Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 20 Наурыз, 2021

Наурыз мейрамына қалай дайындалған дұрыс?

Наурыз  жаңару мейрамы,  жаңа өмір бастау уақыты.  Сонымен қатар, ежелгі дәстүр бойынша мерекені атап өту ізгі салт-дəстүріміздің бірі. Айтып-айтпай не керек көбіміз бұл Наурызды 5 күндік демалыс үшін де жақсы көреміз. Қазіргі мынау карантиннің кең етек жаюы да үйде отыруға себепкер болып тұр. Неге десек, отбасымызбен бас қосып, араздасқан жақынымызбен татуласып, күн мен түннің теңелуінің куәсі болып, 7 түрлі дәннен жасалған ұлттық наурызкөжемізді сағынып жегенге не жетсін!? Ал сіз алдағы Наурыз мейрамына қаншалықты дайынсыз?

Жаңа өміріңіздің бастаушысы ретінде, сізге алдағы күнге бірнеше кеңестер ұсынғым келеді.

1. Айналаңызды тазарту.

Айналамызды тазарту дегенде, ең бірінші үй жағдайын қарастырғанымыз жөн. Наурыз мерекесі келмес бұрын өзіңіздің шаңырағыңызды бір тазалап, жинап алыңыз. Үй тазалау барысында өзіңіздің сүйікті әуеніңізді қойып шабытпен әрекет етіңіз. Қажет емес нәрселерден құтылу керек: ескілерін лақтырып тастаңыз, қалғандарын мұқтаж жандарға немесе жақындарыңызға таратыңыз. Үйден жиналған қоқыс пен энергияны алып тастаңыз. Себебі, сіздің ендігі мақсатыңыз жаңа жетістіктерге жету үшін жеке кеңістігіңізі қайтадан құру болып табылады. Содан кейін ғана, таза үйге жаңа серпіліс әкелесіз!

2. Жақындарыңызды қуантуға асығу.

Бұл көктемгі мерекелердің міндетті шарасы, тіпті негізгі дәстүрлерінің бірі. Сіз өзіңіздің жақын адамдарыңызға барып, көптен бері көрмей жүрген адамыңызбен кездесіңіз. Көшеде серуендеп, әңгіме-дүкен құрыңыз. Адамдармен кездесіп, оларды қуанту - ең жақсы демалыс. Сонда ғана адамға қуаныш сыйлай аласыз. Сіз бір күнде он шақты сүйікті адамды айналып өтіп, бәрін құшақтап, құттықтай аласыз. Қазақтың ежелгі дәстүрі бойынша бәрімен қол алыса аласыз. Көңіліңіз жайдарлы болуы тиіс!

3. Балаларыңыздың, іні-қарындастарыңыздың көңілін аулау.

Қазір карантиннің салдарынан елімізде  ойын-сауық орталықтары, цирктер немесе көңіл көтеретін орындардың жұмыс істеуіне тыйым салынды. Сондықтан, негізгі мақсат тек үйде отыру болатын. Үй жағдайында балаларыңызға дәмді тағамдар әзірлеп, жақсы көретін істерін бірге орындаңыз. Мәселен, қызыңыз болса ұлттық мәдениетімізге сай кесте тігу, тоқыма тоқу, әшекей жасау сынды әрекеттер үйретіңіз. Ұлыңыз болса, бірге көкпар көріңіз, садақ ату немесе ат абзелдерін дайындауды үйрену сынды жұмыстармен айналысыңыз. Себебі, балаңызда Наурыздың қандай екенін сезіну тиіс. Сол арқылы бойына рухани мол байлық жинауына себепкер боласыз.

4. Татуласу

Араз болған, ренжісіп қалған адамдарыңыз болса өкпе-ренішті ұмытатын күн. Өзіңіз бірінші хабарласып, қал-жағдайын сұрастырып, татулық орнатуға тырысыңыз. Мына бес күндік жалған өмірде тек бірлікте өмір сүрген дұрыс. Ал Наурыз соның нағыз себепшісі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете біліңіз! Бойыңыздағы арамдықты, көреалмаушылық, өзімшілдік қасиетіңізді жолда қалдырып, айналаңызбен сыйласып өмір сүріңіз!

5. Армандарыңызды орындау.

Арманыңыздың бір бөлігін болса да орындаңыз. Мүмкін, сіз демалыстағы ұйқыны аңсап жүрген шығарсыз немесе дүкен аралап үйге қажетті азық-түлік алу жоспарыңызда бар шығар. Тіпті, есігіңіздің алдына алтыбақан, киіз үй орналастырғыңыз келетін шығар. Бәлкім, сіздің арманыңыз оқуға түсу шығар. Онда дайындалыңыз! Уақытыңызды құр босқа өткізбеңіз. Сіз жас болсаңыз да, кәрі болсаңызда ойыңыздағы нәрсені жасауға мүмкіндігіңіз бар. Бұл күні өзіңіздің не жасағыңыз келетін әрекетпен айналысыңыз. Сондықтан, армандар орындалады, мақсатыңыз айқын болса!

Ескіні есіркеп, жаңаны жарылқайтын Наурыз сіз үшін ұмытылмас сәттерге толы болсын! 

Құралай ЖАНДАРБЕК

«Тұран» университетінің студенті

734 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз