Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 26 Маусым, 2021

Кітап оқып, пайдаға кенел

«Рецензия» ұғымымен Salem Social Media компаниясының сценарисі, продюсер Перизат Мырзахметтің әлеуметтік желідегі парақшасында ай сайын өтетін әдеби байқауында таныс болғанмын. Алғашқы рецензиям «оқушы мазмұндап тұрғандай» түсініксіз, әрі ойы жинақы емес жазылды, көңілімнен шықпады. Кейіннен бұл конкурстың ұйымдастырушысы Перизат ханыммен сұқбаттаса келе, рецензияны қалай жазу керек екенін, оның пайдасын білдім.

РЕЦЕНЗИЯ ДЕГЕН НЕ?

Рецензия – кез келген өнер туындысына, мысалы, кітап, спектакль, сурет, кино, мақала, би қойылымына жазылатын пікір. Көп жағдайда рецензияны сыншылар жазады. Бірақ әлеуметтік желінің дамуымен қарапайым көрермен, оқырман, тыңдарман өз пікірін жаза алады. Өзіндік ережелері бар. Ең басты ережесі – рецензияны оқыған адам сол шығарманы, өнер туындысын оқуға, тыңдауға, көруге ұмтылуы керек, сол туралы белгілі бір ақпарат алуы қажет. 

ШЕТЕЛДІК КІТАПТАРДЫ ОҚУ СӘНГЕ АЙНАЛДЫ

Әдеби байқауды ұйымдастыруымның түпкі мақсаты – қазақ әдебиетін оқуға шақыру. Инстаграм желісіндегі сториздерді қарап отырсаң, «Мен бүгін Стивен Хокингтің кітабын оқыдым», «Некрасовты, Курпатовты, Калашниковті оқып отырмын» деп, тағы да басқа шетелдік авторларды атап, рецензия жазып, фотоларын салатындар көп. Шетелдік кітаптарды оқу сәнге айналды, соларды оқысаң сен ақылдысың, білімді, жетістікке жеткен адам секілді көрінесің. Мен ол кітаптардың барлығын оқығанмын, ол кітаптармен теңдей дәрежеде бәсекеге тұра алатын бізде де кітаптар баршылық екенін білемін. Бірақ, бір өкініштісі, қазақ авторларының кітабын салсаң ол жай дүние болып қалады, «сен тек қазақша ғана оқып жатырсың» деген пікір қалыптасады. Біріншіден,  маған популизация жасау үшін бұл байқауды ұйымдастыру қажет болды. Екіншіден, біздің оқырман қай уақытта оқырмандық қасиетінен айырылып қалғанын білмеймін, шығарманы дұрыс емес оқиды, детальдарға назар аудармайды. Мысалы, Айгүл мен Төлеген қосылды, балалы болды, мынандай мәселелерге жолықты деген жалпы сюжет, фабуланы ғана біледі. Ал оның ішінде сонымен қатар көтерілген, бір сөйлеммен айтылып кеткен қаншама проблеманы байқамайды. Сондай нәрселерді білсінші, көрсінші кітапты оқыған кезде тек қана судыратып сюжет үшін ғана оқып шықпай, «ой, Абай таңертең тұрыпты, кешке жатыпты, түсте кітап оқыпты» деген нәрселерді ғана білмей, ортасында қаншама проблема, адами гуманизм көтерілгенін білсінші, түсінсінші, кітапты оқығанда әрбір детальдан ләззат алатын жағдайда болсыншы деген мақсатта жасалды. Берген тапсырмаларымның барлығы сол детальдарға  байланысты. Мен ешқашан ешкімнен сюжет, мазмұнын сұрамаймын, тек қана детальдарды сұраймын.

НЕГАТИВ РЕЦЕНЗИЯ ЖАЗБАЙМЫН

Рецензия жазғанда эмоцияға аса мән беремін. Жазған нәрсем қандай эмоция тудыра алғанына көңіл бөлемін. Негатив рецензия жазбауға тырысамын. Өйткені, біреудің жұмысы саған ұнамай қалды ма, жай үндемей қоя сал. Бұл – менің принципім. Бұл принципті ұстаныңыздар  деп айтпаймын. Қаншама адам сол кино, туынды, шығарма үшін тер төкті. Мен оны жоққа шығарып, «бұны көрмеңдер, оқымаңдар» дегім  келмейді.

Әркім өз таңдауын жасауы керек. Оқысын, көргісі келсе көрсін, әркім өзінің бағасын шығарсын. Ал бір нәрсе қатты ұнай ма, мен міндетті түрде ол туралы жазамын. Оқырмандарым, көрермендерім жаман нәрсе ұсынбайтынымды біледі, өздері дереу барады да, сол нәрсені көріп, ертеңіне дайректке жазады. хабарласа-мыз, сөйлесеміз, ақылдасамыз, талдаймыз. «Неге олай, неге бұлай?» деген секілді сұрақтар қояды.

БАЙҚАУДАҒЫ КЕНЕСАРЫ ДАУЫ

Байқауда рецензия жазудан үш рет жеңген қыз бар. Есімі – Гүлзат. Оның ерекшелігі – менің стилімде жазады, бір-ақ сөйлеммен оқырманды қызықтыра алады. Оралхан Бөкейдің «Өз отыңды өшірме» романы туралы жазғанда бір-ақ ауыз сөзбен назарыңды аудартады. Сол үшін Гүлзат жеңіске жетіп жүрді. Мен рецензия жазғанда оқырманнан ерекше ой күтемін. Бұл конкурстың туындауының себебі – қазақтар басқаша ойланып үйренсінші деген ой. Өйткені, біз әлі шаблонмен ойлаймыз. Баяғыда мектепте айтылып кеткен Бағила – жақсы кейіпкер, Жасын мен Сәргел – жаман кейіпкер деген сияқты бөліп тастаймыз. Бірақ, жоқ, Бағиланың өзінің мотивациясы бар, Сәргелдің өзіндік айтар ойы бар. Оларды «жақсы», «жаман» деп бөлетін, жасаған әрекетіне баға беретін біз ешкім емеспіз. Біз тек қана кейіпкерлерден сабақ алып, олардың әрекетінен, істерінің нәтижесінен ой түйе-міз. Бірақ, өкінішке қарай, бізде оқырман рецензияны көбінесе «бұл кітап қоғамдағы әділетсіздік жайлы» деп жазады. Осы соңғы Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы туралы болған конкурста ең қатты ұнамағаны мен кітапты оқуға бір ай уақыт берсем де, оқырманның тіпті шығарма туралы дұрыс оқымауы, ізденбегені. Адамдардың көпшілігі «Кенесарыны неге жамандаған?», «бұл кітап жаман кітап» деген баға берген. Біріншіден, егер Кенесарыны жамандап жазбағанда, бұл кітап жарық көрмес еді. Екіншіден, Ғабит Мүсірепов өзі итжеккенге айдалып кетуі де мүмкін болды. Оны ешкім түсініп, ұғып, зерттеп жатқан жоқ, жай «неге ол Кенесарыны жамандады?», «бұл жаман кітап» деген баға бере салады. Бұл тұрғыдан алған кезде Ғабит Мүсіреповтікі үлкен ерлік. Жалпы, Кеңес үкіметі кезінде қазақша әдебиет жазу, қазақ қаһармандарын, кейіпкерлерін бірінші орынға қоюға кез келген адамның батылы бара бермеген. Рецензияда ең құрығанда бір сөйлеммен жақсы қорытынды жасаса деп ойлайтынмын. Көбі мыжып, шығармаға спойлер жасап кетеді. Дулат Исабековтің «Өкпек жолаушысын» жазған кезде мазмұндап кеткен рецензиялар көп кездесті. «Ол рецензия емес, кішкене ізденіңіздер» десең, ренжиді, лезде жазғанын өшіріп тастайды. Оқырман ретінде өзіне, жазған нәрсесіне адал болса екен дейсің. Енді ол уақыт өте көбірек оқыса, тереңірек ізденсе келетін шығар.

ҚАЗАҚША ЖАЗУ ҚОЛАЙСЫЗ БА?

– Рецензияның бірінші кезектегі пайдасы сол туындыны көпшілікке таратуға септігін тигізеді. Бізде, өкінішке қарай, әлеуметтік желілерде қазақ шығармаларына арналған сайттардың жазғандары өтімсіздеу болып тұр. Сол сайттарға кіріп әр мақаланы неше адам оқығанын көрсең, 100-200 адамнан аспайды. Көп дегенде мың-ақ адам оқыған. 18 миллион халқы бар Қазақстанның ішінде бұл кітапты 1000-ақ адам оқыды деген сөз – ол кітапты ешкім оқымады деген сөз. Сондықтан әлеуметтік желіде қазақ әдебиеті жайлы көбірек жазылып, қазақ авторлары бар екенін білсе екен. «Біздің қазақта ештеңе жоқ» деген үлкен комплекс бар, қазақтың тілі қиын, қазақша жазу қолайсыз, қазақша айту тиімсіз деген ойдан халық тыйылса екен.

«МИ КЕРЕК» ХЭШТЕГІНІҢ ТАРИХЫ немесе НАҚЫЛ СӨЗДЕРДІҢ ҚАЗАҚШАЛАНУЫ

#Микерек хэштегі аяқ астынан туындады. Уилл Смиттің сөзін қазақшаға аударып, суретсіз жай қоя салғанмын. Ертеңіне барлығы «мына сөзді қазақша оқыған қандай қызық!» деп жазды. Мен басында «бұның барлығы ғаламторда бар нәрсе ғой, оны қазақшалағаным неге соншама қызық болды» деп түсінбедім. Ертеңіне оны пост қылып, ми керек деп жай хэштег жаза салдым.

Инстаграмдағы парақшамда белсенділік жоғарылап, барлығы сақтап алып, бір-біріне таратып жатты. Келесі күні Ричард Гирдің сөзін қазақшаға аударып, тағы да парақшама жүктедім. Ол да сондай оқырмандарымның арасында талқыға түсіп, оқырман әр сөзін, сөйлемін талдап, мағынасын түсінуге тырысты. Сосын мына нәрсені түсіндім. Біз ғаламторда бар нәрсені қолдана алмайды екенбіз. Ол ғаламторда қытайша, ағылшынша жазылып тұрған жоқ, орыс тілінде тұр. Орыс тілін барлығымыз білеміз ғой, мүлдем түсінбейтін адам болмаса. Барлығы орысша біледі, неге қолданбайды десем, дұрыс аудара алмайды, мағынасын дұрыс түсіне қоймайды екен. Таза қазақ тіліне аударып берген кезде ғана түсініп, «ми керекті» әр шығарылым сайын  күтеді. Мен жиірек салып тұруға тырысам, бірақ бұрынғыдай белсенді түрде емес. Мидың қорегі де сол секілді аяқ астынан шықты. Барлығы «сіз білімді қайдан аласыз?», «бір жерден оқисыз ба, біреу ұстаздық ете ме?» деп сұрайды. Жоқ, мен жалпы көп инсайтты көрген фильм-сериалдардан, оқыған кітаптардан аламын. Кітап оқыған кезде бетін арнайы белгілеп қойып оқимын. Стикерлерді жапсырып қойып, керек сөздерді ерекшелеймін. Оны белгілеген сайын есте қалып отырады және ол менің миыма қорек. Кітап оқу сөйлеуіңе, сөздік қорыңа, логикалық ойлауға да пайдасын тигізеді. Сөйтіп бұл хэштегтер пайда болды. Көпшілік қолдайды, қазір барлығының ең жиі сұрайтыны – «мидың қорегі». Өйткені мен соңғы жарты жылда ешқандай сериал, кино көрген жоқпын, мүлдем кітап оқымадым. Тек шетелдік  бір-екі кітап оқыдым, олардың өзі аса ұнаған жоқ, сосын жазған жоқпын. Барлығы «мидың қорегі қайда, сіз айтқан фильмдердің, сериалдардың, кітаптардың бәрін тауыстық» деп сұрайды.

КІТАПТЫҢ ӨМІРІМЕ КӨП ПАЙДАСЫ ТИДІ

Кітаптың бәрін қыздар тұрмысқа шыққанша, жігіттер үйленгенше оқып алыңдар. Одан кейін оқимын деген өтірік сөз. Мен барлық оқыған әлемдік классиканы, классикалық кітаптарды 22 жасқа дейін бітірдім. Мектепте 4-сыныптан бастап, үлкен-үлкен романдарды оқуға кірістім. Құрдастарым 1-2-курста ол кітаптарды енді бастап жатқан кезде, мен ол уақытта басқаларын оқып жаттым. Сондықтан «кейін оқып аламын», «демалыста оқып аламын» деген бос сөз. Жас кездеріңде бос уақытты пайдаланып, кітап оқыңдар! Менің осы уақытқа дейінгі жеткен жетістігімнің 80 пайызы сол оқығанымның арқасы. Мен неге танымайтын компанияға келіп бірден бас редактор болдым? Бір ғана себеп – басқаларға қарағанда менің оқығаным сәл көбірек болды. «Кітап оқу бетіңізде, дипломыңызда көрініп тұрмайды» деп ойламаңыз. Сіздің оқитын-оқымайтыныңыз сөйлеген сөзіңізден білінеді. 22 жасқа дейінгі оқығанымның саны мен содан кейінгі оқыған кітаптарымның саны екі түрлі. Өйткені, мен одан кейін өте аз оқыдым. Жұмыспен жарыса жүріп, Андрей Курпатовтың «Красная таблетка» шығармасын қыркүйекте бастап, желтоқсанда әзер дегенде аяқтадым. Қазір екіншісі күтіп тұр, қолым тие бермейді.

ҚОҒАМ ҒЫЛЫМИ РЕЦЕНЗИЯҒА ДАЙЫН ЕМЕС

Есімдерін ұмытып тұрмын, бір жігіт және бір-екі қыз Фейсбук желісінде фильмдер туралы жазатын. Дегенмен олар киноакадемияны бітірген және тек қана кино әлемінде жүрген адамдарға арнап ғылыми тілмен, терминдермен ауырлатып жазады. Ондай рецензиялар мамандардың арасында жоғары бағаланатын шығар. Бір жаманы, ондай рецензиядан кейін қарапайым көрермен ол нәрсені пайдаланғысы келмейді, ондай сөздерден қорқады. Біздің қоғам мұндай рецензияға дайын емес, білім деңгейі ол дәрежеде емес. Жалпы, жұртшылықты тек қана эпитеттермен қызықтырып қоймасаң, олар оны тіпті ізденбейді, көрмейді. Әсия есімді қыздың жазғандарын оқыдым, мені қызықтырып әкете алмады, ол фильмді көргім келген жоқ. Бізде рецензия жазатындар мүлдем жоқ демеймін. Бар, әйтсе де, халыққа өтетіндей кілтін таба алмаған.

ТИК-ТОК ЖЕЛІСІН ҚҰРМЕТТЕЙМІН

Оқырманға айтарым, көп оқыңдар. Қазір жастар көп оқымайды, барлығы Тик-ток желісінде. Мен Тик-токты құрметтеймін. Жалпы, видео-визуалды әлемді жаулауда қазақтың балалары құрметке, мақтауға әбден лайық. Себебі, осы уақытқа дейін бізде ұзын-сонар жазбалар, қалың том-том кітаптар құрметке ие болса, қазір барлығын визуал қабылдауға тырысады. Оларға 500 беттік кітап оқығаннан гөрі, 30 секундтық видеодан көбірек ақпарат алған пайдалы. Сондықтан адамдар қазір «клиповые мышление» дейді ғой, тез-тез қарағанды жақсы көреді. Визуал болсын, аудио болсын, ол жазуды қою деген сөз емес. Бұйыртса, уақыт келеді, қайтадан жазуға көшеміз. Қазір кей авторлардың бұрынғыдай кітап шығармай, ғаламторда шағын-шағын әңгімелерін жариялауы маған ұнайды.

Бану ӘБДІҒАЛИЕВА,
«Ұлан» газетінің 
жас тілшісі

«Ұлан» газеті

2046 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз