Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 16 Қыркүйек, 2021

Фейкньюс әлде фактчекинг: ақпарат көп - шындық аз

Еуразиялық Медиа Форум аясында талқыланған күрделі мәселенің бірі - әлем бойынша  көз ілеспес жылдамдықпен шығып жатқан ақпараттардың шынайылығы мен жалған ақпараттың көпшілікке әсері болды.

Форумның екінші күнінде "Ақпарат көп - шындық аз" деген атаумен өткен сессиясына Euronews халықаралық сату жөніндегі директоры Кьелл Штейн, ресейлік журналист Ксения Собчак, түрік журналисі Ахмет Йешилтепе, "Информбюро" сайтының бас редакторы Анастасия Новикова, Бірінші арна Еуразияның бас директоры Сергей Киселев және "Блумберг медиа групп" компаниясының аймақтық директоры Тодд Баер қатысты.

 Мазмұны жұтаң болғанына қарамастан, тақырыбы айқалаған  материалдар оқырман мен көрерменнің назарын неліктен тез жаулап алады? Жалған ақпараттың медиа индустрияға әсері қандай? Кәсіби сарапшылар аталған мәселелер төңірегінде ой бөлісіп, пікір алмасты.

"Мұндай ақпарат беделге нұқсан келтіреді. Ол адамның санасында белгілі бір дәрежеде түсінік қалыптастырады. Бұл  сіздің ойыңызды өзгертіп, белгілі бір адамдарға деген көзқарасыңызды қалыптастыра бастайды. Және мұны, өкінішке қарай, өзгерту мүмкін емес,  - деген Ксения Собчак жалған ақпаратты оптимистік тұрғыда қабылдайтынын айтты. -  Неліктен мен жалған жаңалықтарға оптимизммен қараймын? Алғашқы көліктер пайда болған күндерді еске түсірейік. Сол кезде адамдар атпен, арбамен жүрді, көлік келгенде көшелер түсініксіз жағдайға толы болды. Бірақ көліктер көбейген сайын жағдай жақсарды. Мен жалған жаңалықтармен де осылай болады деп үміттенемін. Адамдар шынайы ақпаратты екшей білетін жағдайға жетеді», - деді.

«Маған әлеуметтік желілерде жала жабылған адамдар жиі жүгінеді. Бұрын мен ештеңе жасамауға және үндемеуге кеңес беретін едім, енді мұндай ақыл бермеймін, себебі жағдай өзгерді. Енді бәрін теріске шығару керектігін айтамын және сол әлеуметтік желілердің арқасында бұл ақпаратты көптеген адамдар көреді әрі олардың бірнеше ақпарат көздері болады. Екінші жол - жалған ақпарат таратушыларға жауапкершілікті заңнамалық тұрғыда таңу», - деді Сергей Киселев.

«Егер мен қызықты материалды көрсем, мен оның авторын екі рет тексеремін: ол кім, оның дереккөздері қандай, мен оның әлеуметтік желілерін іздеймін. Мен әріптестермен келісемін, бұл саланы реттеу керек, адамдардың ақпаратқа сенімін арттыру қажет. Балаларға жас кезінен ақиқат ұғымын үйрету үшін біз мектептерде медиа сауаттылықты енгізуіміз керек», - деді Тодд Баер.

Ақпарат ағынының молдығы адамдардың шындық пен жалғанның аражігін ажыратуына кедергі келтіріп отыр. Ол - бүгінгі күннің ақиқаты. Жалған ақпаратты жоққа шығару жолында фактчекингке жүгініп, сарапқа салуға әркімнің өресі жете бермейді. Сондықтан да, БАҚ-тағы журналисттердің осы мәселеде жауапкершілігі арта түседі деді сарапшылар. 

Гауһар Түстікбаева,

"Қазақ газеттері" ЖШС

302 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз