Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 24 Желтоқсан, 2020

Тексеру барысында теміржолда не көрдік?

Өткен жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да жаңартылған қызметкерлер штатымен жедел мобильдік мониторингтік тобы құрылған болатын. Соның нәтижесінде, жыл бойына билетсіздер саны айтарлықтай төмендеді. Осылайша, жолаушыларды билетсіз алып жүрудің алдын алу және бақылау жөніндегі ішкі ревизорлық қызметінің жұмыс принциптері өзгерді. Олар «ҚТЖ» ҰК» АҚ аумақтық бөлімшелерінің штатында болып келген еді. Негізінен, бұл қызметкерлер жергілікті жерлерде жылдар бойы жұмыс істеген және де тексерілетін нысандармен, сонымен қатар уәкілетті мемлекеттік органдармен байланыстар орнатқан. Қайта ұйымдастырудан кейін штат толық жаңартылып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ құрамынан шығарылды және де компанияның бас офисіне бағынышты етілді. Нәтижесінде – ішкі бақылау күшейтіліп, құқық бұзушылық фактілерінің қысқаруына алып келді.

Міне, жақында сол атқарылып жатқан жұмыстардың ­барысын бақылаған БАҚ өкілдерімен бір­лескен арнайы тексеру рейдтері ұйымдастырылды. Шараны «Қа­­зақ­стан теміржолы» акционерлік қоға­­мының ревизор қызметінің бас менеджерлері жүргізді. Алғашқы күнгі рейд Алматы-Орал бағытындағы номері 51 пойыз составында жүзеге асы­рылды. Ревизор қызыметінің бас менеджерлері Берік Сандыбаев пен Асылхан Жанатұлы жолаушылардың купелерін рұқсат сұрап аштырып, жолаушы билеттерін, жолда жүру ережелерінің орындалу барысын тексерді. Тексеру біткен соң өз ­жұ­мыс­тарының принциптерін БАҚ өкілдеріне таныстырып өтті.
– Тексеру кезінде алдымен жолаушылардың жол жүру билеттері мен жеке куәліктерін қараймыз. Келе жатқан жолаушы билеті мен құжа­тының сәйкестігін тексереміз. Сонан соң жеке жүктерінен бөлек, тыйым салынған заттардың бар немесе жоқ екенін де бақылауда ұстаймыз. ­Мысалы, жүктердің салмақтары «Тальго» пойызында 25 килограмнан аспауы керек. Ал, жай пойыздарда 35 кил­ограмм жүкке дейін тасымалдауға болады. Мұндай шара барысында бір жұмыс күнінде 4 пойызға дейін тексеру жүргіземіз, – дейді ревизор қы­зметінің бас менеджерлері Берік Сандыбаев.
Ревизор мамандардың айтуынша, еліміз бойынша жолаушылар пойыздарын бірнеше топ бас менеджерлер тексереді екен. Қазақстан бойынша күн сайын тексерушілер осылай жұмыс жүргізетіндерін айтты.
Байқағанымыз вагондарда жолау­шылар аз. Жалпы пандемия кезеңі басталғалы жолаушылар саны азайған. Бұл жөнінде бізге осы 51 пойыздың бастығы Ғалымжан Әлімбеков айтып берді.
– Пойыз ең сенімді көлік түрі болған соң бұрын жолаушылар көп болатын. Көктемнен бастап қоңыр күзге дейін орын жетіспей, әр составқа қосымша вагондар тіркеп жүретінбіз. Мына індет басталған карантин кезінде екі ай пойыздар мүлде жүрген жоқ. Содан бері жалпы жолаушылар азайды. Мүмкіндікті пайдаланып, менің жолаушыларға айтарым – ­пойызда жүргенде жолда жүру ережесін қатаң ұстанса, өздеріне де, өзгеге де қауіпсіз болар еді. Мәселен, бір ­жолаушы өзімен бірге 7 жасқа толмаған 1 ­баланы ғана тегін алып жүре алады. Ал біздің кейбір ағайындар мұны түсінбей, екі баламен келіп тұрады. Олардың көңіліне қараймын деп, өз жұмысыма нұқсан келтірер жайым жоқ. ­Алайда содан ортада реніш ­туындайды. Сондықтан жолаушыларға айтарымыз, жолға шықпай тұрып хабарласып, теміржолда жүру ережесін сұрап біліп алса дұрыс болар еді.­ ­Жалпы біздің мақсат – жолаушыларды жететін жеріне аман-есен жеткізу.
Рейдтің екінші күні ревизорлар Ақтөбе-Алматы бағытындағы 34-ші пойызды тексерді. Онда да жол жүру ережелерін бұзған жолаушылар болмады. Тек бірді-екілі санитарлық ­талаптарды сақтамаған жолаушыларға ескерту жасалды. Орал, Ақтөбе өңірлерінде күн қатты суық болып тұрса да вагондар жылы. Купелердің тазалығы үнемі бақылауда ұсталып, тәулігіне екі рет тазалық жұмыстары жүргізіледі екен.
Рейд соңынан БАҚ өкілдеріне баспасөз жиынын өткізген «Жо­лау­шылар тасымалы» акционерлік қоғамының ресми өкілі Мәди Талғатұлының айтуынша, басшылық басқаруға алған бір жылдан астам уақытта купелердегі төсек-орындарды жаңалап, қызмет көрсету түрлерінің сапасын арттырған. Ескірген вагондарды жаңалап, жаңа типті вагондар сатып алу жұмыстарын бастапты. Қазіргі таңда еліміз бойынша жолаушылар тасымалдауда барлық бағыттардағы пойыздарда 2 мың ­вагон бар екен. Жоспар бойынша 2029 жылға дейін солардың 469-ы жаңа типті вагондарға ауыстырылмақ. Ал, қазіргі таңда елімізде жылына 300 вагонды қайта жөндейтін кәсіпорын жұмыс істеп, онда мыңдаған адам еңбек етіп жүрген көрінеді.
Жалпы рейд барысында вокзалдарда санитарлық талаптар қатаң сақталатынын байқадық. Вокзал қызметкерлері жолаушылардың бетперде киуін ескертіп, касса алдында арақашықтық сақталуын жіті бақылап тұрды. Тәртіп пен талап бар жерде істің оңға басатынына тағы бір көз жеткіздік.

Нұрболат Абайұлы
«Ana tili»

518 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз