мақсатымен 1975 жылы құрылды. Коммерциялық ислам банктерінің демеушісі бола отырып, ИДБ өтпелі экономикасы бар елдердің өркендеп-дамуына септігін тигізуде.

Қаржы-қаражатқа мұқтаж дамушы елдерге көмек көрсетіп келе жатқан бұл банк ислам экономикасы идеяларын жүзеге асыру үстінде. Аталған қолдау мен жәрдем исламға тән қайырымдылық идеясын іске асырудан көрініс тауып отыр. Экономиканың нақты секторында жұмыс істейтін шағын және орта бизнес кәсіпорындарын қаржыландыру шариат заңдары бойынша жұмыс істейтін даму банктерінің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Банктер саясатының осындай бағыты елдің өнеркәсіп орындары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарын кредиттеудегі ұлттық банктердің позициясын нығайтуға мүмкіндік береді, мұның нәтижесінде басты мақсатқа-экономиканың тұрақты дамуына қол жеткізіледі.

Сауда және саяси қарым-қатынастардың дамуы арқасында Шығыс пен Батыс арасындағы сауда айналымында ішкі ахуалы тұрақты транзиттік ел есебінде Қазақстан шетел инвесторлары үшін қызығушылық туғызып отыр. Құрама Штаттардағы ипотека нарығындағы дағдарыс Қазақстанның қаржы секторына да жағымсыз әсерін игізбей қоймады. Сөйтіп, банктердің сыртқы қаржыландыруға қол жеткізуі шектеліп, іскерлік қарқыны баяулады. Бұл түйткілдер экономиканы қаржыландырудың тұрақты сипатты балама формаларын құру қажеттігін көрсетіп берді. Осыған орай ислам қаржы жүйесінің біздің елдегі келешегі кемел деп айтуға толы негіз бар.

Батыстың экономикалық моделі бүгінде тығырыққа тіреліп, осал тұстарын байқатуда. Арнайы зерртеу жүргізген Халықаралық Валюта қорының сарапшылары батыс банктерімен салыстырғанда ислам банктері өтімділік және төлем қабілеті мәселелеріне байланысты туындайтын тәуекелдерге сирек ұшырайтындығы туралы тұжырымға келді. Өткен ғасырдың соңын ала Оңтүстік-Шығыс Азияны шарпып өткен қаржы дағдарысы кезінде Малайзияның, Түркияның және бірқатар араб елдерінің ислам банктері зиян шеккен жоқ. Ал, ғаламдық қаржы дағдарысы туғызған әлемнің қаржы нарықтарындағы соңғы оқиғалар ислам қаржы институттары неғұрлым мығым да тұрақты екендігін көрсетіп берді.

Қазіргі таңда әлемде 300-дей ислам банктері мен қаржы институттары жұмыс істейді, олардың жалпы активтері жуық арада 1 триллион доллар шамасында болады деп күтіліп отыр. Ислам қаржы институттарының дәстүрлі институттардан айырмашылығы неде? Ең алдымен бұл қаржы институттары діни заңнама жүйесі-шариатқа негізделіп құрылған ислам экономикалық моделінің құрамдас бөлігі болып табылады. Исламның кәсіпкерлік этикасы қоғамдағы капиталдың белгілі бір топтар мүдделеріне нұқсан келтіре отырып мөлшерден тыс жинақталуын болдырмау, жұмсалған бейнет пен оның игілігін көрудегі әділеттілік, капиталды орынсыз төгіп-шашу мен табысты шектен тыс иеленуге этикалық шектеулер қою сияқты қағидаттарға әрдайым арқа сүйеп келеді. Іс жүзінде исламның әлеуметтік-экономикалық доктринасы бірқатар нақты шараларды орындау арқылы жүзеге асырылады, бұл шаралардың ең бастысы қарызға берілген капиталдың пайыздық негізінен (риба деп аталады) бас тарту болып табылады. Ислам этикасы нормаларына сәйкес қаржы ресурстары кәсіпкерлерге өндірістік немесе коммерциялық мақсаттарды орындау үшін пайданы, сондай-ақ ықтимал шығындарды бөлісу қағидаттарына негізделіп беріледі.

Өз қызметінде ислам банктері мына төмендегі қаржы құралдарын қолданады:

- Мүшарака - (ұдайы әріптестік) кәсіпкерлік шараға қатысушылардың барлығы бизнес бойынша әріптестер ретінде көрінеді, олар пайда мен шығынды бизнеске өздері қосқан бастапқы капиталға барабар деңгейде бөліседі, қызмет мерзімдері мен шарттарын келісіп отырады.

- Мұдараба - (арнайы әріптестік) – сенім білдірілген қаржыландыру жүйесі, ақша қаражатын пайдалану тұрғысынан алғанда неғұрлым әділетті де тиімді мәміле болып табылады.

- Мұрабаха - (сауданы қаржыландыру) тауарларды арнайы бағамен сату туралы банк пен оның клиенті арасындағы келісімді білдіреді.

- Иджара - (лизинг) – клиентке өндірістік мұқтаждар үшін қажетті жабдықты банк жалға беруші ретінде көрінетін келісім-шарт. Дамыған елдерде лизинг кредиттеудің неғұрлым тиімді түрі ретінде кеңінен өріс алған. Жалдау мерзімі біткеннен кейін жабдықты сатып алу нұсқасы да қарастырылған.

- Сәлям, негізінен алғанда аграрлық сектордағы аванстық қаржыландыру болып табылады.

- Қарз ұл-Хасана - (қайырымдылық кредит) жеке тұлғаға немесе ұйымға пайызсыз несие беру дегенді білдіреді, ол келісілген мерзімде қайтарылуға тиіс. Егер тұлға несиені қайтара алмайтыны әуелден белгілі болса, ақша міндетті немесе ерікті қайырымдылық түрінде беріледі.

- Закят (Зекет) міндетті қайырымдылық болып табылады.

Ислам банктері барлық дәстүрлі банк операцияларын, яғни депозиттік, кредиттік, аккредитивтік операцияларды, вескельдерді есепке алу және қайыра есепке алу, өзге де есептесу және төлем операцияларын жүзеге асырады, өнеркәсіпке, ауыл шаруашылығы секторына инвестиция құяды, сауданы, қызмет көрсету саласын, әлеуметтік жобаларды қаржыландырады.

Ислам ілімі кәсіпорын тәуекелдерін бөлісуге кредитор ат салысса ғана салынған капиталдан пайда алуға рұқсат етеді. Пайда мен шығынды бөлісуге негізделетін банк жүйесі тәуекелді капитал ұсынымын арттыру арқылы экономикалық даму қарқынын жеделдетуге күшті серпін бере алады. Сонымен қатар бұл жүйе түрлі технологияларды өркендетуге де септігін тигізеді, себебі иннновациялар мен жаңа өндірістік технологияларды тәжірибеде өткізуді қолдап отырады. Ол сондай-ақ орналастырылған қаржының тиімділігін артырады, өйткені өнімділікті барынша молайтуды мақсат тұтқан банктер іскер кәсіпорындармен ынтымақтасып, банк қаржысының қайтарымын кәсіпорын жұмысының нақты нәтижелерімен байланыстыратын болады.

Ислам банкі қызметінің, операцияларының және мәмілелерінің талаптарға сәйкес болуын айқындау және қадағалау үшін ислам банкінде міндетті түрде исламдық қаржылан­дыру принциптері жөніндегі кеңес құрылады. Исламдық қаржыландыру принциптері жө­ніндегі кеңес директорлар кеңесінің ұсынысы бойын­ша ислам банкі акционерлерінің жалпы жиналысы тағайындайтын тәуелсіз орган болып табылады.

Ислам банкінің операцияларын жүргізудің жалпы талаптары туралы ережені, Ислам банкінің ішкі несиелік саясаты туралы ережені исламдық қаржы­ландыру принциптері жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес ислам банкінің директорлар кеңесі бекітуге тиіс.

Жоғарыда атап өтілген талаптар - ислам банктері қызметінің ең басты шарты. Мұндай кеңестер әр елде әрқилы аталады. Мәселен, Малайзияда ол Шариғат кеңесі делінсе, оның басшысы Ұлттық банк төрғасы болып табылады.

Жуырда құзырлы орындардың рұқсатымен шетелдік «Әл-Хиляль» ислам банкінің Астана және Алматы қалаларында бөлімшелері ашылды.  Жоғарыда айтылғандай, ол банктің пайыз  түрінде сыйақы алуға, инвестициялық депозитті қайтаруға немесе ол бойынша табысқа кепілдік беруге, темекі, ішімдік өнімдерін, қару-жарақ пен оқ-дәрі шығарумен және сатумен, құмар ойындармен байланысты қызметті, сондай-ақ исламдық қаржыландыру принциптері жөніндегі кеңес қаржыландыруға тыйым салған кәсіпкерлік қызметтің өзге де түрлерін қаржыландыруға құқығы жоқ.

Сөйтсе де бұл банк дәстүрлі банктер жүргізетін операциялардың барлығын жүргізеді, деп жобаланып отыр. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалардан талап етуге дейінгі пайызсыз депозиттерді қабылдау; жеке және заңды тұлғалардың банк шоттарын ашу және жүргізу; жеке және заңды тұлғалардың инвестициялық депозиттерін қабылдау; банктік заем операциялары; ислам банкінің мерзімділік, қайтарымдылық талаптары бойынша және сыйақы алмай ақшалай нысанда несиелер беруі; кәсіпкерлік қызметті қаржы­ландыру, атап айтқанда коммерциялық несиені бере отырып, сауда делдалы ретінде сауда қызметін қаржыландыру; заңды тұлғалардың жарғылық капиталына қатысу жолымен және әріптестік талаптары бойынша өндірістік және сауда қызметін қаржыландыру; лизинг (жалдау) талаптары бойынша инвестициялық қызмет, т.б.

Банк жалпы адамзаттық құндылықтарға негізделетін қағидалар бойынша жұмыс істемек. Қаржылық ұйымдар мен қаржы нарығын реттеу және бақылау агенттігі төрағасының орынбасары Мұрат Байсынов бұқаралық ақпарат құралдарына берген бір сұхбатында «Исламдық қаржыландыру ұстанымы негізінде жұмыс істейтін қаржылық ұйымдар әлемдік дағдарыстың әсерін қатты сезіне қойған жоқ. Сондай-ақ, ислам банктері шариғат тәртібімен жұмыс істейді, яғни оларға үстеме ақы алуға, сондай-ақ ішімдік, темекі, есірткі заттарын шығару мен порноөндіріс, ойын бизнесі сияқты салаларды қаржыландыруға тыйым салынған. Банктер несиені үстеме ақысыз береді, бірақ кәсіпкерлерге тиесілі табысқа ортақтасады» деп атап өткен болатын. Расында да, исламдық қаржы мекемелерінің пайызсыз несие беруі, кәсіпкердің тәуекелін бірлесе көтеруі, қаржылық және моральдық жауапкершілікте болуы ислам банкингінің танымалдығын арттырып, оның қызметін тұтынушылар бойында қоғамдағы әділеттілік пен парасатқа деген сенімін қалыптастыратынын әлемнің белді экономистері мойындап отыр.

Жетпісбай Бекболатұлы,

экономика ғылымдарының кандидаты

2070 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз